Баубек Нөгербек: «Сыншылар таңдауы» жүлдесі кино өнеріміздің жандануы үшін өте керек

Кинотанушы, PhD, Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА доценті Баубек Нөгербекпен сұхбат
Баубек Нөгербек: «Сыншылар таңдауы» жүлдесі кино өнеріміздің жандануы үшін өте керек
фото авторы: Марина Константинова

сұхбаттасқан: Әлімақын Жанболат

кинотанушы


Елімізде кино саласы бойынша үздік туындыларды анықтау және отандық кино өнерін қолдау мақсатында төрт жылдан бері Қазақстан киносыншылары қауымдастығы тағайындаған «Сыншылар таңдауы» жүлдесі беріліп келеді. Үстіміздегі жылдың 20 наурызында 2017 жылдың айтулы кинотуындыларын бірнеше аталым бойынша марапаттау рәсімі Алматыдағы «Арман» кино орталығында өткен болатын. Салтанатты шарадан кейін аталған киносыншылар қауымдастығының мүшесі, кинотанушы, PhD, Т.Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА доценті Баубек Нөгербекпен сұхбаттасудың сәті түсті.

 

Баубек Бауыржанұлы, кинематография саласы бойынша беріліп отырған «Сыншылар таңдауы» марапатының іріктеу ережесі мен ерекшелігі туралы және үздік фильмдерді анықтауға кімдердің дауыс бергені жайлы толығырақ айта кетсеңіз. 

Қазақстан киносыншылары қауымдастығының ережесі бойынша іріктеуге ешқандай өтінімсіз-ақ өткен жылы елімізде үлкен экран арқылы халық назарына ұсынылған барлық толықметрлі көркем фильмдер қарастырылды. Фильмнің Қазақстанда көрсетілуі ең маңызды шарт. Мәселен, Жанна Исабаеваның «Света» фильмінің тұсауы былтыр Токио ХКФ-де кесілгенімен бұл фильм Қазақстанда көрермен назарына ұсынылмады, тек 2018 жылы ғана көрсетілді. Осы себепті «Света» жүлдеге үміткер бола алмады. Ал қысқаметрлі фильмдердің жалпы саны көп болғандықтан (200-ден астам), біз киносыншылар қауымдастығымен әріптес саналатын отандық «Байқоңыр» Республикалық қысқаметрлі фильмдер фестивалі мен астаналық «КиноstArt»  жүлдесінің үздік деп танылған бес туындыны дауысқа салдық. Ереже бойынша киносыншылар қауымдастығына мүше 13 адамның әрқайсысы түрлі номинация бойынша тек ең таңдаулы деген 4 фильмді ұсынды. Осылайша жалпы 52 дауыстан жекелеген 13 номинация бойынша ең көп ұпай жинаған фильмдер таңдалды. Екі фильм тең дауыс жинаған жағдайда туынды қайта таңдауға түсуге тиіс. Нәтижесінде үміткерлердің қысқа тізіміне (шорт-лист) 18 фильм ілікті. Жүлделер «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік операторлық жұмыс» аталымдардан бастап «Фильмге жазылған үздік музыка» және «Үздік қысқаметрлі фильм» сынды жалпы саны 13 номинация бойынша табысталды. Фильмдерді іріктеуге аталған қауымдастықтың мүшелері Гүлнар Әбікеева (қауымдастық президенті), Кәрім Қадырбаев, Ольга Малышева, Дмитрий Мостовой, Төлеген Байтөкенов, Назира Мұқышева, Баубек Нөгербек, Инна Смаилова, Олег Борецкий, Ғалия Байжанова, Гүлажар Машрапова, Мәди Мәмбетов, Александр Поршнева қатысты. Бір айта кетерлігі, қауымдастық құрамына қазақ тілді киносыншылар тек 2017 жылдың аяғынан ғана қосылды. Олардың арасында сізбен сұхбаттасып отырған кісі мен Нәзира Мұқышева бар.

