Ел қадірін ер білер,
Зер қадірін зергер білер.
Зергерлік өнер қазақтың басқа қолданбалы өнерлеріне қарағанда ерекшелігіне байланысты кәсібилендірілген болатын. Бүгінгі күнде де зергерлік – күрделі өнерлердің бірі болып саналады. Ал сол өнерге жас маман, халықаралық сапа белгісінің иегері, зергер Ардақ Абишев қалай келгенін өзінен сұрап көрген едік.
Ардақ, зергерлік өнермен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды?
2013 жылдан бастап осы күнге дейін, жалпы жеті жыл.
Осы өнерге қалай келдіңіз?
Жұмыс керек болды, нағашым сол уақытта зергерлікпен айналысып жүр екен, ол кісі өзіне жақын тартып, белгілі зергер Серікқали Көкеновтың шеберханасына ертіп келді. Шақырған кезде зергерлік жұмыс туралы қысқаша айтып кеткен болатын, оның арасында дәнекерлеу тәсілі жайлы әңгіме болды, негізгі мамандығым программист болғандықтан, микросхемаларды дәнекерлейтін құралмен жұмыс істейтін шығармыз деп ойладым (күледі). Сөздің қысқасы барлығын нөлден бастадым, үш күннен кейін ұстаз сақина жасатты, он күн ішінде сырға жасауды үйрендім. Ары қарай үш айдан кейін өңіржиек, алқа, бойтұмар, білезік сынды күрделі бұйымдар жасауды меңгердім. Басқа шеберханалардың үйрету барасында қандай тәсілдерді қолданатынын білмеймін, ал Серіққали ағайда ең бірінші жасататын бұйымы – шынжыр (цепочка), шынжыр жасау көп еңбекті талап ететін жұмыс, осы жерде оқушының дарындылығы мен зергерлікке икемділігі білінеді.
Қандай металлдарды пайдаланасыз?
Мен оқыған шеберханада тек қазақи, ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар жасалатын, сондықтан негізгі материал – күміс. Күміс қазақтарда кеңінен тараған. Дегенмен, алтынмен, мыспен, мүйізбен және басқа да материалдармен жұмыс істеп көрдік.
Күмістің басқа металлдардан қандай айырмашылығы бар?
Күміс жұмсақ, не жасасаң да жеңіл жасалады, тез көнеді. Нақты медициналық кітаптардан өзім көрмесем де, халық арасында күмісті антибактериал металл деп санайды, медициналық жағынан дәлелденген деп те айтып жатады. Таза металл, оны қазақтар бұрыннан сезген. Мысалы, қолында күміс жүзігі жоқ келіншекті қазан басына жолатпаған дейді. Сонымен қатар, адамның бойында ыстық бар болса, таққан күмісі сол ыстықты тартып алады. Күміс қарайса – адам денесіндегі өзгерістердің белгісі.
Сонда күмістің қарайғаны денсаулықта пайда болған ақаулардың белгісі ме?
Күмістің қараюы тек оған ғана байланысты емес. Металл болғандықтан, қоршаған орта, сақтау орны мен әшекей иесінің күтіп ұстауы да өте маңызды.
Жастыққа қарамай көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың қатысушысы және жеңімпазы атандыңыз. Бұл деректер сіздің осы өнерге байыппен қарайтындығыңыздың белгісі. Қазір де ұстазыңыздың қол астында жұмыс істейсіз бе?
Жоқ, ұстазымның қол астында үш жыл жүрдім, ал зергерлікпен жеке айналысып жатқаныма төрт жылдан асты, яғни 2016-дан бастап жеке жұмыс істеймін.
Ал шығармашылық жеңістер ұстазыңыздың қол астында жұмыс істеп жүргенде басталды ма, әлде кейін жеке шыққаннан бері ме?
Бірінші жеңістерім ұстазымның қол астында басталды, ол кісі шығырмашылыққа түрткі берді, байқауларға итермеледі. Бірінші рет қатысқанымда, «Шебер» атты республикалық байқаудың финалисті болдым, сол кезде жұмысты жасау барысында ұстазым идея жағынан көптеген кеңестер берді. Аталған байқауға екінші рет қатысып, жеңімпаз болған уақытта да ұстазымның қолында жүрдім. Ал халықаралық сапа белгісін жеке шыққанан кейін алдым.
Жалпы жұмыстарыңыз қазақи тақырыпта орындалған, ал абстракциялық және замануи бағыттағы шығармашылық жұмыстарға қалай қарайсыз?
Қазір көбінесе ұлттық нақыштағы бұйымдар жасаудамын, бірақ жақын болашақта шығармашылық жұмыстарға көңіл бөлуге тырысамын, өзімді сол салада көремін. Сондықтан, қазір бұл туралы ойланып жүрмін, эскиздер сызып, ізденіс үстіндемін. Қанша дегенмен, ұлттық зергерлік – біздің нанымыздың көзі, сондықтан бас салып шығармашылық өнерге кетіп қалу қиындау.
