Қанағат Мұстафин: «Қажымұқанның өмірі қандай ауыр болса, фильмнің тағдыры сондай болды»

Көпшілік көрерменге «Рывок», «16 қыз», «Той любой ценой» фильмдері арқылы танымал болған Қанағат Мұстафин кезекті  «Қажымұқан» өмірбаяндық бағыттағы фильмін ұсынды.
Қанағат Мұстафин: «Қажымұқанның өмірі қандай ауыр болса, фильмнің тағдыры сондай болды»

Сұхбатымызды шығармашылық жолыңыздан бастасақ. Кино саласына қалай келдіңіз?

- Кино саласына Ақан Сатаев ағамыз арқылы келдім десем болады. Өзім кәсіби түрде баскетболмен айналысқанмын, ұлттық жастар құрамасының мүшесі болдым. Әдеттегі жаттығулардың бірінде Ақан Сатаевтың кастинг директоры Сәуле Ахмедиевна мені байқап қалды. Сөйтіп мен алғаш түсірілім алаңына 12 жасымда келдім. Бұл жарнамалық бейнебаян болатын. Әртүрлі баскетбол трюктарын жасадық. Түсірілім жарты сағатқа созылды, жылдам болды. Қолымызға екі жүз доллардан гонарар берді. Ол кезде екі жүз доллар деген жасөспірім үшін біраз ақша ғой. Мәселе сол ақшада емес, маған түсірілім алаңы ерекше бір әлем секілді көрінді. «Тағы да түсірілім болса мені шақырыңызшы» деп Сәуле апайымызға хабарласа бастадым. Қазақфильмге барып кастингтерге қатыстым, бірақ ол кездері фильмдер аз түсірілетін.  Кейін Дәріжан Өмірбаевтың «Шұға», Сламбек Тәуекелдің «Махамбет» фильмдеріне түстім. Сөйтіп фильмдерге түсіп жүріп, режиссерлікке қызыға бастадым. 2005 жылы Тимур Бекмамбетовтың «Дневной Дозор» фильмінде эпизодтың рольге өтіп, көмекші ретінде сұрандым. Сөйтіп камераның арғы жағына өттім.

Сіздің режиссерлық стиліңіздің қалыптасуына ықпалын тигізген белгілі бір тұлғаларды атай аласыз ба?

- Менің сүйікті режиссерім Стивен Спилберг, режиссердің барлық фильмдерін жатқа білемін. Келесі Роберто Бениньи. Накты айтар болсақ «Өмір ғажап» (La vita è bella) фильмі. Осы екі режиссердің фильмдерін көріп өстім.

Сіздің сериалдардан толықметрлі фильмдерге ауысу жолыңызға тоқталсақ. Фильм мен сериал түсірілімдердің айырмашылығы неде?

- Сериал мен фильмнің айырмашылығы жер мен көктей десе болады. Сериалдың бюджеті екі, тіпті үш есе аз. Сол себепті кәсіби актерлер, мамандарды сериалдарға шақыруға бюджет сай келе бермейді. Сериалға көбінесе жас актерлер шақырылады, түсірілімі де екі есе қиын. Өйткені күніне 20-25 сахна түсіру қажет. Ол физикалық түрде өте ауыр, сағат таңғы жетіден түн жарымына дейін жұмыс істейсің. Кино түсірсең күнініне бес алты сахына түсіресің асықпай, оператормен ақылдасып ракурстарын қарап ойланасың. Сериал түсірген кезде бір  жарыс сияқты болып тұрады. Айта берсең айырмашылық өте көп.

Өз шығармашылығыңыздан сіз үшін қай туындының маңыздылығы жоғары болып табылады?

- Қазіргі таңда «Қажымұқан» фильмі.  Бұйырса әкем Құрманғазы Қарманұлының «Жалғыз атты жолаушы» деген повестін түсіргім келіп жүр. Ол үлкен жоба, оған асықпай дайындаламын. Бұйырса бес алты жылда түсіріп қалатын шығармын.

"Қажымұқан" фильмінен кадр

Қажымұқан жайлы фильм түсіру идеясы қайдан туды? Таңдауыңыз неге дәл осы тұлғаға түсті?

- Фильмді түсіру идеясы 2012 жылы пайда болды, елімізде Қажымұқанның 140 жылдығы тойланды. Қажымұқан туралы білетін ақпарат сол кезде мектептің оқулығыннан болатын. Ол туралы арнайы кітаптар іздеп, оқи бастадым.  Қажекеңнің бастан кешкен қиын өміріне, сондай-ақ нағыз патриот болғаныннан таң қалдым. Кеңес кезеңіндегі «Знай наших» фильмін қарап шықтым. Ол фильм кеңестік идеология кезінде түсірілгені түсінікті ғой. Қазақты бірінші планға қоюға болмайтын, соның кесіріннен Поддубныйдың көлеңкесінде қалып қалған. Және де тек қана Қажымұқанның екі жылдық өмірін алған. Сол кезде Қажымұқан туралы туғаннан соңғы күніне дейін кино түсіру керек деп сценарийді бастап кеттім. Сценарийді жазып Қазақфильмге алып келдім. Бюджет болмауына байланысты ұзақ күту қажет болды. 2019 жылы Ұлттық кино қолдау орталығы ашылып, питчиңке қатыстым. Іріктеуден өтіп, 2020 жылы түсірілімді бастап кеттік.

