Ержан Жұмабеков. Киноөндіріс – тек қана кәсіби кинематографистердің қолында емес

Қазақстандағы қысқаметрлі фильмдердің даму жолындағы кинофестивальдердің орны туралы.
Ержан Жұмабеков. Киноөндіріс – тек қана кәсіби кинематографистердің қолында емес

Сұқбаттасқан: Бекжан Байгенжеев


Қыркүйектің 15-16 жұлдыздарында Алматыда ІІ “Байқоңыр” Республикалық қысқаметрлі фильмдер фестивалі өткелі отыр. “Байқоңыр” өзінің ерекшеліктерін бірінші жылы танытып үлгерген болатын. Биылғы жылы да ерекшеліктер орын алмақ. Фестивальдің маңыздылығы, бағыты, орны жайында осы кинофестивальдің іріктеу комиссиясының мүшесі, кинотанушы Ержан Жұмабековпен сұқбаттасқан едік.

 

МӘСЕЛЕ

 

Қазіргі таңда қазақ киносына жасалған зерттеулер, сын-пікірлер электронды нұсқада қол жетімді. Бұл тұста материалдарды қазақ тілінде жариялайтын Oner.kz өнертанымдық порталын, қазақ және орыс тілдерінде жариялайтын Brod.kz кинопорталын және орыс тілінде жариялайтын Vosmerkа.kz сайтын айта аламыз. Оқырман мен көрермен үшін, тіпті фильм жасаушы топ үшін де зерттеулер мен сын-пікірлерді саралап жүру маңызды. Десек те, кинотеатрлардан, телеарналардан көрсетілмеген фильмдер туралы оқылған материал ауада қалықтап қалады. Мақалаға немесе пікірге қосылу не қосылмау үшін, немесе өз көзқарасын анықтау үшін талқылау обжектімен (object) таныс болуы керек. Кинофестивальдердің де ерекшелігі осында. Олар талқыланып жүрген барлық дерлік фильмдерді бір ортаға жинап, көрерменге ұсына алады.

Қысқаметрлі фильмдерді дамыту және насихаттау бағытында кинофестивальдердің орны ерекше. Бір жыл ішінде көптеген қысқаметрлі фильмдер түсіріліп жатады. Бірақ, бұл туындылардың көпшілігі еш қозғалыссыз жатып қалатын еді. Ол фильмдердің бар екенін де ешкім білмей қалатын кездер болатын. Былтыр, “Байқоңыр” Республикалық қысқаметрлі фильмдер фестивалі өз жұмысын бастаған кезде режиссерлер өздерінің қысқаметрлі фильмдерін іріктеу комиссиясының таңдауына тапсырған болатын. Студенттердің көпшілігі “Бастау” кинофестиваліне дейін фильмдерін “Байқоңырдың” алаңында сынап көреді. Біржақты қарағанда, фестивальдер арасында жоғары бәсекелестік пайда болып келе жатқандай.

Кинофестивальдердің мақсаты тек фильм көрсетіп, сыйлық үлестірумен аяқталмайтыны белгілі. Артфильмдерді насихаттау, көрерменнің талғам деңгейін қалыптастыру (қандай фильмді не үшін көргісі келетінін білетін дәреже), саладағы жас мамандарға шығармашылық орта қалыптастыру, олардың дамуы үшін тәжірибелі мамандарға жарнамалау фестивальдің негізгі бағытына айналғанда біздің өнер мен мәдениет дамиды. Сол кезде бәсекеге лайықты туындылар пайда болады.