Көріп отырғанымыздай «Үздік фильм» аталымы «Үздік фильм /драма» және «Үздік фильм/комедия, атыс-шабыс, экшн» деп екі бөлек беріледі екен. Сіз Нариман Төребаев пен Талғат Шағанбаевқа «Үздік сценарий» номинациясын табыстау сәтінде сахна төрінен киносыншаларға таңдау жасау біршама тартысты өткенін айттыңыз. Басқа да жүлде алған фильмдер туралы тарқата айтып берсеңіз.

«Үздік фильм/драма» жүлдесі Сәбит Құрманбековтің «Оралман» атты кинокартинасына берілді. Айта кету керек, осы номинация бойынша Серік Апырымовтың «Әкеге қоңырау шалу» фильмі де көп дауыс жинаған еді. «Оралман» бір дауыс айырмашылығымен жүлдені иеленді. Шетелден Атажұртқа оралған қазақтардың Қазақстандағы бүгінгі өмірі, жаңа ортаға бейімделу мәселелері жайлы көркемсуретті толықметрлі кинотуындының көтерген тақырыбы ауқымды да өзекті. Жалпы «Оралман» фильмінің көркемдік сапасы туралы оң пікір айтуға болады. Оған бір дәлел, халықаралық кинофестивальдер мен «Сыншылар таңдауы» жүлделерін алуы. «Оралман» фильміндегі бас тақырып – қазақ халқының кешегі аласапыран заманының трагедиясы. Отарлау, қызыл қырғын салдарынан өзге елге көшуге мәжбүр болып, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанға Ауғанстаннан оралып, жаңа қоғамда бейімдеуге түсу барысы бір отбасы арқылы шебер көрсетілген. Фильмдегі бас кейіпкер бейнесі заманауи қазақ киносындағы жаңа сипатқа ие. Ол – табанды күрескер, шынайы отыншыл болмыстағы тұлға, еш кедергіге қарамастан мақсатына қол жеткізген жеңімпаз кейіпкер. Бұл фильм Еуразия ХКФ, сондай-ақ, Тегерандағы «Фаджр», РФ Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен мұсылман киносы ХКФ-інде және т.б. жүлде иеленді. Бұл фильмнің Қазақстанда көрсетілген нұсқасынан бөлек фестивальдік нұсқасы бар деген ақпарат тараған, яғни, бізге көрсетілген нұсқасында кейбір сахналар қысқарған. Бұның себептерін фильм авторларынан нақтылап білу керек. Ал «Үздік режиссер» аталымы бойынша жүлдені айқын басымдықпен Серік Апрымов ұтып алды. «Үздік сценарий» жүлдесін анықтау барысы біраз тартысты жағдайда өтті. Негізгі екі үміткер болған – «Ластанған үлкен шаһар» («Грязь в большом городе») мен «Шек» («На грани») фильмдері. Дауыс беру нәтижесі бойынша Н.Төребаевтың фильмі бір ғана дауыс басымдылығымен «Үздік сценарий» жүлдесін жеңіп алды. «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесін Ақан Сатаевтің «Ол» (Она) фильмі үшін белгілі жас кинооператор Азамат Дулатов жеңіп алды. «Оралман» фильміндегі жұмысы үшін «Үздік қоюшы суретші» жүлдесін Рустам Одинаев алса, осы фильм бойынша «Үздік ер адам рөлі» номинациясы Дулыға Ақмолдаға бұйырды. Алайда, бұл ретте де Д.Ақмолдадан бір ғана дауыс айырмасымен «Шек» («На грани») фильмінде ойнаған Шәріфбек Зәкіров артта тұрды. Ал «Үздік әйел рөлі» жүлдесі бір ауыздан «Арман» фильміндегі бас кейіпкер бейнесін сомдаған Жұлдыз Айдарбековаға берілді. Өзге номинациялар бойынша жүлделерді тағайындау негізінен бір ауыздан, айқын басымдылықпен шешіліп отырды деуге болады.

Қазақ киносында өзіндік қолтаңбаға ие, қазақ киносы «Жаңа толқынының» өкілі Серік Апрымов биыл «Үздік режиссер» атанды. «Әкеге қоңырау шалу» фильмінің Апрымовтың бұған дейінгі фильмдерімен салыстырғанда қандай да бір өзгешелігі бар ма? Кинотанушы ретінде фильмге пікіріңізді білсек.

