Құжырғали Төлеуішов: Бұл – «Алтын керегелі, айна терезелі» театр

Театр саласында Құжырғали Төлеуішов десе елең етпейтін адам жоқ. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі шетелдік драматургияны қазақ тілінде сөйлеткен, қоғам қайраткері, «Шапағат» медалінің иегері, ұзақ жылдар білікті басшы болған Құжырғали Төлеуішев ағамызбен әңгімелесудің сәті түсті. Театр абызымен болған төрт сағаттық әңгіме маған ерекше әсер қалдырды. Әңгімені балалық шағынан бастап сыр шертіп, өмірдегі әрбір сәттерді әсерлі жеткізді. Мен үн-түнсіз тыңдап отырдым…
Құжырғали Төлеуішов: Бұл – «Алтын керегелі, айна терезелі» театр

Сұхбаттасқан: Самал Әбуов

                          БҚО  Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрының

                                                    актері әрі бас режиссері


Мен Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Сүйіндік ауылында (Сүйіндік  1952 жылы қазақ жері Капустин Яр мен Азғыр полигонына берілгенге дейін  Орда ауданының қарамағында болды) 1947 жылы 4 қаңтарда дүниеге келдім. Адамзат баласына салған сұм соғыс кесапаты тым ауыр болды. Әкем Өтегенов Төлеуіш Нарын құмы, Дүйсе қыстағында өмір бойы колхоздың қойын бағып өткен, мықты молда болды. Анам аты – Қансұлу. Енді ол уақыт Сталиннен қалған, заң қатал, күн көріс тұрмыс тіршілігіміз төрт түлік, егер мал өлсе, колхозға барып хабарлаймыз дереу мал дәрігері келіп, құлағын кесіп, актілеп, көзбе-көз жерге көмдіреді. Бауыздауға мүлде рұқсат жоқ болды. Әлі есімде, Кеңес уақытында өмір сүрген адамдар біледі ғой, адам өмірінен мал қымбат болды. Ыңғыршығы шыққан жалғыз ат, әкем қойды жаяу жүріп бақты. Мал азығы жеткілікті болғанымен, халықтың хал-ахуалы, күнкөрісі өте төмен болды. Көп үйдің дастарханында тіпті жейтін нан да болмай қалды. Малдың азығы құмаршықтан ботқа жасап, жымиықты айранға турап жеді. Мал бағудың да машақаты көп болды. Ол кезде айнала қаптаған ит-құстар қойды торып, араласып, бірге өріп жүреді. Бірде түнде сыртқа жүгіре шығып бара жатыр едім, ұзынынан сұлап жатқан қасқырды көрдім. Ең алғаш көруім, мен селк ете түстім. Кәдімгі Көкшулан. Сөйтсем, түнде қойға шауып, әкем мен ағам шығып соғып алған екен. Табиғаттың ғажабы қыста түлкінің жүні жирен түске айналса, қасқырдың жүні ағарып кетеді екен. Жалпы негізі естеріңде болсын, қазақтар қасқырды «құтырып кетеді» деп атын атамаған. «Ит-құс» немесе «жаман ауыз» деп атаған. Мына Астрахань облысының Енотаевский ауданы деген бар сол жерде әкемнің туған інісі тұрды. Соған әкем марқұм барып, үйге қайтарында ағай маған велосипед беріп жіберіпті, соны әкем көкке көтеріп алып келді, қатты қуанғаным есімде. Сосын овчарка (Төбет) ит беріп жіберіпті, содан кейін қойды қорғап көзіміз ашылды. Нарын құмы Бөкей Ордасының Толыбай-Теректі дейтін жер ғой, есімде қалғаны 1952 жылы әскери-сынақ полигонға байланысты ел ыдырап, үдере көшкенде мен алғаш мектепке бардым. Правда деген колхоз орталығында, дүкен болды қазір ол жерді құм басып қалды. Сол жерде апам екеуміз төрт жылдық мектепте оқыдық. Апам төртінші класс, мен бірінші класта оқыдым, екі класқа бір мұғалім сабақ берді. Парта деген атымен жоқ, ұзын тақтай. Күрделі жөндеуі жоқ шағын мектепте кішкентай балдар оқимыз, пештің отын жаққан кезде қызуына