- Алғашқы сұрағымызды кино саласындағы жолыңыздан бастасақ. Режиссураға қалай келдіңіз?
- Біз өнер академиясын жазушы Әкім Таразидың шеберханасында «кинодраматург» мамандығы бойынша тәмамдадық. Бізге сол кезде Әкім ағаймен бірге режиссурадан белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов те дәріс берді. Демек, драматургиямен қоса режиссурадан да тәлім алып шықтық деуге болатын шығар. Бірақ оқуды бітірген соң бірден кино саласына араластып кеттік деуге келмес. Әуелі жұмыс іздеп телеарналарды жағаладық, кейін сахнаны да сағаладық. Ал, киноға біздің курстан, бірге оқығандардың арасынан Данияр Саламат ертелеу араласып кетті. 2005 жылы Даниярдың дебюттік «Жөшә» деген фильмінде басты рөлде ойнадым. Бұл кинодағы актерлік қадамым еді. Сол кезден киноға бетбұрыс басталды. Кейін Даниярдың Қазақфильм киностудиясында түсірілген бірнеше фильмінде жұмыс жасадым. Сөйтіп жүріп 2015 жылы өзімнің қаржыма дебюттік «Күрке» деген фильм түсірдім. Кино өнеріне бет бұруымның ұзынырғасы осылай... Ал, режиссураға қызығуымның себебі режиссер Серік Апырымов десем болатын шығар. Серік ағаның «Қиян» деген фильмін білесіз ғой. Сол фильмді көргенде кино туралы ойымда бір бұлқыныс пайда болды. Менің дүние танымымнан, өмір сүру салтымнан, қарапайым қазақы тірліктен де эстетика тауып кино түсіруге болады екен ау. Өте қарапайым әрі өте шебер фильм! Кейін ұстазымыз Сатыбалды ағайдың дәрісінен кино тілін түсініп, оның түсірілуі туралы ойларымыз бекей түсті. Міне, бұл киноға, анығы кино жасауға қызығуымызды басты себептерінің бірі десем болады.
- Бірден толықметрлі фильмді түсіру сізге қиынға соқпады ма?
- Негізі қазақта «құласаң нардан құла» деген бар ғой. Тәуекел етіп кірісіп кету керек болды. Өйткені, қысқаметрлі фильм түсіру толықметрлі фильмнен қиын көрінді. Әрі қажеттілік те байқамадым. Бірақ, аса қиындық туғызды деуге келмес. Қаржылық жағынан ғана жетіспеушіліктер қол байлады.
- «Айқай» фильмі жайлы айтсақ, фильмнің идеясы қалай туындады?
- «Айқай» фильмі туралы идея негізінен мемлекеттің сол кездегі тақырыптық жоспарында болды. 2021 жылы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында, сол жылға ұсынылған бірнеше тақырып болды. Соның бірі Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай ұсынылған полигон тақырыбы еді. Бұл анығында еліміз үшін де, күлі адамзат үшін де актуальды тақырып қой. Маған осы тақырып төңірегінде фильм түсіру жақын әрі маңызды көрінді. Сөйтіп, фильмнің сценарийіне кірісіп кеттік. Алайда, белгісіз себептермен 2021 жылы емес бір жыл кейін питчингтен өтіп фильм түсіруге жіберілді.
- Фильмдегі кейіпкер рөлдеріне кастинг қалай жүрді? Мелісті сомдаған Орынбек Шаймағанбетов рөлге басты үміткер болды ма?
- Айқай фильмінде басты рөлді Орынбек Шаймағанбетов деген азамат сомдап шықты. Жақсы сомдады. Біз фильмді түсіру алдында басты рөлдің бейнесі туралы біраз ақылдастық. Актерды ойнатып графика арқылы жасап шығамыз ба, немесе өмірде сондай ерекшелігі бар адам табамыз ба деп. Ал, Орынбекті 10 жылдай бұрын бір деректі фильмге түсірген екен. Соны қарап шығып басты рөлге Орекеңді алдырып түсіруге тоқталдық. Өйткені, қол-аяғы сау кәсіби актерден гөрі, аяқсыз өмірі қалыптасқан адамның рөлді сомдауы шынайы болатыны белгілі ғой. Оның үстіне актерді дайындауға уақытымыз да тығыз еді. Орынбекке үлкен алғыс айтқым келеді. Біздің жағдайымызды түсініп келісімін берді. Ал, кинодағы кейбір эмоцияны беретін драмалық сахналарды беру үшін арнайы актермен бірге алдын ала бір айға жуық дайындалды. Сөйтіп, фильмде жақсы ойнап шықты. Жақсы ойнағанының белгісі Франциядағы Везуль кинофестивалінде көрерменнің де қазылар алқасының да көңілінен шығып арнайы диплом берді. Ал, басқа кейіпкерлерге кастинг жүрді. Әсіресе балалардың рөліне таңдау қиынға соқты. Қаланың біраз мектебін араладық. Барып көрдік. Келгендері де көп болды. Ақыры Арнұр Икрам деген жақсы баланы таптық.
