Фархат Молдағалиев: «StartDrama» әлемдік деңгейдегі лабораториялық театр болғанын қалаймын

«StartDrama» зертханалық театрының жетекшісі, театр режиссері Фархат Молдағалиевпен сұхбат
Фархат Молдағалиев: «StartDrama» әлемдік деңгейдегі лабораториялық театр болғанын қалаймын
режиссеры Фархат Молдағалиев және театр актерлері

Сұқбаттасқан:  Бейбіт Әлкеева

Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, "Театртану" III курс студенті


Жақын күндері Алматы қаласында «Откровение» атты V Халықаралық орындаушылық өнер фестивалі басталды. Қазақстандық бірнеше театр лабораториялары, мемлекеттік және жеке театрлар, сонымен қатар бірқатар шетелдік өнерпаздар өз қойылымдарын көрермен назарына ұсынуда. Фестивальдің алғашқы төрт күнінде қазақстандық театр еңбеккерлерінің жасаған дүниелерін тамашаладық. Фестивальдің шымылдығын «Жас Сахна» театрының «Звериные истории» қойылымы ашса, екінші күні Мемлекеттік қуыршақ театрының «Ана жүрегі»,  Азамат Сатыбалды «28theatre» театрының «Войцек» қойылымдарын көрдік.

Фестивальдің отандық бағдарламасына қатысқан «StartDrama» зертханалық театрының «86» деп аталатын қойылымы  болды. М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының кіші залында ойналған спектакль режиссері Қызылжар қаласындағы Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы сазды драма театрының режиссері – Фархат Молдағалиев. Республикалық театр фестивальдерінде бой көрсетіп, ел назарына іліге бастаған жас режиссердің «86» қойылымы көпшіліктің көңілінен шықты. Құрылғанына бес ай ғана уақыт болған зертханалық театрымен жасаған алғашқы жұмысында Ф.Молдағалиев бірнеше жанрлардың басын біріктіріп, «Saundrama» жанрында жаңа эксперименттік спектакль жасауға тырысқан. Театр өнеріне тың серпіліс жасағысы келетін сахнагердің өзінен сұхбат алып, бірқатар сұрақтарымызға жауап алудың да сәті түскен еді.

 

Бейбіт Әлкеева

«Бүгінгі жас режиссерлер буыны» жайында сөз болғанда аты алғашқы аталатындардың қатарындасыз. Жалпы театр өнерінің мамандары да бастамаларыңызды жоғары бағалайды. Бұл қанша уақыт жұмсалған еңбектің нәтижесі? 

Біріншіден, аз ғана жасап жатқан еңбегімді бағалап, қолдау көрсететін тұлғалардың барына қуанамын. Мойындағаны емес, үміт артқандары деп білемін. Режиссурада мынадай уақыт еңбек еттім деуге болмайтын шығар, студенттік кезден фестивальдерге қатысып өзімді дамытуға тырыстым. Үлкендердің сенім артқаны шығармашылық серпіліс жасауға үлкен көмек болады. Бүгінде атым аталып жатса ол менің театрға деген ниетім тазалығынан деп ойлаймын. Күндіз-түні жұмыс жасаудан, ойлаған дүниемді көрсету үшін еңбектенуден шаршаған емеспін. Дегенмен, режиссерлік жұмыстарым жайында  көп адамдарың жақсы баға беретіндерін сеземін. Сол үшін бір сәт те тоқтап қалғым келмейді. Себебі, сенім артып, мақтау сөз есту жақсы болғанымен, оған лайық болу одан да қиынырақ. Бұл екі есе жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, «Мен осыған лайықтымын ба?» деген сұрақ әрдайым көкейімде жүреді.

"86" , режиссеры Фархат Молдағалиев

Зертханалық (лабораториялық) театр жайында әңгіме өрбітсек. Мұндай театр өзіңізге сенім артатындардың үмітін ақтау үшін ашылды ма, әлде өзіңіз жұмыс істеп жүрген С.Мұқанов атындағы сазды драма театрында сахналай алмаған дүниелерді көрсету мақсатында өмірге келді ме?