жерлер мен төбелердің жан-жақтан қары ериді. Аяғымызда жөнді аяқкиімде жоқ, сап-салқын еденде аяғымыз асты су шылқып, соған қарамастан оқыдық қой. Қазір балаларыма айтсам сенбейді. Одан Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Үштаған деген жерге көштік. Сол Үштаған ауылында Құрманғазы атындағы сегізжылдық орта мектепті бітіріп, Сүйiндiкке бардым. Нағашы шешем марқұм Зияда деген кісі. Елдің арасында «Қара кемпір» деп аталып кеткен. Өзі еңбекқор, бір сиыры бар соны жетектеп, күнкөріс қамымен қайнап тұрған күннің астында қол орақпен шөп шауып, күнде кешке арқалап келетін. Ол кезде интернат деген болмады, мен сол нағашы шешемнің қолында оқыдым. Мектепте менің әдебиетке деген құштарлығым артты, қолыма қалам алып ой түбінде жатқан сөздерімді ақ парақ бетіне жазып сызуым жоғары сыныптан басталды. Жаңадан келген білікті жас маман Жармағамбетов Қаламғали деген ұстазымыз болды, сол «Жас әдебиетшілер» үйірмесін ашып өлең жазу, қабырға газетіне мақала жазуды үйретіп, әдеби кештер өткізді. Ол кезде алып бара жатқан методика да жоқ, дегенмен солардың айтқаны қонымды болды. Әлі есімде қазақ әдебиеті газетіне қазақтың соңғы он повесіне арналған мақала шықты. Үйірме жетекшісі бізде қалмайық деп, бәріміз жабылып он повесть оқып, талқыладық. Ол мен үшін үлкен сабақ болды. Содан Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сүйіндік орта мектебін бітірдім. Бірін айтып біріне кетіп жатамыз, кейде ойланып қалатын тұстарың болады… Бір күні жақында сыныптас қызымыз хабарласты: «Құжырғали мына жұрт 40 жыл, 50 жыл өтті деп кластастарымен жүздесіп, кездесіп жатыр. Біз қашан жиналамыз?» – деді. Айтуының жөні де бар екен деп, түнде жатып алып есептесем бәрі күні кеше сияқты еді… Екі облыста Атырау мен Оралда отыз бес баладан, бес бала қалыппыз. Қас-қағымда өте шығатын, қайран өмір-ай…

1967 жыл. Әрі қарай жоғары оқу орнына түссем, ұстаз болсам деген арман болды. Енді сол кезде білімге деген ұмтылыс зор еді. Ел арасында «Оралда жақсы білім беретін институт бар» дегенді көп естиміз. Содан бір күні оқуға бару үшін райком комсомолдан мінездеме алу керек, Ганюшкинодан барып оны алдым. Қаншалықты алыс болса да әкем Төлеуіштен рұқсат алып, қалтама азын-аулақ ақша салып, жолға шықтым. Өмірі поездға мініп көрмегем біздің облыспен шекаралас жатқан Астрахань облысы Қарабайлы деген жерден отыруым керек болды. Ыстық кез, Астраханьға тырқылдақ катермен өтіп, вагонға отырып, ауылдың баласының о кезде есі кететіні лимонад, соны ішіп алып қолымдағы ағаш чемоданды бас жағыма қойып жатып алдым. Жолай қаптаған сығандар. Олармен сөйлесуге болмайды, затыңа мұқият бол ұрлап кетеді деген ұғым бар. Урбах станцияна келіп, келесі поездға отырдым. Әлі есімде тіл біліп жарымасамда түс қайта Оралға жетіп сағ: 17.00-де теміржол бекетіне түстім. Сосын енді үйдегілердің айтқаны менің көкейімде. «Айналаңа сұқтана көп қарама! Ауылдан келгеніңді біліп қояды» дегендері бәрі есімде. Мені күтіп алатын бәрібір ешкім де жоқ. Содан вокзалдан шықтым да бір көшемен тікелей басып келемін. Тоқтамастан жүре беріппін, сәлден соң демiмдi басып жәйлап көз қиығыммен қарасам, (бұрынғы Фурманов) қазіргі Құрманғазы көшесі екен. Қазақта «Жүре берсең, көре бересің» демекші, көше де таусылды. Қазір