Ержан Жұмабеков. Кинотанушы, "Байқоңыр" Республикалық қысқаметрлі фильмдер фестивалі іріктеу комиссиясының мүшесі

 

ҰСЫНЫС. ШЕШІМ

 

Біріншіден, әр фестиваль өз форматына сай жұмыс істейді. Айталық, “Бастау” халықаралық кинофестивалі тек студенттік фильмдерге арналған. “Бастаудың” форматы бойынша, қатысушының студент болуы шарт. Еліміздегі студенттердің шет елдік студенттермен күш таластыратын алаңы ретінде бұл фестиваль ерекше. “Еуразия” халықаралық кинофестивалінің негізгі бағыты ұзынметрлі фильмдер. Әр жылы қысқаметрлі фильмдер қабылданып жатады. Бірақ, бұл фестивальде қысқаметрлі фильмдерге байланысты тұрақты немесе нақты регламентті таба алмайсыз. Бір жылдары анимациялық, деректі фильмдер қатысады. Бір жылдары қатыспайды. Былтырғы жылы қысқаметрлі конкурсқа тек қысқаметрлі көркем фильмдер қатысқан болса, биыл анимациялық фильмдер де қатысты. “Еуразия” кинофестивалінің тарихын қарап отырсақ, қысқаметрлі фильмдердің даму алаңы ретінде біршама қолайсыз екені байқалады. Осы уақытқа дейін жұмыс істеген “Шәкен Жұлдыздары” халықаралық кинофестивалі бұл тұста қысқаметрлі фильмдер үшін ұтымды еді. Себебі, ол фестивальде қысқаметрлі фильмдер конкурсы басты бағдардың бірі болды. Былтыр жұмысын бастаған “Сарыарқа” кинофестивалінің регламентінде жас шектеуі бар. Сонымен қатар, ол фестивальге тек қысқаметрлі көркем фильмдер ғана қабылданды. Анимациялық фильмдер мен деректі фильмдер тағы да назардан тыс қалды. “Байқоңыр” кинофестивалі осы олқылықтардың орнын толтырып отыр. Себебі, негізгі конкурс қысқаметрлі көркем, деректі және анимациялық фильмдерге арналған. Қатысушылардың жас шектеуі жоқ. ­­Фильм дайындау барысында еңбек еткен топтың біршамасы еленеді. Мысалға, “Үздік сценарий” номинациясымен елдегі ешбір фестиваль мақтана алмайды. Оған қоса, биыл “Үздік қоюшы-суретші” номинациясы қосылды. “Байқоңыр” еліміздегі қысқаметрлі фильмдердің даму алаңына айналып келеді.

Биылғы “Байқоңыр” кинофестиваліне барлық дерлік отандық киномектептерден, аймақтардағы студиялардан фильмдер келіп түсті. Қазақстанның өзге қалаларындағы студенттер де өте белсенді. Әрине, кәсіби режиссурада оқып жүрген студенттер мен әуесқойларды салыстыруға келмейді. Дегенмен, бұл фильмдер өз деңгейіндегі ерекшеліктеріне, ізденістеріне орай бағаланып, конкурсқа қабылданды. Мәселен, конкурстағы “Мен хирургпын” атты деректі фильмнің режиссері Ж.С.Асфендияров атындағы медициналық университеттің студенті, “The Dream” анимациялық фильмінің режиссері Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауыл тұрғыны. Яғни, бұл режиссерлер киноның түсіру әдістері мен формаларынан хабарсыз болуы, А.Тарковский мен Ф.Феллиниді көрмеуі мүмкін. Алайда, көркемдік тұрғыда кәсібилерден де кем емес. Фильмдерінде кино өнеріне деген ынтасы, кейіпкерлеріне деген махаббаты, режиссурадағы тазалығы сезіледі. Киноөндіріс – тек қана кәсіби кинематографистердің қолында емес. Фестиваль форматы әуесқой режиссерлерге де өзінің қабілетін көрсетуге мүмкіндік береді.

“Байқоңыр” жүлделермен ғана шектелмей, фильмдермен ары қарай жұмыс істейді. Көрермендер арасында насихаттау барысында арнайы көрсетілімдер, фильмдердің отандық телеарналардан көрсетілімі, халықаралық кинофестивальдерге ұсынуы және т.б. Бас-жүлдені иеленген режиссер, дәстүр бойынша келесі фестивальдің қазылар алқасының құрамына енеді. Мақсаты – буындардың сабақтасуына сеп тигізіп, фестивальдің тұрақтылығына сенім беру. Осы жұмыс бағыты бойынша да фестиваль өзгелерден ерекше.