Екінші нұсқа дұрыс секілді. Белгілі бір адамдарға  өзімді дәлелдеу мақсатым емес. Бірінші орынға, әрине, С.Мұқанов театрын қоямын. Ал, лаборатория – менің екінші тынысым. Зертханалық театрда ойымда жүрген дүниелерді сахналауға мүмкіндік бар. Ең бастысы, зертханалық театр өз жүрек қалауымен келетін актерлерден құралады. Оларда өнерді жасауға деген құлшыныс басым. Актерлер түні бойы дайындалуға, ойларымен ашық бөлісуге дайын. Олар жасаған жұмыстарын міндетсінбейді және еңбектері үшін ешнәрсе талап етпейді. Мен де тегін жұмыс істеймін, актерлер де. Сол себепті, мұнда нағыз шығармашылық процесс, ізденіс орын алады. Театрды тек бір облыстық, қалалық деңгейде емес, әлемдік деңгейдегі ізденіс орталығына айналдырғымыз келеді. Шет елдік өнерпаздарды шақырғым келеді. Алматыдан режиссерлерді шақырып жұмыс жасағым келеді. Бір ғана дүниенің төңірегінде, ойыма келген нәрселерді жасай беріп емес, драматургтермен тікелей байланыс жасап пікір-талас, ашық ой бөлісіп, ерекше туындыларды сахнаға шығарғымыз келеді. Бұрыннан ойымда жеке театрым болса екен деген арман жүретін. «StartDrama» сол арманның алғашқы баспалдағы ғана. Мұны әлі дамыту керек, үлкен жұмыстар жасау керек. Бұл С.Мұқанов атындағы театрда маған еркіндік берілмейді деген сөз емес. Тек, лаборатория «жұмыс» дегеннен гөрі жан рақаты, жұмыстан тыс кезде уақыт тауып сүйікті ісіңмен айналысатын орын.

Сіздің ойыңызша шығармашылық еркіндік сыйлайтын осындай зертханалық театрлардың санының көбеюі қаншалықты дұрыс? Сіздің түсінігіңізде лаборатория қандай болуы тиіс?

Көп болғаны дұрыс, әрине. Бірақ, әрнәрсені лаборатория деп жан-жақтарына қарамай аша беруге тағы болмайды. Менің түсінігімдегі лаборатория – шынымен зертханалық орын болуы керек. Химиктердің зертханасына кіресің ғой, оларда екі сұйықтықты бір-біріне қосып араластырып көріп жатады. Бірі ғажайып пайдалы дүние болып жаңалыққа айналса, бірі жарылып жарамсыз болып жатады. Міне, театр лабораториясы да осындай үлкен зерттеулерден тұратын орынға айналуы керек. Ал, біз «StartDrama»-ны жай ғана сахналағым келген дүниелерді қою үшін керек деп аша салдық десем үлкен ағаттық болар еді. Жаңаша тың бағыттарды байқап көргіміз келеді. Тек қойылымдар ғана емес, жаңа жобалар жасағымыз келеді. Мәселен, келесі спектакльді пьесаның авторымен бірге жұмыс жасау арқылы жүзеге асырғымыз келеді. Қалағаныңды алып, қоя салу емес, тікелей ортақ байланыс болатын шығармашылық ортаны қалыптастыруды мақсат етеміз. Менің ғана жұмысым емес, актердің де, драматругтің де, композитор мен хореорграфтың да сахнада тұрғанын қалаймын. Сонда ғана зертханалық орталыққа айналады.

Театрдың шымылдығын «86» қойылымымен түрдіңіздер. Бұл режиссерлік жұмысыңыздың алғашқысы емес екенін білеміз. Осындай тақырыппен премьера жасау ұлтжандылық сезімнің басым болуынан туындаған дүние ме, әлде көрерменді қызықтыру мақсатында сахналанды ма? Бұл қойылымның тұтас нұсқасы өз ішіңізде қанша уақытта пісіп жетілді?