Режиссер Серік Апрымовтың өзінің айтуы бойынша «Әкеге қоңырау шалу» эксперименттік фильм болып саналады. Әуелі фильмнің азғантай жеке қаржыға түсірілгенін айта кету керек. Кинокартинаның режиссері, операторы, сценарий авторы және продюсері қызметін Серік Апрымовтың өзі атқарды. Бір жағынан бұл қаржы тапшылығының әсері болса, екінші жағынан бұл жайттың салдары Апрымов үшін экспериментке айналды, яғни, ол фильм өндірісінде бір мезетте бірнеше қызметті атқарды. Фильм оқиғасы баланың әкеге қоңырау шалуынан басталады. Алайда біз бұл қоңыраудың мәнісін тек фильмнің соңынан білеміз. Әрине фильмде «жаңа толқыннан» қалған қираған үйлер, жұмыссыздық, қысқасы баяғы негативті атмосфера байқалады. Алайда режиссердің бір ерекшелігі актерлерді таңдауда, олармен жұмыс істеуінде, әсіресе, балалармен жұмыс істеу тәсілінде айқын аңғарылады. Бас кейіпкер бейнесін сомдаған түрлі жастағы балалар экранда соншалықты шынайы көрінгенін ерекше атап өту қажет. Бұл біздің киномыздағы көп кездесе бермейтін режиссерлік шеберлік. Жоғарыда айтып өткенімдей, бір қарағанда фильмде 90-жылдардағы құлдырау, жолы болмаған кейіпкерлер жүргенімен, фильмнің соңы позитивті тұрғыда аяқталғанына куә боламыз. Шала сауатты дәрігердің қойған диагнозының арқасында отбасында психологиялық қысым, моральдік және физикалық қорлық көріп өскен, ата-ана мейірімінен айырылған бала ешнәрсеге қарамастан қаладағы балалар үйінде есейіп, өмірден оз орнын тауып, жетістікке жетеді. Бірақ, бұл сахна қалай көрсетілгені жайына келсек, өкінішке орай визуалды, эстетикалық жағынан примитивті түрде орындалғанын байқаймыз. Фильмдегі оқиға басынан аяғына дейін шын өмірге жақын етіп, деректі кино стилінде – ауылдағы үйлердің интерьерлері мен экстерьерлерінде қосымша жарық қолданбай, бақылаушы-камерамен, Серік Апрымовтың алғаш фильмдерінен-ақ қалыптасқан өзіндік қолтаңбасымен түсіреді. Ал соңғы сахнада біз есейген бас кейіпкердің кеңсеге ұқсас бөлмеде, биік қара креслода отырғанын көреміз. Бұл сахнада жарық қою үлгісі музыкалық бейнебаян эстетикасында жасалған. Бұндай контраст көзге қатты түседі және бір жағынан фильмді біртұтас туынды ретінде қабылдауға кедергі тудырады. Ал екінші жағынан алсақ, бұл визуалды және эстетикалық контрастты қолдану арқылы режиссер кейіпкердің биік шыңға жеткеніне баса назар аудартады. Осындай финал арқылы «қазақ жаңа толқыны» дәстүріндегі кейіпкер бейнесінің эволюциясы орын алды деуге болады. Кейіпкер әлемі тұрғысында қандай да бір үміттер ояна бастағанын аңғарамыз. Серік Апрымов 2000-жылдардың басында өзінің бір сұхбатында «біз «қазақ жаңа толқыны» кезеңінде адамның қандай болмауы керектігін көрсеттік, ендігі кезекте біз адамның қандай болуға лайық екендігін көрсетуіміз қажет» деген пікір айтқан екен. Біз «Әкеге қоңырау шалу» фильмінде өзгерген кейіпкерді көреміз. Серік Апрымовтың бұған дейінгі «Бауыр» фильмі туралы да әртүрлі пікірлер айтылды. Алайда сол фильмдегі айналасына тек қана көмек көрсеткісі келетін қаршадай бала арқылы режисер қазақ қоғамына ізгілену керек екендігі сынды авторлық көзқарасын аллегориялық тұрғыда айтқысы келгенін аңғаруға болады. Бұл тұрғыда Серік Апрымов заманауи қоғам болмысына өз тарапынан нақты бағасын беріп жатыр.