ойласам, мына Некрасовада салық инспекциясының ар жағы УВД-ның қасы екен. Алланың құдіреті көшенің арғы бетінде Жайық бойына жақын бір бала велосипед оңдап жатыр екен, соған қарадым. Ол да маған қарап қалды, менен бұрын келген жүзі таныс ауылдың баласы екен. – Әй, азамат! Қалайсың? – дедiм жымиып. Амандасып, қал-жағдайымызды сұрасып, пәтеріне алып барып, үйдің қожайыны орыс кемпірдің, көпестік сандығы бар екен соның үстіне бүктетіліп жайғастым. Ертеңіне институтқа барып «Қазақ тілі мен әдебиет» бөліміне документ тапсырдым, о кезде орысшаға шорқақпын. Ең жоғарғы конкурс бір орынға он екі бала таластық. Әрбір емтиханнан өткен сайын қуанып, үйге телеграмма салам. Сонда ауылда бір көзі ашық біреуі айтады дейді, почта бөлімшесінің басында жүрген мына бала оқуға түсетін сияқты, әрбір емтихан сайын айқайлап жатыр, – деп (рахаттана күліп). Сөйтіп, А.С. Пушкин атындағы Орал педагогика институтының тарих-филология факультетіне оқуға түсіп кеттім. Әрине, қал-жағдайың дұрыс болса еңсең биік, көңіл күйің көтеріңкі болады ғой. Алғашқы жылы уақытылы тамақтанбау, алаңдатқан қаржылық дағдарыс денсаулыққа да кері әсерін тигізбей қоймады. Сырқаттанып, Соколға әлсін-әлі ауруханаға түстім. Сол кезде не дегенмен әділдік болды, ауруханада жатқан көбі орыстар соларға мән бермей, «Ему надо учиться, молодому лечится» деп студент болғаныма қарамай тегін путевкамен емделуге Қырымға жіберді. Санаторияда жатқаныммен, кітаптан қол үзбеуім керек болды. Сосын кітапханаларын аралай бастадым, Қырымда қазақ кітаптары қайдан жүрсін, ылғи орыс тіліндегі кітаптар. Орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин мен классик А.П. Чеховтан, Л.Н. Толстойдан бастап кітаптың қызығына түсіп кетіп классиктерді түгел оқып шықтым. Тағы бір ұтқаным, орыс тілін жетік меңгеріп алдым. Елге келіп оқуымды жалғастырып, орыстарда мақал бар «Пути Господни неисповедимы» –деген. Адам алда не күтіп тұрғанын білмейді. Төртінші курс оқып жүргенде қызыл бұрышқа барып телевизор қараймыз. Мәскеу, Алматы жергілікті дикторлар көрнекті ақын Жанғали Набиуллиннің қарындасы Сара Набиуллина, ақын, журналист Базарғали Қуатовты көріп жүрміз. Бір күні облыстық телестудия жастарға дикторлыққа конкурс жарияланып, 35-40 студент конкурсқа қатыстық. Бәрінің мақсаты – көгілдір экранға шығу керек, көріну керек жастық қой (күліп). Содан не басыңды ауыртайын, конкурстан ақыры жалғыз мен өттім. Орал облыстық теледидар және радио хабарларын тарату жөніндегі комитеттің төрағасы Наурызғали Сыдықов деген кісі, жұмыс қызу жүруде. Көгілдір экраннан жарқ етіп шықтым, аздап жүз сом жалақы алам. Үлкен көмек болды. Әлі есімде, Орал педагогика институтында кафедра меңгерушісі, проректор, қазақ тілі мен тарих пәні мұғалімі Әбуханов Ғабдірахим деген ағамыз болды. Емтиханда сұрақтарына жауап беріп тұрмын, ағай маған бұрылып «Әй, сен телевизордағыдай саңқылдай алмай тұрсың ғой», – дейді. (күліп жіберді) Менің ұстаздарым ұстаз-ғалым, профессор Қалимолла Мырзағалиев, профессор Мәтжан Тілеужанов, марқұм Сәрсен Ақмурзин, т.б. болды. Бірге оқыған группаластарым Ақ Жайықтың айтыскер ақын қызы, тіл жанашыры Шолпан Қыдырниязова, Мәлік Мәжитов, Тілепов Ермек, т.б. жалпы жиырма бес бала оқыдық. Сөйтіп, еңбек ете жүріп, институт бiтiрдiм.