«86» қойылымы жайында бұрындары ойлайтынмын. 1986 жылғы бейбіт шерудің   тарихын көп оқыдым және мені шығармашылық тадам ретінде 86 жылғы тарихи оқиғаның мәні әлі де дұрыс, толыққанды ашылмай келе жатқандығы қынжылтатын, Желтоқсан оқиғасына деген үстірт көзқарастардың себептері жиі мазалайтын. Осы оқиғаға қатысты, бар жағынан қамтылған қойылымдар жоқ екенін білемін. Тәуелсіз мемлекеттің азаматы ретінде оқиға желісін, оның туындау және өту барысына арналған көркем дүние жасауды әрқашан ойлайтынмын. Ал сахнаға шығару туралы нақты ой өткен жылдың жаз мезгілінде келді. Бұл қойылыммен бірге зертханалық театрдың ашылуы бір уақытқа сәйкес келді. Екеуі де кеше ойлап, бүгін жасалған дүниелер емес. Ұзақ уақыт дайындық нәтижесінде Алланың қалауымен бір мезгілге тоғысты. Зертханалық театр ашылу қарсаңында С.Мұқанов театрында музыкалық комедия сахналауға дайындық жүргізіп жатқанмын. Екеуін қатар алып жүру физикалық, моральдік тұрғыда өте ауыр болды. Әрине, біреуімен ғана айналысуға болатын еді, бірақ, «86» сондай бір үлкен ықыласпен, актерлердің де құлшынысымен күз мезгілінде жарыққа шықты. Спектакль тек драмалық қойылым ретінде тек сөзбен емес, музыка және пластикамен көркемделді. Тағы бір себеп, театр ашылардан бір ай бұрын Қ.Сүгірбеков атындағы жас режиссерлердің шығармашылығына арналған фестивалінде өнер көрсетуіміз болды. Фестивальден соң бір жаңа дүние жасауға деген құлшыныс туды. Осы күнге дейінгі өз еңбектерімізге қанағаттанбағандық сезім пайда болды. Сонымен, елге оралған соң жаңа жұмысты бастап кеттік.

"86" , режиссеры Фархат Молдағалиев

Театрға «актерлік құрам» қалай таңдалып алынды? 

Мен оларды таңдаған жоқпын. Олар мені таңдады деуге саятын шығар (күлді). Барлық театр актерлерін жинап, осындай театр ашатынымды хабарладым. Ол жерде театрдан тыс спектакльдер қоятынымды және бұл дүние жұмыс уақытынан тыс кезеңде жасалатынын, уақытқа бағынбайтынымыз, демалыстың болмайтындығын ашып айттым. Осыларды ауыр жұмыс емес, шығармашылық ізденіс деп қабылдағандар дедім. Актерлер өз қалауларымен театрға келді.

Кәсіби театр сыншыларының пікіріне қаншалықты мән бересіз? Әлде, «Біткен іске сыншы көп» деген қағиданы ұстанып, тек көрермен пікірімен санасыз ба?

Әрине, кәсіби мамандар пікірімен санасамын. Осы фестиваль аясында да шет елдік театртанушылардың біраз пікірін өзіме түртіп алдым. Отандық театр сыншыларының да айтқан ескертулерін тыңдауға тырысамын. Егер, шынымен кемшілікке бой алдырған тұстар болса қайтадан репетиция жасап, өзгертуге дайынмын. Оның бәрі маған, актерлерге пайдалы болмаса зиян емес. Зертханалық театрларда өзгертулер мен толықтырулардан қашудың қажеті жоқ. «Мен режиссермін» бұл менің өз ойым, ешкімді тыңдамаймын деуден аулақпын. Кез-келген сыни пікір театрдың дамуы үшін, игілігі үшін айтылып отырғанын түсінемін. Пікір қойылымының ғұмыры ұзақ болуы үшін айтылатындығы сөзсіз. Сондықтан, дәл сондай пікірді келесі біреуі тағы айтпас үшін кемшіліктерімізбен барынша жұмыс жасаймыз. Біздің лабораториямызға пайдасы тиетін дүниелер үшін мен бәріне дайынмын.

Шығармашылық ізденісіңіз тоқтап қалмауы үшін немен айналысасыз? Шабытыңызды шарықтататын, өзге ешкім білмейтін қырыңыз бар ма?

Менің жан рақатым – музыкамен жұмыс жасау. Өзімнің аспабым бар. Үйде отырып кейде музыка құрастырамын. Спектакльде қолданылар әуендердің кейбір тұстарын өзім сезініп, қосып жіберетін кездерім болады. Кейде ойымдағы шатасып жатқан дүниелерді реттеп, тынығу үшін жаяу серуендеймін. Бірақ, ойлауды, ойлануды тоқтатқан емеспін. Шабыт кез-келген уақытта келеді деп ойлаймын. Оны күтіп отырудың немесе арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ.

«StartDrama» зертханалық театрының болашағын бес жылдан кейін қалай елестетесіз? Режиссер ретінде болашағыңызды тек осы театрмен байланыстырасыз ба, әлде шақыртулар келсе өзге театрларға ат басын бұруыңыз мүмкін бе?

