Сәлеметсіз бе, Тілек мырза! Бастамас бұрын, бұл сұхбаттың мақсаты сіздің шығармашылығыңыз бен Қазақ анимациясына деген көзқарасыңызды тереңірек түсіну екенін түсіндіргім келеді. Біз сіздің «Мұзбалақ» және «Алтын адам» атты соңғы жұмыстарыңыз туралы талқылап, түсірілім процесінің кейбір маңызды аспектілері мен шабыт көздері туралы пікіріңізді білгіміз келеді. Фильмнің премьерасынан кейінгі күндеріңіз қалай өтті? Сіз есте сақтаған ерекше реакциялар немесе көрермендердің пікірлері болды ма?
- Фильм Қазақстанның сегіз қаласындағы кинотеатрларда прокатқа шықты. Астана және Алматы қалаларында премьерасы болды. Тек жиырма шақты күндей ғана жүрді. Көптеген адамдар іздеп барып көріп жатты, бірақ басым көпшілігі орыс тілін таңдаған болатын. Кейбір адамдар айтып қазақша нұсқасын қостырып жатты. Қазірде ютубтан қарасаңыздар пікірлер көп, қазір 7 миллион 400 мыңдай қаралым болды.
Сіздің «Мұзбалақ» атты туындыңыз сыншылар мен жанкүйерлердің үлкен қызығушылығын тудырды, мен сізге шығармашылық үдерісіңіз және түсірілім кезінде қабылданған шешімдер туралы бірнеше сұрақтар қойғым келеді.
Сіз анимациядағы мансабыңызды қалай бастадыңыз? Бұл салада сізді не қызықтырды? Сізге және сіздің шығармашылығыңызға қандай анимациялық фильмдер немесе сериалдар әсер етті?
- Өзім мектеп кезінен суреттер саламын, суретке қызығатынмын, шетелдің, көбіне Жапонияның сериалдарын, мультфильмдерін көріп өстім. Достарыммен мультфильмді қалай жасайды, неге қазақ тілінде жасамайды деп армандайтынбыз. Кейін Алматыға оқуға келдім. Алғашында суретке тапсырайын дегенмін, анимацияның дамып келе жатқанын көріп, тапсырдым. Негізінен осы салаға келуіме әсер еткен Жапонияның сериалдары. Әйгілі адамдар туралы түсірген сериалдар бар: әйгілі адамдар қалай жаңалық ашты, солардың өмірбаяны балалық шағын көрсететін сериалдар. Ишу дейтін балаларға арналған сериал, кейін Диснейдің толықметражды фильмдері әсер етті.
Егер сіз кез-келген танымал аниматормен серіктес бола алсаңыз, ол кім болар еді және неге?
- Қазіргі таңда Тұрлыбек Майданмен бірге туындыларды жасап келеміз. Академияны 2011-де бітіріп, содан бері Тұрлыбек Майданмен қысқаметрлі, толықметрлі үлкен туындыларды жасап, сол кісімен бірге шығармашылық байланыстамыз. Ал шетелден болса Хаяо Миядзакимен жұмыс жасағым келеді. Оның жасаған туындыларының өзіне тән ұлттық сарын бар, фантазия бар. Осы салада өзін көрсеткен, еңбекқор аниматор, сол кісімен жұмыс жасағым келеді.
Анимациялық фильм түсіру барысында режиссердің рөлі қандай? Сіздің жоба барысындағы негізгі міндетіңіз?
- Мен академияда Тамара Мұқанованың шеберханасында оқыдым, сол кісі бізге "Режиссер деген ол дирижер, барлығын жүйеге түсіріп тұратын адам" деп үнемі айтатын. Шыныменде, режиссер фильмнің басынан аяғына дейін назар аударып отыратын, әр бір детальға, кадр, музыка, анимацияға назар аударып отыратын адам. Жоба барысында сол жобаның жақсы шығуына жетекшіілік ету, бүкіл процесті басынан аяғына дейін қадағалап қарау. Раскадровка салу, сценариді құрастыру, анимацияны тапсырмаға беріп, оларды тексеріп алу, сосын монтажға қарау, монтажды реттеу, компазитормен, режиссермен сөйлесу, эпизотқа сай етіп музыкаларды алып шығу.