Күндердің бір күнінде әкең қатты науқастанып жатыр, төсек тартып қалды деген хабар келді. Әрбір ұрпақ өз әке-шешесін қадірлеп-қастерлеу, құрметтей білуге, ерекше ардақтауға міндетті. Бәрін тастап ауылға бардым. Мана «әкем  Төлеуіш мықты молда» деп, сөз басында айттым ғой. Ол кісі мен молдада оқыдым деп бізге үнемі айтатын. Көзінің тірісінде шалдар келіп әкеме айтады дейді: «Ай, Төлеуіш! Сен кетпеші, егер сен кетсең ауылда молда жоқ. Совхоздың  тоқтысындай  сүйреп апарып көміп тастар» деп. (жымия күліп) Жақында кіші інім қайтыс болғанына он жылдық садақа берілді. Сол шаңырақта әкемнің Құран Кәрім кітабы қалып еді. Сол інімнің садақасына барғанда, келінге жәйлап отырып айттым: –  Шырағым, осында әкемнің құран кітабы қалып еді. Соны білімді адамдарға көрсеткім келеді, – деп осында алып келдім. Сосын Нұрланға бергем, ол Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры Жантас Сафуллинге беріпті. Бір қалың кітап, соның ішіне әкем: «1912 жылы Кусалиев Қайреденнен алдым», – деп жазыпты. Кусалиев Қайреден менің әкемнің туған жездесі. Әкемнің қасында болып, Атырау облысының Құрманғазы ауданы, Балқұдық орта мектебінде бір тоқсан мұғалім болып жұмыс жасадым. Бұрын Оралда жүргенде апаң Есенова Қаламқаспен сөзім бар еді. Қаламқаспен Баян Есентаеваның әжесімен тігін ательесінде бірге жұмыс жасап жүрген кезінде, содан таныстық. Ал Баянның анасы Гүлжамал Айдарқызы облыстық теледидар және радио хабарларын тарату жөніндегі комитетте менімен бірге диктор болды. Әкесі Мақсат Зайлағиұлы Мұхитденовпен де таныстым. Содан Оралға келіп, Орал педагогика институтының асханасында той жасап, үйлендік. Ауылдан келген қазақтар Сүндет Сариев, жазушы Мұқадес Есламғалиев бәріміз әуре-сарсаңға түсіп, пәтер жалдап жүрдік. Мұқадес Есламғалиұлының екі дөңгек «телешкесі» бар соны тастамайды. Көшкенде керек болады, үстіне затымды саламын да көше берем, – деп әзілдейтін, сол кезде алып бара жатқан дүние де жоқ көп болса жерге төсеніш қана. Ой, дүние-ай… (ойланып кетті).

Басты мәселе – баспана болды. Бірде 1973 жылы Оралдан самолетпен ұшып Маңғыстауға бардым. Ол кезде билет құны бір рубль тұрады. Барып қонақ үйге  орналасып, жұмыстарымды тиянақтағасын бұрындары біздің ауылда, «Сүйіндік» асылтұқымды қой кеңшарының директоры болған Жәрдем Салихұлы Кейкін деген кісі бар еді. Жұмысын сол жаққа ауыстырыпты деп естігем. Соған сол кезде жастық па, білмейім бардым. Үлкен ғимарат Қазақстан Коммунистік партиясы Маңғышлақ облысы комитеттінің хатшысы Кейкін Салихұлы ағаның кабинетіне кірдім: – Мен осындай кезінде сіздің қарауыңызда жұмыс істеген қойшы Өтегенов Төлеуіштің баласы едім       дедім. Ана кісі: – Білем, – деді сосын менің бетіме тура қарап. – Ия, қандай шаруамен келдіңіз? – деді. Мен тосылмастан баспанадан қиналып жүргенімді, жағдайымды айттым. – Бәрін түсінемін, әкеңді де білем адал еңбек еткен кісі, кел көмектесемін, – деді. Дереу Оралға келіп жұмыстан шығып отбасымды алып, Ақтау қаласына барып жұмысқа орналастым баспанамен қамтамасыз етіліп, Маңғышлақ облыстық телерадио комитетіне диктор әрі редактор  болып орналастым. Бір күні Маңғыстау облыстық атқару комитеті қазақ тілін жетік білетін нұсқаушы іздепті. Себебі екі үш аудан іс қағаздарын қазақша толтырады екен. Оны орыс тілділер оқи алмайды. Алып-ұшып талай мектептерде басшылық жасаған марқұм Жеңіс Уәлиұлы жетіп келді. Шапшаңшыл, асығыс әй-шәйға қарамай, «Сен Қазақ тілінің жетік маманысың, барсайшы» деп, осы мойнымда борыш болмасын марқұм Жәкең