Қажымұқанның бойындағы қай қасиет сізге ерекше болып көрінді? Және қандай қасиеттерді үлгі тұрарлық деп айта аласыз?

- Қажымұқан нағыз патриот, ондай патриоттар бізде жоқтың қасы. Бұл кісіге Түркияда ақша береміз, сарай салып береміз, паша боласың деп алып қалғысы келген. Дәл солай Швейцарияға шақырған. Одан бастартып, елім-жерім деп қайтып келген. 86 шет елдерді паспортсыз аралаған, өйткені оның атағы оның алдында болған. Қажекеңді сол кезде бүкіл әлем білген, құрметтеген. Адамгершілігін сөзбен айтып жеткізе алмайсың, қаншама адамдарға көмектескен. Ақшаны өзіне жаратпай, соғысқа ұшақ алып береді. Бірақ өзі соңғы күндерін өте күйсіз өткізді.

Фильм барысында сол кезеңнің тарихына үңілдіңіз. Бұл кезеңдегі қазақ мәдениетінің қай қырларын көрсету маңызды болды?

- Фильмді түсірер алдында сценариийді Қажымұқанның немересі, композитор Бақытжан Қажымұқановқа оқыттым, ол кісі батасын берді. Қажекеңнің жатқан жері Темірлан аулына барып құран оқытып, қой сойып, басына тағзым етіп түсірілімді бастаған болатынбыз.  Қиындықтар өте көп болды. Қажымұқанның өмірі қандай ауыр болса, фильмнің тағдыры сондай болды. Фильмді бастаған кезде ковидке тап болып, алты ай локдаунға түсіп қалдық. Бүкіл жоспарымыздың бәрі-быт шыты шықты. Кинода күнтізбелік-қойылым жоспары деген болады.  Сол ковидтің кесіріннен біздің бір-екі актеріміз өмірден озды. Тобымыздың бес-алты қызметкері ауырып, жұмысқа қайтадан орала алмады. Цирк шапито салуымыз керек еді. 11 миллион теңгеге бір компаниямен келіскен болатынбыз. Олар бізді алдап, өздері Қытайдан қолданылғанын алып бергісі келген екен. Бірақ оны шекарадан шығара  алмай, өздері қашып кеткен. Оларды іздеп, сотқа бердік. Сондай неше түрлі қиындықтардан өтіп, қаражат мәселесіне келіп тірелдік. Біз Беларусияға тура Алматыдан ұшуымыз керек еді. Ковидтің кесіріннен рейісті Астанаға ауыстырып қойыпты. Сол себепті бізге 80 адамды Алматыдан Астанаға, Астанадан Минскке қондырдық. Фильмді аяқтау үшін пәтерімді кепілдікке қойдым.

Фильмдегі басты кейіпкердің ішкі дүниесін ашуға көмектесетін сахналарды мысалға келтіре аласыз ба?

- Фильм материалы үш жарым сағатқа жиналды. Прокатқа бір жарым сағаты ғана шықты.  Көп сахналар кесіліп алынды. Бұйырса осы тақырыпта сериал жасайтын болсам, осы материалдан алармын, сол жерде мүмкін болады. Бірақ осы нұсқасында Қажымұқанның әр күрес алдында тырнағын алатын сахнасы кірмей қалды. Өзінің қарсыластарына зақым келтірмес үшін тырнағын алатын еді. Кішкентай деталь болсада Қажекеңнің қарсыласына деген жанашырлығын көрсетеді. Қажекеңді зерттегеніме он жылдан асты. Бұл шынымен болған оқиға ғой. Сондай сахналар өте көп негізі.

Қажымұқан өмірін зерттеген кезде сіздің көзқарасыңыздың өзгеруіне әсер еткен қарама-қайшы деректер көзге түсіп пе еді?

- Иә. Қажекеңнің өмірін зерттеп бастаған кезде Қажымұқантанушылармен кездесіп сөйлестім. Қажұмықан туралы тоғыз кітапты таптым. Бір-біріне қарама-қайшы келетін деректер де болды. Сол себепті Жанат Қасабеков екеуміз деректердің барлығын ескеріп, таңдалынып, сценарийге еңгізілді. Негізгі айта кететін мәселе Қажекеңнің өмірін бәрі біледі, сол себепті қатты ойдан шығаруға, басқа жаққа бұруға болмайды. Көркемдік кино болғандықтан әрине ойдан шығарылған сахналар болады.

Көрермендеріңіз фильмнен шыққан соң қандай сезімде болғанын қалайсыз?

- Көрермендер киноны көріп шыққаннан кейін рухтанып, Қажымұқанның қандай болғанын, елім деген нағыз патриоттық сезімді оятатындай болып шықса деп ойладым. Ең бастысы ниетім, осы киноны көргеннен кейін қара домалақ балаларымыз қазақша күреске жазылып, бес-он жылдан кейін бірінші орындардан көк туымыз желбірей берсе.

Қазақстандағы тарихи киноның болашағын қалай елестетесіз? Сіздің ойыңызша, экранға әлі жетпеген қандай оқиғалар мен тұлғалар бар?

- Қазақстандағы тарихи кинолардың болашағы өте зор. Көптеген батырларымыз бар, хандарымыз бар дегендей ол деген он мың, жиырма мың кино түсіруге болатын шығар. Былай қазір бөліп жарып айтпай-ақ қояйын. Бірақ көпке мәлім емес, аты шықпаған батырларымыз да жеткілікті.