- «Айқай» фильмін фестиваль көрермені қалай қабылдады?
- Жақсы қабылдады. Әсіресе француздық көрермен өте ерекше ықыласпен қабылдады. Олай дейтінім, фильмнің көрсетіліміне адам көп келді және көрсетілімнен кейін 40 минутқа жуық сұрақтарын қойып, ықыластарын білдірді.
- Сіздің «Күрке» және «Айқай» фильмдеріңізде «ерекше» кейіпкерлер кездеседі. Мүмкіндігі шектеулі кейіпкерді фильмдеріңізде көрсету қаншалықты маңызды?
- Менің екі фильмімде де ерекше кейіпкерлер бар. Ерекше кейіпкер деп жындысүрей, мылқау секілді кейіпкерлерді айтып тұрсыз ғой. Мен үшін қоғамдағы типтік образдар ол өмірдің негізі, шығарманың шынайылығына сеп береді. Солай ойлаймын. Ал, мүмкіндігі шектеулі кейіпкерлерді көрсету арқылы фильмді екі формада жасауға болатын сияқты. Бірі әлгі жарымжан кейіпкер арқылы, оның өмірін көрсете отырып көрерменнің аяушылығын ояту. Бұны аса қолдамас едім. Ол бокс тілімен айтсақ «белден төмен соққы» секілді болар еді. Ал, екіншісі оны қалыпты адам ретінде көрсету арқылы кейіпкердің тағдырына үңілу. Мысалы ирандық режиссер Самира Махмальбафтың «Екі аяқты жылқы» деген фильмі бар. Ол фильмде басты кейіпкер екі аяғы жоқ бала. Фильмнің оқиғасы бойынша ол екі аяғы сау өзге бір ересек баланы ат қылып мініп жүреді. Бұнда да режиссер аяушылық емес адам жанын зерделеуді мақсат еткен. Мен де сол ұстанымда фильм жасағым келді.
- Сіздің жұмыстарыңыздағы «ерекше» кейіпкерлердің пайда болуына Данияр Саламаттың «Жөшә» фильміндегі басты рөліңіз әсер етті ме?
- Жөшә фильмі өте жақсы фильм. Өзіме ұнайды. Даниярдың тырнақалды туындысы ғой. Мұнда өте нәзік мұң бар. Негізінде шығармашылық адамының міндеті адам жанына үңілу ғой. Мұңы мен қасіретін түйсіну. Қоғамды құратын адам болса, сол қоғамның теперішін көретін кейіпкерлердің тағдырын тану. Оларға шығармашылығы арқылы араша болу. Даниярдың бір сөзі мені таң қалдырып еді. Ол бірде: «Біз үй салу үшін құрылыс бастағанда кірпіштердің бүтін, әдемі болғаны дұрыс деп ойлаймыз. Сосын кірпіштің сондай жақсы, бүтінін әспеттеп жинай бастаймыз. Сынық, мүжілген жарты кірпіштерді әріге лақтыра саламыз. Ал, құрылысты қалап бастаған кезде тек бүтін кірпіштерден ғана қалап шығуға болмайтынына көзіміз жетеді. Кейбір жерге жарты , кейбір жерге сынық кірпіш қалауға тура келеді. Сол кезде ешқандай бүтін кірпіш әлгі жарты кірпіштің орнын алмастыра алмайды» деген еді. Қоғамда сол сияқты кішкентай адамдардың да өмір сүруіне құқығы бар. Ал, оларды шығармашылығымызға арқау етуге біздің де құқымыз бар әрі міндеттіміз.
- Сұқбатыңызға рақмет!