қолымнан жетектеп алып барды. Ғұмыр бойы борыштармын сол кісіге. Бірден алды жұмысқа, екі үш айдан кейін үш бөлмелі  үй берді. Жалпы, өмірде талай адамның саған көмегі тиді оның бірін байқарсың, бірін байқамассың. Кейбіреуін, тіпті көрмей де қаласың. Қазір ой жүгіртіп қарап отырсам,  Алла Тағаланың пенделеріне берген сыйы, беріп жатқан барлық жақсылығы молынан. Содан 1976 жылы Маңғыстау облыстық комитетіне үгіт-насихат бөліміне жұмысқа алды. Одан 1984 жылы Маңғыстау облыстық партия комитетінің 1-хатшысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Саламат Мұқашев мені шақырып алып, облыстық комитеттен Маңғыстау мәдениет басқармасына жіберді, ол кезде менен бұрын Догадова деген әйел адам болды. Ол кісі маған мәдениет саласы бойынша біраз міндеттеме жүктеді. Маңғыстау – 362 әулие мекендеген киелі аймақ, ерекше таланттарға бай өлке. Ұлттық-мәдени ұжым құру керек, облыстың мерейі үшін шетелге шығу керек, ұлттық құндылықтарды кең насихаттау керек, т.б. Өкінішке орай, бізде осы жағы ақсап жатыр, – деді. Дереу жұмысқа қызу кірісіп кеттім. Бір байқағаным, облыста кәсіби маман қобызшылар жетпейді екен. Қазақтың көнеден келе жатқан ұлттық аспабының бірі Қобыз. Алматы консерваториясын бітірген бір қобызшы бар ол жоқтың қасы ғой, үлкен партиялық конференцияда 160 адамдық концерт дайындалады. Ауданнан, ауылдан таланттарды жинап солардың күшімен шығады. Олардың келіп кетуі жатын орыны бар дегендей. Ол кезде кәсiби ұжым, филармония деген атымен жоқ. Сосын бірден мәдениет мамандарын дайындауға кірістім. Ол үшін оқу орны керек. Бірінші алдыма қойған мақсатым – музыкалық училище ашу болды. Өте қиын кез жекешелендірудің басталып, балабақшалар жаппай жабылып жатырған уақыт. Бір күні бір комбинаттың бастығы келді, Қытайлармен келісіп отырмын. Маңғыстау қуыршақ театрының ауласынан Қытай асханасын ашқым келеді, соған рұқсат берсеңіз, – деп. Мен айттым: – Маған алдымен музыкалық училище ашуға ғимарат тауып бер, – деп. Ол келісіп, айтқан уәдесiнде тұрып, ғимарат тауып берді. Тез арада Маңғыстау облыстық комитетінен толық ғимаратпен қамтамасыз етілген, училище ашу керек деген қағазды алып Алматыға ұштым. Ол кезде ҚР Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев. Самал есіңде болсын, алда әлі талай бастықтарды көресің, тұрған тұрпатынан, сөйлеген сөзінен, өзінен көп нәрсені айырасың. Еркеғали Рахмадиев – істің адамы, ұлағатты адам. Бірде әріптестік жиналыста Еркеғали ағамыз «Мен бұл жерге ерігіп келгенім жоқ, тілге, мәдениетке пайдам тисін деп келіп отырмын. Бірлесіп жұмыс істей алатындарың ел үшін қызмет жасайық, қолдарыңнан келмейтіндерің кетіңдер», – деп тіке қайырған еді. Азаматтығы өте жоғары адам. Ол кезде тәртіп қатал. Бір ай жүріп бәленбай қағазға қол қойдырып, Еркеғали ағаның арқасында қаулыны алып ебіл-себіл Маңғыстауға ұштым. Келген бойда училищені жабдықтауға кірісіп, өнерде өзіндік орны бар, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерватория бітірген, Маңғыстаудың азаматы Аманбек Махуұлы Сүндетовты алғашқы директоры етіп қойдым. Оның да қызығы бар, алғаш Аманбектен сұраймын «қанша пианино керек?» – деп. «Оқу орнындағы настройка жасауға кабинет сайын 50 бөлмеге, 150 пианино», дейді. Әкімдерге барып ақша сұрап «Культторг» базадан түгел алып бердім. Мен бес алтау жарайтын шығар деп ойлап жүрмін. (жымия күліп) Ол 25 жыл болды әлі сол жерде директор. (жымия күліп) Тағы бір мақсат – барлық өнер ұжымы ұйымшылдығы мен бірлігінің арқасында үлкен белестерден көріну, халықтың