Шарипа Оразбаева – кино әлемінде есімі белгілі тұлғалардың бірі. Шығармашылығы әйел адамдардың сұрапыл тағдырын баяндаумен ерекшеленеді. Атап өтсек, бұл тақырыптық аумақ бойынша осы уақытқа дейін үш толықметражды фильмдері жарық көрген: «Мәриям», «Қызыл анар» және «Тұл». Аталмыш еңбектері үшін Шарипа Оразбаева 22-ші Rainbow Film Festival атты халықаралық кинофестивалінде «ең үздік режиссер» және 16-шы Евразия кинофестивалінде «ең үздік фильм» номинациялары бойынша жеңіске жеткен.
Біздің қозғайтын тақырыбымыз «Ұят және мен» деректі фильмімен байланысты. Бұл – жылдар бойы тасада қалған Бибігүл Оспанованың басына түскен жан түршігерлік оқиғасы арқылы қоғамдағы «ұят» түсінігіне қарсы тұратын фильм. Негізгі тақырып ретінде қорлық көрген адамымен 12 жыл бойы шаңырақ бөлісуге мәжбүр болған жанның өзі үшін, қызы үшін күресе білгені алынған.
«Ұят және мен» деректі фильмін түсіруге сізді не итермеледі? Негізгі мақсатыңыз қандай болды? Сол мақсатыңызға жете алдыңыз ба?
-Негізі осы «Ұят және мен» деректі фильмін түсіретін кезде жалпы қазақ түсінігіндегі «ұят» жайлы айтқым келді. Ең басты мақсатым да осы болды. Және сол мақсатқа жеттім деп білемін.
Шарипа Оразбаева деректі туындысын түсірер алдында Internews Network халықаралық ұйымының грант байқауында бағын сынап көрген болатын. Ал басты кейіпкердің тағдыры жайлы таныстарынан естіп, моральдық концепциямен тоғыстыру арқылы зорлық мәселесін ұятпен жаба салуға болмайтындығына қауымның назарын аудартуды шешті.
Деректі фильмнің кейіпкері Бибігүл Оспановамен қалай таныстыңыз? Түсірілім барысында тіл табысу оңайға соқты ма?
-Бибігүл Оспановамен танысқан сәт нақ есімде жоқ. Дегенмен, түсірілім барысында қиыншылықтар болды. Ол кісі зорлық көрген әйел. Сондықтан да психологиялық тұрғыдан ауырлау болды.
Кейіпкеріңіздің басынан кешкенін көркемдік фильмге айналдыру ойыңызға келіп пе еді?
-Көркем фильмнің сюжеті ретінде қолдану ойымда болған о бастан. Бірақ бұл тақырып өте қиын, әрі ауыр болғандықтан деректі фильм жасауға бел будым.
Деректі фильм үш бөлімнен құралған. Олар: 1. Тәубә; 2. Ағынан жарылу; 3. Күрес. Оған қоса, әр бөлімнің мазмұнына тән тақырып аясындағы кескіндемелер де өз көрінісін тапты. Мәселен, Николай Николаевич Генің «Совесть Иуда», Эдвард Мунктың «Обнаженная» және Анатолий Шумкиннің «Плач» картиналары тиісті ойды жеткізуге септігін тигізеді.
Фильмде көрсетілген кескіндемелердің түпкі мәнісі неде? Өнер саласынан тыс көрермендер үшін қабылдау қаншалықты қиын болуы мүмкін?
-Фильм бөлімдерге бөлінген. Әр бөлімдегі кескіндеме арқылы философиялық тұрғыдан кейіпкердің шынайы бейнесі ашылады. Сондықтан, мен оны бөліп көрсетуді шештім. Әрине, өнер саласынан тыс көрермендер үшін ондай бөлімдер түсініксіз. Алайда, ютуб желісінде көптеген көрермендер өз ойларын білдіре кеткен. Яғни, олар фильмнің жалпы болмысын түсінді деп ойлаймын.
Б. Оспанованың өзі айтқандай: «Түсінетін адам түсінеді». Көрермендердің тарапынан қалдырылған пікірлерінен қоғамда қалыптасып қалған заңдылықтар алдында бой бермей, аудиторияның әділетте түрде қабылдағаны байқалады. Сол үшін де фильмнің негізгі ойы әркімнің санасында берік сақталады деуге келер.
Сіздің тәжірибеңіз бойынша, деректі мен көркемдік фильм түсірілімдерінің айырмашылығы неде?
-Деректі мен көркемдік фильмдердің айырмашылығына келсек, деректі фильмде кейіпкер қалай бар, солай шынайы түрде көрсету керекпіз. Ал көркемдік тұрғыдан болатын болса, автор өзінің ойынан, өзінің фантазиясынан кейіпкердің бойына қандай да бір қасиеттерді қоса алатын мүмкіндікке ие. Деректі туындыларда бұл мүмкін емес.
Осындай тарапта шынайылылық торабында танылған Бибігүл Оспанованың өмірлік жолы бейнеленген режиссердің еңбегі, өкінішке орай, елімізде өзектілігі жоғары болып келетін зорлық-зомбылық мәселесінің халық арасында қозғалуы қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. «Ұят» сөзі құрбандардың болашағын кесіп тастайтындай ықпалдыққа ие болмау керектігі бәрімізге де мәлім. Қалай дегенмен де, үндеместікте қалған оқиғалар сол қалпында шешімсіз қалуда.