Кемеінде бір толықметрлі анимациялық фильм шығару үшін қанша сурет салынуы қажет? Және бір фильм қанша жылда дайын болып, экранға ұсынылады?
- Бір толықметрлі мультфильмге аз дегенде 2-3 жыл берілуі қажет. Бізде «Мұзбалақты» жасауға екі жарым жыл уақыт кетті. Әдетте 1 минуттық фильмге 1440 сурет салынады, 1 сағаттық мульфильмге 86400 сурет салынады. Ол суреттер үш қайтара салынып шығады: бірінші шимай анимация болады, екінші тазалау, үшінші детальдап бояу.
Анимациялық фильм түсіруде аниматорлар тобымен және басқа мамандармен жұмыс істеу әдістемесі қандай? Аниматорлар, суретшілер және дыбыс инженерлері тобымен қалай жұмыс істейсіз?
- Бір жобаны бастау үшін сценарий дайын болуы керек қой. Сценарий дайын болған соң суретшілермен сөйлесіп, сюжетке байланысты кейіпкерлерді талқылаймыз. Оның сызықтары, әр детальдары сюжетке сай болатындай жасаймыз. Сосын кейіпкер дайын болған соң аниматорлармен жұмыс жасаймыз. Аниматорлар бүкіл фильмді сезініп, көріп шығуы тиіс, әр кейіпкердің мінезіне, сол кейіпкерді мақсатына сай етіп қимылдатып шығуы керек. Актерлік шеберлігін жеткізу керек, артық кеткен жерлерін түзетіп, айтып отырамыз. Екі кезең болады, біріншісі шимай (черновой) - оған шумдарды жинап жазып алынады. Кейін таза шу (чистовой шум) жазылады. Осылайша дыбыс режиссерімен бірге отырып, фильмнің шуларын дайындап шығамыз.
Анимациялық фильм түсіру процесі туралы айта кетсеңіз. Сіз идеяны қалай дамытасыз, сценарий құрастырасыз және кейіпкерлер жасайсыз?
- Әр адамда идея әртүрлі туындайды. Біздің түсіріп жүрген мультфильмдердің идеясын қазақтың ертегі аңыздарынан, салт-дәстүрінен, мифтерінен аламыз. Осы арқылы біз өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды көрсетіп, соны жоғалтпау үшін, көбіне соған жұмыс жасап жүрміз.
Сіздің жұмысыңызда анимацияның қандай техникалық аспектілері ерекше назар аударуды қажет етеді? Анимациялық эффектілермен немесе визуалды бөлшектермен байланысты қиындықтарды қалай шешесіз? Сіз өзіңіздің шығармашылығыңызды қалай ынталандырасыз және жаңа шешімдер табасыз?
- Негізі, анимацияның жасалу жолдары бірнешеге бөлінеді. Мысалы, классикалық, 3D, перекладка, қуыршақ анимациясы. Жасалу жолдары әртүрлі бағдарламалармен жасалады. Классикалық анимация жасаған кезде назар аударатынымыз камераның қозғалысы, кадрдың сұлулығы, көркемдік жағына назар аударып, шығаруға тырысамыз. Сол жерде жарық, көлеңке, оттар, толқындар деген сияқты заттар қойылады.
Анимациялық кейіпкерлермен жұмыс істеу кезінде қандай маңызды аспектілерді ескеру қажет? Әр кейіпкердің бірегейлігі мен ерекшелігін қалай жасайсыз?
- Сценарийге байланысты кейіпкердің маңыздылығына қарай оның образын жасаймыз. Жасалу жолының өзіндік заңдылықтары бар. Мысалы жағымсыз кейіпкерді барынша қырлы, үшкір бұрыштармен, ұсқынсыз етіп, адамға беретін әсеріне байланысты саламыз. Ал басты кейіпкерді барынша тартымды, домалақ бұрыштар арқылы саламыз. Түстік ерекшеліктеріменде бір-бірінен ажыратып көрсетеміз. Кейіпкерді аша түсу үшін детальдарына және қозғалысына назар аударамыз.
Анимациялық фильмнің сапасын анықтауда қандай факторларды маңызды деп санайсыз және анимация индустриясына кіргісі келетін жас режиссерлерге қандай кеңестер бере аласыз?