көңілінен шығу, сұранысқа ие болу болды. Мақсатқа жету үшін күні түні ұйықтамастан бар күш-жігерімді салдым. Одан филармония құрылды керемет болды. Кез келген концертке дайын тұрған ұжым. Мына әуесқойлармен жұмыс жасау өте қиын. Сосын жүргенің зар қағып. Жалпы өнер адамдары елдің назарында болғасын жауапкершілікті толыққанды сезінуі керек. Маңғыстау туралы бір ауыз айтып кетейін, негізі ұзақ әңгіме… Алғаш барғанда айға түскендей болдым. Себебі береке-байлығымен, шежірелі тарихы мол, бір ғасыр бұрын құлаған жұмбақты тылсым тастар сол жерде жатыр. Жыралар, жарқабақтар. Сонда жұмыс барысында, жолдастық ретінде араласқан жергілікті жігіттерім көп болды. Кез келгені Маңғыстаудың аңыздарын айтқанда айызыңды қандырып, елді сілтідей тындырып майын тамыза түсіндіреді енді есің кетеді. Кемеңгер тұлға Әбіш Кекілбаевтың өзі кез келген жақпар тастың түбіне тұра қалып тарихын әңгімелегенде жер жебіріне жетіп түсіндіреді. Халқының рухы мықты. Концерттер тыныш өтпейді, өнер десе ішкен асын жерге қойып спорттық жарыстағыдай айқайлап-айқайлап, аяқтарымен жер тепкілеп отырып қарайды. Исатаев Сағын деген жан досым бар, жергілікті нағыз Адай. Естеріңде болса, сол азамат сіздерді Маңғыстауға алып барғанымда қолда бар көмегін аямады. Тіпті ол кез келген жерде пайда бар ма, жоқ па онымен шаруасы жоқ. Көмек сұраған жанға барын аямайды, түсіп кетеді. Сосын Маңғыстау халқының мінезіндегі ең жақсы қасиеттерінің бірі, өздері көмектескісі келіп, қол ұшын беруге құлшынып тұрады, ал енді бірдеңе сұрасаң лақтырып тастайды. Ай, берсең берерсің, бермесең садақа дейді. Жақсыға жанасқыш, бір сөзбен айтқанда ірі турайтын мәрт азаматтар. Өздерің білетін сол жердегі мәдениеттің ақсақалы Нұрнияз Мұxанов деген досым бар, айта берсем көп онда достарым. Облыс 1988 жылы таратылып 1990 жылы «Маңғыстау» деген атпен қайта облыс болып құрылды. Мені сол таратылған кезде Атырау облысының мәдениет басқармасына басшылыққа шақырды. Мен әрине, қуана келістім. Біраз жыл төрт министр, бес облыстық комитет председателімен жұмыс жасаған екем үкіметке адал қызмет жасадым, бірақ Оралға қарай келгім келді де тұрды. Бұрыннан осы жақтағы жігіттермен хабарласып жүргем. Бір күні осы Оралдағы облыстық мәдениет басқармасының бастығы марқұм Мақсот Омарғалиев хабарласты. Телефоннан «Құжеке! Оралға келгіңіз келіп жүргенін естіп жатырмыз, біздің қазақ театрына басшылық жасауаға қалай қарайсыз?» – деді. Кішкене ойландым да, ай барсам, барайын деп көз жұмып келдім. Қазірде театрға келгеніме еш өкінбеймін.                                                                                                                       

Театр – менің өмірімдегі ең баға жетпес кезең. Театр – бұл бар шығармашылық мүмкіндігіңді көрсететін киелі өнер ордасы. Алғаш келгенде театр «Ремзавод» мәдениет сарайында болды жылу жоқ, біраз күрделі мәселелер жинақталып қалған. Театр директорының міндеті – қаржылық және материалдық жабдықтау, шаруашылық қызметіне басшылық ету. Шынына келгенде, шығармашылық топты режиссерлар басқару керек. Сосын бұрынғы тәжірибем бойынша алдыма мақсат қойдым. Ол жылумен қамтамасыз ету, адамдарға материалдық жағдай жасау, жалақысын уақытылы беру, мерекелерде сыйақы беру, режиссердің жұмысына кәсіби мүмкіндік туғызып, фестивальдерге қатысуға мұрындық болу және осы театрды академиялық театр қатарына кіргізу арманым болды. Өйткені театр актерларының айлықтары өте төмен. Тарихта 1998 жылы театр ұжымы алғаш рет республикалық театрлар