Қаржы жайлы айтып кеттіңіз, Қазақстанда қолдан шыққан заттарға тұтынушылардың көзқарасы, сатып алу қабілеттері қандай?
Зергерлік бұйымдар жасап-ақ күн көруге болады. Бүгінгі таңда халықтың ұлттық бұйымдарға көзі ашылып келе жатыр, көп нарсеге мән береді: сапасына, ою-өрнегіне. Сұраныс артып келеді, менің негізгі бағытым – Маңғыстау облысы.
Ұлттық нақыштағы жұмыстар демекші, сонда байқауларға қатыстырған жұмыстарыңыз ұлттық, тарихи заттарға реплика болғаны ма, әлде өзгеше ой салып жасадыңыз ба?
Менің жұмыстарым қазақи бағытымен өз ойларымның симбиозы деп айтсам болады, қанша дегенімен де, жұмыстарыма ерекшелік беріп, техникалық жағынан күрделі заттар жасауға тырысамын.
Ал, Батыс Қазақстаннан басқа өңірлер ше, зергерлік жұмыстарды қалай қабылдайды?
Менің тапсырыс берушілерімнің шамамен 80 пайызы еліміздің батыс өңірлерінің тұрғындары, ал 20 пайызы басқа облыстар десем болады. Қытайға да жіберілген тапсырыстар болды, жалпы барлық жерде қызығады.
Сіздің жұмыстарыңыздың баға сегменті қандай?
15 мың тенгеден 500-600 мыңға дейін барады. Көлеміне, күрделілігіне қарай бағасы да көтеріледі. Ұлттық нақыштағы бұйымдарды ел арасында көбінесе жағдайы бар және өнерге жақын адамдар ғана алады деген стериотип бар. Алайда, тапсырыс беретін клиенттерімнің табысы орташа азаматтар десем болады.
Батыс шетелдіктер біздің ұлттық зергерлікке қалай қарайды? Жалпы, қызығушылық таныта ма?
Ондай сатып алушылар менде әлі болған емес, көрмелерде қызығушылық білдірсе де, олардың талғамы басқа. Шетелдіктер көлемі кішірек, жеңілірек бұйымдарды іздейді.
Ал, шығармалышыққа оралатын болсақ, қандай бұйым жасауды армандайсыз?
Мен басқаша жауап берейін, көбінесе өзімнің шығармашылық жұмыстарым арқылы экология тақырыбына көңіл бөлгім келеді, сондай мағынада болса екен деп ойлаймын. Шикізатты табиғаттан алатын болғандықтан, қоршаған орта мәселелерін жұмыстарым арқылы көтермек ниетім бар. Табиғат-анаға деген ілтипатымды осылай білдіргім келеді.
Зергерлік бұйымдар ішінде хас шеберліктің биігі деп нені санайсыз?
Оқып жүрген кезде де күрделі бұйымдар жасадық, оның ішінде белдік те, қылыш та болды. Бірақ өз басым тұрмысқа шығатын қыздың сәукелесінен бастап, аяқ киіміне дейін толықтай жиынтық қылып жасап шығарсам – мен үшін шеберлік шыңы сол.
Бала кезден өнерге жақын болмасаңыз да балалық шақта икемділік болған шығар?
Қызық сұрақ. Болды. Өнермен айналыспасам да, кей кезде қолмен істелген жұмыстар арқылы өзімді ерекше сезінетінмін. Мысалы, сызу сабағынан тәлім берген ұстазымыз – Мұқаш ағайымыз шеңберді тепе-тең бөлу бойынша кішігірім көрме ұйымдастырды, сол көрмеге менің сызған бірнеше жұмыстарым таңдап алынған болатын. Кейін қағаздан мешіт макетін жасадым, сол уақыттарда жайлылық сезімде болғанмын. Сол сезімдер зергерлікті бастаған кезде қайта оралды.
Осы жылы пандемияның сатылымға әсері сезіліп жатыр ма?
Алғашқы екі ай бойы ешқандай сатылым болмады, қазір ақырындап халықтың қызығушылығы қайта артып жатыр, апаларымыз аман болсын, сол кісілер көп алады. Балаларына, немерелеріне сыйлық ретінде зергерлік бұйымдар сыйлағанды жақсы көреді. Өздеріне де әшекейлерді күнделікті таққанға сатып алады. Әсіресе, Батыс Қазақстан, Маңғыстаудағы сатып алушыларыма ерекше қараймын. Олар қолдан жасалған бұйымдарды қатты бағалайды.
Керемет, Ардақ, осындай ашық сұхбатыңызға рақмет, Сізге денсаулық және шығармашылық табыс тілеймін.