- Осы саланың маманы ретінде, ең алдымен режиссурасы, көркемдік шешімі, анимациясы, әр кадрдағы композициясы, шум, композиторлық шешімдеріне назар аударып қарау қажет. Біздің ұстазымыз айтатын, бір мультфильмді бір рет қана көріп қоймай, оны бірнеше рет көру қажет деп. Бірінші режиссурасына, екінші анимациясына, көркемдік шешіміне, композициясына бәріне қарау керек, сол кезде ғана түсініп зерттейсің. Кадр, монтаж, ритмі бәрі маңызды орында. Осы салаға келетін режиссерларға айтарым, көп ізденіп, көп кітап оқып, жан-жақты өзіміздің ұлттық құндылықтарды зерттеу керек. Біздің анимация саласы табандылықты қажет ететін мамандық. Сондықтан өзі таңдаған ісіне беріліп сүйіп істеген кезде жақсы режиссер шығады.
«Мұзбалақ» анимациялық фильмінде қолданған ең ерекше немесе эксперименттік анимация техникасы туралы айтып берсеніз.
- Мұзбалақта эксперименттік анимация деген негізі жоқ. Бұл жерде классикалық анимация болады, арасында 30% 3D-мен жасаған жерлеріміз бар. Қазақ анимациясы үшін 3D мен 2D-ны қосып екі түрлі техниканы байланыстырып көрдік. Мысалға, құстың ұшқан жерлерін 3D мен жасадық.
Бірегей ету үшін «Алтын адам» мультфильміне қандай жаңа идеялар немесе тұжырымдамалар енгізесіз?
- «Алтын адам» жобасындағы ең маңызды нәрсе осы идеясы деп айтуға болатын шығар. «Алтын адам» дегенде бізге көбінесе сауыт еске түседі. Адамның сыртқы келбетінің сұлулығы емес, ол адамның ішкі жан дүниесінің көркемдігі, жан дүниесінің алтын екендігін, басты кейіпкердің нағыз адамдық қасиеті бар екенін көрсету негізгі мақсатымыз болды. «Алтын адам» дегенде тек сауыт қана еске түспей оның ішіндегі адамның қазіргі әлемге керек адами қасиеттерге бай екендігін көрсету.
Жаңа «Алтын адам» жобаңызда жасауға тырысатын көрнекі атмосфера стилі туралы айтып берсеңіз. Белгілі бір көңіл-күйді жеткізу үшін қандай дизайн элементтері мен түстерді, техникалық инновацияларды немесе заманауи құралдарды қолданасыз?
- «Алтын адам» фильмінде Тайған деген антагонист кейіпкер бар. Тайған Сақ даласына шабуыл жасап, сол жерде Алтын патшалықты басып алады. Сол шабуыл жасағаннан бастап біз фильмге жасыл түсті енгіздік: жасыл түсті тұмандар болады, басында сұрланып барып одан кейін жасыл түске өзгереді. Міне осы арқылы біз антагонист кейіпкердің атмосферасын, оның түсін жасыл қылып алдық. Оның тұратын жерін үстемдік күштің бейнесі ретінде қара жасылмен көрсетпекпіз.
Ал басты кейіпкер Аңқылдың түстерін сол Сақ дәуірінде қолданған «қызыл», «сары» , алтын іспетті ашық түстермен көрсетуге тырыстық, үйіткені сол Аңқылдаған мінезі бар ашық жарқын өзінің бойындағы жақсылығымен көрінуі үшін, сол кейіпкерді алып шығу үшін сондай таза ашық түстерді қолдандық.
Жаңа жобаңызда дыбыстық дизайнның рөлі қандай? Атмосфераны ерекшелеу және жобаның эмоционалды күшін арттыру үшін дыбыстық эффектілер мен музыканы қалай таңдайсыз? Жалпы сіздің анимацияңызда музыка қандай рөл атқарады?
- Жалпы бір мульфильмде музыка елу пайыз маңызды рөл атқарады. Сондықтан, осы фильмде қазақи аспаптармен заманауи стильдегі музыкаларды қолданып жатырмыз. Сонымен қатар біздегі маңызды үш-төрт жерде саундтрек бар. Сол саундтректе кейіпкердің мінезін ашуға, дамып жатқан оқиғаны ашуға барынша сол әуенмен әрлеуге тырыстық.
Сұхбатыңызға рахмет, Тілек мырза!