Дархан Төлегенов: Кинода ұлт жоқ деген пікірмен келісемін

Өткен жылы екі бірдей фильмі ("Луч утренней зар", "Маршрут") халықаралық фестивальдерде Бас жүлдені қанжығасына байлаған, Т.Жүренов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 4-курс студенті, режиссер Дархан Төлегенов кино өнері туралы ойымен бөліскен еді.
Дархан Төлегенов: Кинода ұлт жоқ деген пікірмен келісемін

Қайырлы күн, Дархан! Сізді Астанада алғаш өткен «Saryarka short film festival» қысқаметрлі фильмдер фестивалінде «Маршрут» фильмімен Бас жүлдені қанжығаңызға байлауыңызбен құттықтаймыз! Фестивальдің өзінде болмадыңыз, жеңісіңізді қалай қабылдадыңыз?

Рақмет! Ия, өкінішке орай фестивальде болмадым, себебі, Қазақстанда емес едім. Өз жеңісіме сенімді болдым деп айта алмаймын, шыны керек, таң қалдым. Өйткені, бүгінде елімізде өте сапалы, әрі қызықты қызқаметрлі фильмдер шығарылуда.

«Маршрут» фильмінің сценарий авторы кім? Көрерменге жеткізгіңіз келген ең басты идея қандай?

Сценарий авторы өзім. Көрерменге жеткізгім келген басты идея - кешегі күнмен өмір сүретін адам тағдыры. Ол адам кешегі өміріне байлаулы, сол кешегісін бүгінге айналдыруға тырысады, және де болашағын да кешегісіз елестете алмайды. Сол себептен, ол бір орында қалып қояды. Менің ойымша, адамдар өткенді ұмытып, жаңа өмір бастауға қорықпауы керек.

Сіздің фильмдеріңізде шын өмірден алынған жағдайларды бақылауға бола ма, әлде, барлығын ойдан шығарасыз ба? «Луч утренней зари» фильміндегі оқиға сіздің өміріңізбен байланысты ма?

Ия, әрине, барынша шынайы өмірді көрсетуге тырысамын. Мен – бақылаушы. Шүкір, фильмдегі оқиға менің жеке өміріммен байланысы жоқ. Дегенмен, барлығы осы қоғамда, менің айналамда болып жатқан, мен еститін, мен көретін, мені мазалайтын, және де менің айтқым келетін дүниелер.

Фестивальде көрсетілген екі фильміңізде («Маршрут», «Луч утренней зари») өте жақсы
операторлық жұмысты бақылауға болады. Оператормен жұмысыңыз жайында айтып
өтсеңіз.

Екі фильмнің операторлары әр түрлі екенін айта өтейін: Рустам Зайнидин және Шерхан Тансықбаев. Рустаммен «Луч утренней зари» фильміне дейін 2-курс кезінде «Кукушка» фильмін түсіргенбіз. Ал, Шерханмен «Маршрут» фильмінде алғаш рет жұмыс жасадым. Оператор таңдағада, ең алдымен, олардың талғамына назар аударғанды жөн көремін. Егер талғамдарымыз сай келсе, жақсы дуэт шығады дегенге сенемін. Рустам да, Шерхан да өте еңбекқор адамдар екеніне көзім жетті. Жуырда, Шерханның шеберлігін толықметрлі фильмінен бақылай аласыздар.

Актерлермен жұмыс кезінде қандай ауыртпалықтармен кездестіңіз? Дулыға Ақмолданың «Saryarka short film festival»-де «Ең үздік ер адам бейнесі үшін» жүлдесі жайында пікіріңіз қандай?

Дулыға Ақмолдамен «Маршрутқа» дейін де жұмыс жасағанбыз. Сол себептен, «Маршрутқа» басты рөлді сомдауға ойланбастан ұсыныс жасадым. Менің ойымша, ол өте талантты актер және бұл жүлдеге лайықты. Актерлермен жұмыс жасағанда ешқандай қиындықтар болмады деп айта аламын. Себебі, түсіру алаңында өте тату болдық.

Қазақстандық режиссерлардың арасында кімдерді пір тұтасыз?

Ең алдымен, әрине, пір тұтатын режиссер - Дәрежан Өмірбаев. Әсіресе, «Киллер», «Жол» фильмдерін сүйіп көремін. Сонымен қатар, шеберіміз Аманжол Айтуаровтың «Қауышу» атты тамаша фильмін атап өткім келеді. Одан кейін, Әділхан Ержанов («Үкілі кәмшат»), Эмир Байғазин («Асланның сабақтары»).

Сіздің ойыңызша, киноның басты мақсаты қандай? Кинода ұлттық идеяның болуы міндетті
ме?

Менің ойымша, кино – айна. Яғни, адам айнаға қарағанда өзінің жақсы жақтарын ғана көргісі келеді, алайда, айна нақты не бар соны көрсетеді. Кино да дәл солай көрсетуі керек. Көрермендер болса, фильмде осыны сырттай бақылап, не жақсы, не жаман екенін түсінуге тиісті. Ал, кинодағы ұлттық идеяға келер болсақ, бәлкім, кинода ұлт жоқ деген пікірмен келісемін. Өйткені, жалпы, барша адамдардың қуанышы да бір, қайғысы да бір.

Болашақта коммерциялық бағытта жұмыс жасауға қалай қарайсыз?

Коммерциялық фильм режиссеры ретінде Кристофер Ноланды пір тұтамын. Оның фильмдерінде өте терең, мағыналы мәселелер қозғалады. Болашақта коммерциялық фильмдер түсіруге еш қарсылығым жоқ.

Оқырмандарға кішігірім өмірбаяныңызды айта кетсеңіз: туған жеріңіз, режиссер мамандығын
таңдауыңыздың себебі, және де ұстазыңыз жайында ой бөліссеңіз.

Туған жерім - Орал қаласы. Алматы қаласындағы Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің түлегімін. Колледжде оқып жүрген кезде-ақ режиссер болғым келген. Кішігірім минатюраларды сахнаға шығардым, «Стань птицей» атты қысқаметрлі фильм түсірдім. Ал, бүгінде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының қабырғасында режиссер мамандығын игеріп жүрмін. Академияға Талғат Теменовтың шеберханасына тапсырған болатынмын. Алайда, белгілі себептерге байланысты ағайымыз Астанаға қоныс аударды. Қазіргі кезде шеберіміз- Аманжол Айтуаров, тамаша туындылардың режиссеры, өте дана, білімді кісі. Кино саласында дұрыс бағыт-бағдар беріп жүрген ұстазымызға мол ризашылық білдіргім келеді.