Кино саласына қалай келдіңіз?
- 2007 жылы университетте оқып жүргенде «Хабар» телеарнасына жұмысқа кіргенмін. Телеарна мен кино егіз мамандық. Оның форматы әртүрлі болғанымен формасы бір. Сол телеарнада жұмыс істеп жүргенде мюзиклдар, телевизиялық көркем фильмдер түсіре бастадым. Негізі бала кезімде киноға режиссер боламын, сценарий жазамын деп ойлаған жоқпын. Бірақ, киноны жақсы көрдім. Өйткені, анам маған көп кітаптар оқытқан және нағашы апам екеуміз үнді фильмдерін көретінбіз. Сол кездегі киноның әлемі ұнайтын. Бірақ, оны қолжетпейтін, армандауға мүмкін емес деп ойламайтынмын. Енді тағдыр шығар, алдымен қысқа мақалалар, әңгімелер жаздым. Оқыған кітаптарымның кейіпкерлерің ойнап, солардың тіліңде сөйлеп жүрдім. Солай бәрі басталды.
«Шабдалы» атты толықметрлі фильм сіздің алғашқы жұмысыңыз ба?
- «Шабдалы» менің алғашқы жұмысым емес. Оған дейін мен «Әли» деген көркем фильм түсергенмін. «Шабдалы» фильмін Алмас Алматовтың әңгімесінің желісі бойынша түсіргенбіз. Өте арзан және жылдам түсірілген фильм болатын. Бірақ, әңгіменің қуаты күшті болғандықтан көрерменнің назарына, талғамына жақын болды. Өйткені, Евразия кинофестивалі аясындағы көрсетілімде фильм бірнеше күн қатарынан аншлагпен өтті. Халықтық фильмге айналатын мүмкіндігі бар. Уақыт өткен сайын оның маңыздылығы арта береді деп ойлаймын.
Алмас Алматовтың әңгімесін негізге алу себебі қандай?
Алмас Алматовтың әңгімесінің желісін алудағы себеп сол бір себеп. Әңгіме жақсы, өте қызықты өмір бар. Негізі әңгіменің түпнұсқасында қазақ қызы өзбек жігітке кетіп қалады. Бірақ фильмді жасау барысында біз қазақтың қызын өзбек жігітіңе бергіміз келмеді. Біздің өзіміздің Қазақстанда да әртүрлі региондарға бөлінетін кездер бар. Соңы біз «Бар қазақ- ол бір қазақ» деген идеологиямен жасағанбыз.
Жуырда түсірген «Жамбыл» фильмі туралы айтсаңыз. Тарихи- биографиялық жанрда фильм түсіру несімен ерекше болды?
- «Жамбыл. Жаңа дәуір» көркем фильмі келесі айда экранға шығады. Тарихи фильмге үлкен ізденіс керек. Жалпы тарихи фильмде көптеген ауыр-ауыр факторлар бар. Реквизит, костюм, локациядан бастап, сол дәуірдің қан тамырын, интонациясын беруде оңай емес. Ол үшін көп оқу керек, көп іздену керек. Тарихи фильмде эксперименттікке жол жоқ. Себебі, ол жерде дәлдікті қажет ететін жұмыс. Көрермендердің көңілінен шығады деп ойлаймын. Өйткені, фильмде Жамбыл атамызға байланысты бұрын айтылмаған фактілер, көрсетілмеген деректер бар. Әрине, көркем фильм болғаннан кейін әдебиеттегі сияқты көркемдік әсіреулер қолданылған. Алайда шындық жоқ емес, жақсы фильм деп есептеймін. Бағасын енді халық береді.
Фильм түсіру барысында кейіпкер бейнесі мен сол кездегі атмосфераны жеткізу қиынға соқпады ма?
- Фильм түсіру барысында сол кездегі кейіпкер бейнесін жасау қиын. Өмірдегі болған адамды айнытпай соның тағдырын қайталап экранға беру және Жамбыл сияқты 99 жыл өмір сүрген адамның, бір ғасырлық өмірін бір фильмге сыйғызу да мүмкін емес. Сондықтан мен соңғы 9 жылын яғни, Кеңес үкіметімен арадағы қарым-қатынасын алдым. Сол дәуірдің бейнесін, атмосфераны жеткізуге барымызды салдық.
Қазіргі уақытта қандай жобалармен жұмыс жасап жатырсыз?
- Келесі айда осы «Жамбыл. Жаңа дәуір» көркем фильмі шығады. Одан кейін күзде «Зеро» (Қарыз) лудомания туралы көркем фильм түсіргенбіз. Бағлан Әбдірайымов продюсер болған, соның өмірін негізге алдық. Жастарды лудоманиядан қайтару, қарызға белшесінен батқан адамдардың өмірі жайлы баяндалады. Қарыздан қалай шығу керек, не үшін қарызға батпау керек деген тақырыптарды қамтуға тырыстық. Сол фильм 25-ші сәуірде үлкен экранға шығады. Одан бөлек, осы жылы менің сценариім бойынша «Сағат» деген атаумен фильм түсірілді. Оның режиссері Мақсат Оспанов деген жігіт болды. Жалпы қазіргі жоспар сол кино саласы сценарий жазу, фильмдер түсіру.
Сұқбатыңызға рақмет!