фестиваліне С. Асылбековтің «Бір түнгі оқиға» (реж. М. Ахманов) драмасымен қатыстық. Мен бір жағында жарық беріп отырмын, екінші жағында режиссер Мұрат жарықта отыр…  Толқу, қобалжу бәрі де болды. Сөйтіп, VІ республикалық театрлар фестивалінде алғаш рет Гран-при жүлдесін жеңіп алып айды аспанға шығардық. Театр үшін маңызды оқиға жаңа ғимаратқа ие болу сол кезде Батыс Қазақстан облысының әкімі Хабиболла Жақыповтың кезінде қолға алып, алғаш іргестасын қалады. Енді қаланың қақ ортасына әсем ғимарат салуға «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» б.в. компаниясының қаржысымен, ұлттық намысы бар «Жайықсельстрой» ЖШС Алдияр Рахметов басқарған құрылысшылар қырық градус аязға қарамастан құлшына кірісті. 2000 жылы Батыс Қазақстан облысына әкімі болып Қырымбек Көшербаев келді. Білікті де білгір басшы Қырымбек Елеуұлы кете кеткенше менің атымды атамай, сыйластықпен «Құжеке» дейтін. Тағы бір қасиеті театрға үнемі келуі өз алдына, телефон арқылы хабарласып «Кіші қызметкер» демейді, барлық саланың жұмыс барысын біліп отырушы еді. 2002 жылы заманауи ғимаратта дайын болды, алдын ала интеллигенция өкілдері бас қосып, қонақтарды күтіп алуға да кірісіп кеттік. Қызу дайындықта комендант Мәстура Набиеваның театрға сіңірген еңбегі зор. Қызыл кілемді Мәскеуден «Кремлевская ковровая дорожка» фабрикасынан алдырып төседік. Сол кезде оның алдында қаржылай көмектесіп, арасында басқа да көмегімді беріп КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Хадиша Бөкеевамен телефон арқылы хабарласып отырғам. Сол күні таңертең осыншама барып қатысқым келіп еді, дәрігерлер рұқсат бермей тұр деп келе алмай қалды. Сосын БҚО әкімінің орынбасары Табылғали Сапаров, БҚО Ақжайық ауданының әкімі Шафхат Өтемісов бәріміз аэропортқа барып, самолет Як-40-тан Қазақстанның Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовты қарсылап алдық. Әлі есімде 2002 жылы 11 қыркүйекте көпшілік жиналған халық, театрдың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев келді. Жұртшылықпен жылы амандасқан Президент қызыл кілеммен трибунаға келе жатып, бір сәт тұрып қалды. Сол кезде Елбасы: – Кімнің атын берейін деп жатырсыздар? Әзеке бұл театрға сіздің атыңызды берсек қалай болады екен, – деп сұрапты. Ол кезде көзі тірі Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтың ұлылығы, Қырымбек Елеуұлына бір қарап «Менен гөрі КСРО Халық артисі Хадиша Бөкееваның еңбегі орасан, сол кісінің атын беру керек», – деген екен. Сөйтіп, Елбасымыздың қатысуымен су жаңа театр ғимаратының лентасы қиылды. Театрдың ішін сценарии бойынша өзім аралатқанымды мақтанышпен айта аламын. Кейін Қырымбек Елеуұлы театрға Хадиша Бөкеева атын беруді аманаттап бізге тапсырып кеткен. Өткенде Қуанышқа айтқам, телеграмма сал, аманатыңыз орындалды деп. Самал есіңде болсын. Есте ұстайтын нәрсе, Ресей театрларымен жақсы қарым-қатынас, байланыста болу керек. Жақсы дамыған, біздің олардан үйренетін нәрсеміз көп. Сол ойымда болып жақын жер Орынборға барып М. Горький атындағы орыс драма театры директоры Церемпилов Павел Леонидовичпен танысып екі жақты шығармашылық байланыста болуға, «Гостиный двор» Халықаралық театр фестиваліне ұжыммен барып көруге, тәжірибе алуға келісімге отырдым. Бардық, көрдік. Қаншама сабақ алдық. Ұжым әрдайым өнерлі жастармен де толықтырылып отыру керек. Өйтпесе болмайды. 