Ертеңгі күнім не болатыны жайлы айта алмаймын. Бірақ, мақсатым айқын. Осы театрды дамытып, жоғарғы деңгейге көтеру. Сондықтан, өзге театрларға түбегейлі ауысатын ойым жоқ. Тек өзім үшін ғана емес, барлық шығармашылық адамының орталығы болуы үшін жұмыс жасағым келеді. Тіпті, студент жастардың өзі зертханадан керегін алып, ортақ байланыс жасаса деп ойлаймын. Бес жылдан кейін театрды өте жоғары деңгейде болады деп елестетемін. Жаратқан ие қазіргі ынта-жігерімізден, ниетімізден айырмаса тың дүниелер жасайтынымызға сенемін. Ал, спектакль қоюға шақыртулар болып жатса бас тартпас едім. Бірақ, қалыптасқан театрлардың ізімен жүріп, қайталауға ұрынғым келмейді. Дәл қазіргі ойымда тек осы зертхананың болашағы, актерлеріміздің жеке тұлға ретінде қалыптасуына куә болғым келеді.

"86" , режиссеры Фархат Молдағалиев

Шығармашылығыңызға осы кезге дейінгі театр фестивальдері не берді? Қазақстандық фестивальдерге көңіліңіз тола ма?

Жалпы, отандық фестивальдердің жиі өтуін құптаймын. Бірақ, біздің ұйымдастырушылардағы бір кемшілік ешкімді ренжітпей қайтару деген түсінікте болуы. Сондықтан, ешкім дараланбайды. Егер, кемшіліктер мен артықшылықтар тура айтылса, деңгейі төмен қойылымға сол дәрежедегі бағасы беріліп, келесі фестивальге екі есе дайындықпен келетіндей пікір айтылуы тиіс. Ал, бізде көбіне қатысқаны үшін рақмет деген секілді номинациялармен тойдырып, одан әрі шыңдалуға, қажыр-жігеріңнің, шабытыңның қайралуына мүмкіндік бермейді. Дәл қазір өтіп жатқан фестивальден алғанымыз мол болды. Мәселен, біздің актерлеріміз бір үлкен серіпіліспен кетіп бара жатыр. Шет мемлекеттен келген 20 эксперттің пікірлерін тыңдап, ой түйіп, тіпті еуропалық театр фестиваліне осы қойылыммен шақырту алдық. Шығармашылық өсуге мүмкіндік беретін театр фестивальдері көп болса екен деп ойлаймын. Солардың бірі ретінде «Сахнадан сәлем» театр фестивалін айтар едім. Ол жерде ешкімге номинациялар бөліп бермейді, қойылымдар жайында пікір алмасу болып үлкен тәжірбиеден өтіп қайттық.

«Көрермен қабылдамайтын спектакль» деген пікірге қаншалықты келісесіз? Ондай қойылымдар болуы мүмкін бе?

Менің ойымша, олай болуы мүмкін емес. Көрерменге бар кінәні арта салудың қажеті жоқ. Көрермен келмейтін, көрермен қабылдамайтын спектакль болмайды. Тек, айтар ойыңды оңтайлы түсіндірудің, ойлантудың жолын таба алсаң болды. Мысалы, мен эксперимент екен деп қайдағы жоқ дүниені бұрқырата берсем не болмақ? Айтқанымды көрермен түсінбесе, ойым оқылмаса менің кінәм. «Эффект для эффекта» дегеннен аулақ болуға тиіспіз. Ар жағында айтар ойы жоқ, жарқ еткен бір эффект жасау түкке тұрғысыз. Мен спектакль қойғанда көрермендер ойланып шықса екен деп тырысамын. Көрермендер бір жылап алып, ұмытып кететін уақытша дүние емес, санасында біраз күн тұрақтап қалатындай ой туғызғанын қалаймын. Тәрбие беру, мораль оқу деген менікі емес. Біздің мақсат – ой салу. Көрермен деңгейі мен шығармашылық көркемдік деңгейді тең ұстауымыз қажет.

Қазақ театр өнерін дамыту жолында қандай мақсаттарыңыз бар?

Қай елге барсақ та қазақ деген ұлттың қандай екенін, ерекшелігін көрсетуіміз керек. Драматургтер жоқ екен деп қол қусырып отырмай, қазақ әдебиетіндегі қаншама романдарды сахнаға лайықтап шығару мақсатым бар. Менің мақсатымның негізгі бағыты – ұлттық құндылықтарымыздың ерекшелігін, деңгейін шетелге таныту. Менің бағытым деген сөз зертханалық театрдың бағыты деген сөз. Яғни, мақсатымыз да, бағытымыз да айқын. Өнер сүйер қауымды әлі талай жаңа туындылармен қуантамыз деген сенімдеміз, Алла қаласа.

«StartDrama» зертханалық театрының ұжымы. Театр құрылған алғашқы сәттер