«Сыншылар таңдауы» жүлдесін беру барысында белгіленген номинациялардан тыс қосымша жүлделер табыстаған екенсіздер. Солар туралы толығырақ айтып өтсеңіз.

Иә, биыл дәстүрлі 13 жүлдеден бөлек екі арнайы жүлде табысталды. Суретші-гримдеуші Ирина Струкова киноға қосқан үлесі үшін марапатталды. Тағы бір жүлде деректі кино продюссері Нарын Игілікке табысталды. Бұл жүлде Viasat History арнасының «Жауынгер әйелдер» («Warrior women») атты ірі халықаралық жобасында сақ тайпаларының батыр қыздары туралы баяндайтын «Эпикалық  жауынгер әйелдер – амазонкалар» («Epic Warrior Women – Amazons») атты деректі фильмге Қазақстан тарапынан қосқан үлесі үшін берілді. Жалпы кез-келген кинотуынды ұжымдық шығармашылық еңбектің ортақ нәтижесі болғандықтан, біз барлық мамандардың жұмысын сараптауға, бағалауға тырыстық. Бұл біздің кино өнеріміздің жандануы үшін, киногерлерді шабыттандыру үшін өте керекті дүние деп ойлаймын.

Соңғы бір-екі жылда қазақ киносында комедиялық жанрдағы туындылар көптеп түсіріліп жатыр. Кейбірі тіпті қомақты кассалық табыс жинағанын ақпарат құралдарынан естіп жатырмыз. Ұлттық киноның беталысына, бүгінгі кино өнерінің жағыдайына байланысты қандай қорытынды жасай аласыз?

Өткенге көз салсақ, комедиялық фильмдер әлемдік кино тарихының бастауында көптеп түсірілгенін байқаймыз. Бізде дәл осы құбылыс қайталанып жатқан сияқты – экранға шығып жатқан фильмдердің басым көпшілігі комедия жанрында. Демек, алдағы уақытта бізді үлкен жаңалықтар мен жетістіктер күтіп тұр (күледі). Ең қызығы, біздің комедиялық туындыларымызға интернетте жазылған пікірлерді қарасақ, негізінен біздің кино өндіріске деген жағымды көзқарастың қалыптасып келе жатқанын байқауға болады. Алайда, өкінішке орай аталған жанрдағы фильмдердің көркемдік сапасы көп жағдайда сын көтере бермейтіні анық. Негізінен үйлену тойы тақырыбына, келін мен ене қарым-қатынасы мәселесіне арналған фильмдер өте көп. Комедияның саны көп болғанымен, тақырып аясы тым шектеулі болып отыр. Мысалы, балалар тақырыбына да арнап комедиялық фильмдер түсіруге болады. Кейбір отандық комедиялық фильмдерде дөрекілік, келеке ету басым екенін де байқау қиын емес. Әрине комедиялық фильмдер арқылы да астарлы шындықтарды айтуға болады. Бір жағынан санның көбеюінен сапа туындауы да мүмкін. Мәселен, өткен жылы Қазақстанда жалпы саны 30-дан астам толықметрлі көркем фильм экранға шықса, биыл 50 кинокартина көрерменге жол тартады деп күтілуде. Қалай дегенмен де кино саласы мол қаражатты, үлкен күшті талап ететін сала ғой. Сол үшін де саны аз болса да, бұрын аз түсірілетін атыс-шабыс, хоррор жанрындағы туындылар түсіріліп жатыр. Авторлық кинодан бөлек жанрлық фильмдердің көптеп түсірілуі кино нарығында шетелдік фильмдермен бәсекелес отандық туындылардың бар болуын қамтамасыз етеді. Әрине, қазақ киносының түрлі бағытта дамуы керек-ақ. Алайда, біздің негізгі мақсатымыз киноның тілін шеберлікпен қолданған өнер туындыларын қолдау болуы керек. Әсіресе режиссерлік ізденісі бар, жаңаша формаларға ұмтылыс танытқан туындыларды байқап, оларға лайықты, әрі уақытылы баға беру арқылы біз ұлттық кино өнерімізді өркендете аламыз деп есептеймін.

Сұхбатыңызға рахмет.