2002 жылы жаңа құраммен толықтырдық Алматыдан Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері А. Дайрабаева, Д. Базарқұлов, А. Шоман, Н. Сейітмаханбетов, С. Мұратбекова, А. Жансеріков, Ж. Мамедова секілді кәсіби мамандармен толықты. Жастар деген енді жанып тұр. Содан екінші рет  2003 жылы ЮНЕСКО шеңберінде Махамбеттің 200 жылдық мерейтойына арналған ХІ республикалық театрлар фестивалінде И. Ғайып «Махамбет» (реж. М. Ахманов) трагедиясымен қатысып, бірінші жүлдені жеңіп алдық, басты рольді актер Темірболат Есенғалиев сомдады, ішінде өзің де барсың. Репертуардағы жүріп жатқан спектакль өз алдына, ауыл-аймаққа гастрольге шығу, фестивальдерге қатысу  назардан тыс қалмауға тиіс. Одан алғаш 2005 жылы Каир қаласындағы эксперименталдық театрларының XVII халықаралық фестиваліне И. Ғайыптың «Қорқыттың көрі» (реж. Қ. Қасымов) қойылымымен  қатыстық. Мына «Aqjaiyq» телеарнасының директоры Асланбек Ғұбашев әдебиетті үзбей оқитын, білгір азамат. Жұмыс кабинетімде отырғам, А. Камю «Калигула» бүгінгі күннің драмасы деп кітабын әкеліп берді. Қазақ тіліне аударып қойсаңдар ұтылмайсыңдар деді. Кітап өте қызық екен, маған ұнады. Мына Эльмира (Э. Мақашева) біледі ғой, аударма жұмысы өте қиын, жауапты қызмет. Уақыт пен шыдамдылықты  қажет етеді. Соған қарамастан, күні-түні отырып қазақ тіліне аударып шықтым. Театрымыздың режиссері Мұқан Томанов сахналап, 2008 жылы Ақтау қаласында өткен ХVІ Республикалық Қазақстан театрлары фестивалінде «Ең үздік дебют» (М. Томанов) және «Ең үздік ер адам бейнесі» (Қ. Амандықов) үшін берілген жүлдені жеңіп алдық. Одан бір күні Асхат аударуға Э. Олби «Зоопарктегі оқиға» (реж. А. Маемиров) психологиялық шығармасын алып келді. Шыны керек, басында түк түсінбедім. Мұнымен не айтқысы келіп тұр? – деп қайта оқыдым. Автордың астыртын ойы күшті екен. Сол 2009 жылы АҚШ-тың Конектекут штатының Ричвельд қаласында өткен М. Чехов атындағы байқауға барып Э. Уолбидің «Зоопарктегі оқиға» (реж. А. Маемиров) қойылымы аталмыш байқаудан «Ең үздік қойылым», «Ең үздік әртіс» номинацияларын жеңіп алды. Айтары көп, астарлы ойы бар Г. Хугаевтың өзімен хабарласып отырып «Қара шекпен» пьесасы аудардым. Сахналаған өзіміздің Асхат Маемиров. Ол бірнеше театрда сахналанды, бірнеше  фестивальдерге қатысты. Тіпті Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс – бір дауыс» атты түркітілдес театрлардың 9-шы халықаралық фестиваліне қатысып, «Ең үздік спектакль» жүлдесін де жеңіп алды. Жалпы қай аудармамда, жүлдесіз қалған кезі жоқ. Бұл  Х. Бөкеева театры  әлі талай белестерді бағындыратыны сөзсіз. Театр – ұжымдық өнер, актерлер, режиссер, суретші, т.б. бәрі бір-бірмен байланыста болу керек. Мына «Ерді намыс өлтіреді, Қоянды қамыс өлтіреді» деген мені театрдың 20 жылдығын тойлауға үгіттеген Мұсағали Бектенов. Жылдың басынан бастап қақсады, содан тойладық. Ақтөбеге гастрольге баруға Бибігүл Исалиева себепкер болды. Солардан ұтылғаным жоқ. Мұны айтып отырғаным  қай қай театр болмасын ұжым болып ақылдасып, ынтымақ бірлікте болу керек әрдайым. Ынтымақ бар жерде ырыс бар. Бұрыннан  естуші ем, сахна – киелі, қасиетті деп. Қазір ойласам расында да солай екен… Егерде сен сахнаны сыйламасаң, сахна сені де сыйламайды.Театрға атүсті қарамау керек, еңбек жасап жатқан, қай-қайсы болмасын театрға неғұрлым жеңіл, жүрдім-бардым қараса, соғұрлым сахнаның қадірі де, қасиеті де күннен күнге кете береді… Өте жауаптылықпен қарау керек. Өйткені, бұрыннан айтып жүргенімдей, бұл – «Алтын керегелі, айна терезелі» қасиеттті театр.

Тағдырынан сыр шертіп, тағылымды ой айтқан, танымымен бөліскен Құжырғали ағамыздың өмір жолы, өнегелі ісі бүгінгі жастарға үлгі.