Өнер жолына келіп, келешекке нық қадам басып келе жатқан, «Ұшқын» студенттік кино фестивалінің «Ең үздік көркем фильм», «Ең үздік әйел адам рөлі», «Ең үздік сценарий» номинацияларының жеңімпазы «Vosmerka.kz сайтының таңдауы», «Бауыржан Нөгербек атындағы арнайы жүлде» дипломдарының иегері, «KinostArt» және «Сыншылар таңдауы – 2018» фестивальдерінің «Ең үздік қысқаметрлі фильм» номинациясының жүлдегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Кино, театр және ТВ» факультетінің «Көркем фильм режиссурасы» мамандығының ІІ курс студенті, «Самал» фильмінің режиссері - Шұғыла Сержанмен жүргізген сұхбатты ұсынамын.
Шұғыла, сізді «Ұшқын», «KinostArt» және «Сыншылар таңдауы – 2018» кинофестивальдерінен алған жүлделеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ең алдымен өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз. Қай жерде дүниеге келдіңіз? Өнер жолына қалай келдіңіз?
Мен Қытай Халық Республикасы Шыңжаң Ұйғыр автономиялы облысы, Іле қаласы, Текес ауданында дүниеге келдім. Туған жерімде 11-сыныпты аяқтаған соң, Бейжің Киноакадемиясына «Көркем фильм режиссурасы» мамандығына тапсырдым. Тапсырған жылы менің нәтиже көрсеткішім Шыңжаң Ұйғыр автономиялық облысы бойынша ең бірінші болып тұрды. Бірақ академияда өзге ұлттар өкілдеріне грант бөлінген жоқ, соның салдарынан оқуға түсе алмадым. Сосын сол жылы Фужоу университетіне «Экономика және менеджмент» факультетіне тапсырып, сонда 1 жыл оқыдым. Осы бір жыл ішінде менің еш нәрсеге зауқым соқпады. Себебі, мен кішкентайымнан режиссер болуды, кино саласында жұмыс істеуді армандадым.
Фужоуда оқып жүрген жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Көркем фильм режиссурасы» мамандығында оқитын Самғар Рахыммен таныстым. Сол кісі «Біздің елде де «Режиссура» мамандығы бар, Қазақстанға кел» деп кеңес берді. Сол уақыттан кейін елге келуді жоспарлай бастадым. Осылайша 2015 жылы Қазақстанға келіп, Талдықорған қаласында қазақ тілінен дайындық курсында оқып жүрдім. Содан Астанаға келіп, қалаған мамандығыма оқуға түстім.
Демек, режиссер болуды жастайыңыздан армандаған екенсіз ғой?
Иә, айтып өткенімдей, режиссер болуды кішкентай кезімнен армандадым. Қалада оқитын ағам демалысқа келген сайын фильмдер бар дискілерді көптеп алып келетін. Үйде жүргенде сол фильмдердің барлығын көріп, осы кісілер қалай түсіреді екен деп қатты қызығатынмын. Ол кезде режиссура деген мамандықтың бар екенін білмесем де, кино түсіретін адам бар емес пе деп ойлайтынмын. Сондай-ақ, бейнелеу өнеріне қызықтым. Себебі, сол арқылы ішкі ойыңды, сезіміңді жеткізе алатын мүмкіндік бар ғой. Қытайда танымал режиссер Жанар Сағатқызының кітабын оқып, кино түсіретін адам – режиссер екендігін, режиссура деген мамандық бар екендігін, сол мамандыққа түсу жолдары жайлы білдім. Содан бастап әлемдік кинематографияда елеулі орын алатын фильмдерді қарай бастадым.
Отбасыңызда өнерге жақын адамдар бар ма?
Жалпы отбасымызда алты адамбыз. Ата-анам, екі әпкем, ағам және мен. Әке-шешемнің өнерге мүлде қатысы жоқ десе болады. Бірақ, анам ән салғанды өте қатты жақсы көреді. Әке-шешем өнер адамы болмаса да, балаларын өнерге баулуға тырысты. Анамның ағалары суретші болды. Сондай-ақ, әпкем суретші мамандығында оқыды, ағам музыкаға жақын болды. Бірақ, сол мамандықты бітіргеннен соң мамандық бойынша жұмыс істеген жоқ. Кейін мен есейіп, режиссер болам дегенде олар шошыды. Үйдегілерге «Режиссер боламын!» дегенде, «оның не тағы» деп күлетін. Алғашында осы сөздерді айтып жүргенімде олар мені дирижер боламын деп айтып жүр екен деп ойлапты. Оны не істейсің, қиын мамандық деп бетімді қайтарған сәттерінде, оларға режиссердің кім екенін түсіндіретінмін. Режиссерлікті таңдаймын дегенде аға-әпкем де тастап кетесің деп қарсы болды. Мен үзілді-кесілді режиссер боламын, осы жолмен кетемін деп шешіп, үйімнен жыраққа кетіп, жалғыз өзім Қазақстанға келдім. Негізі отбасым қыз бала болғасын алысқа кеткенімді қалаған жоқ болатын. Алғашында қарсы болғандары да осыдан.
«Самал» фильміне келсек. Фильмнің идеясы қалай пайда болды?
Мектепте сабақ берген мұғалімім болатын. Сол кісінің қызы екеуіміз құрдас, жақсы дос болдық. Екеуміз Қазақстанға келеміз деп бірге болашаққа жоспар құрдық. Ол диктор болуды армандайтын. Біз кететін жылы оның анасы сал ауруына шалдығып, сырқаттанып қалды. Құрбым бәрінен бас тартып, анасымен бірге үйде қалды. Сол кезде: «Бәрінен бас тартсаң да, үйден бас тарта алмайсың. Үйде қаламын» дейтін. Анасымен бір айдай ауруханада жатты. Мен осында келгеннен кейін де араласып тұрдық. Сол кездерде «Неге бұлай болды екен» деп көп ойлайтынмын. Ең алғашында фильмде осы оқиғаны, яғни қыз бен ана арасындағы қарым-қатынасты бергім келген. Кейінірек ағам үйленіп бөлек шығып, 3 қыз жан-жақта жүргесін әкем мен анам үйде жалғыз қалды. Сол кезде ағама ренжіп ұрысатынмын «неге кетесің, әке-шешемізді бағуың керек» деп. Сол кезде ағам: «Менің де өмірім бар. Ауылда қанша уақыт жүремін. Қалаға барып жұмыс істеймін, ақша табамын ел қатарлы» деген болатын. Осылайша осы екі оқиғаның қосындысынан «Самал» фильмі жарыққа келді.
«Самал» фильмінде басты кейіпкерлерді танымал актерлер сомдады. Осы актерлерге ұсыныс түскенде бірден келісті ме?
Біз басында актерлерді ұзақ іздедік. Сценариді І курстың қысында бастаған болатынмын. Сценарий жазылу барысында кімді және қалай іздеу керек деп ұзақ ойландық. Кейін таңдау Рүстем Жанаманов пен Жанель Аликоваға түскенде олар бірден келісті. Себебі, оларға сценарий ұнағанымен қоса екеуі де бұрындары менің ұстазым Ерлан Нұрмұхамбетовтың фильмдеріне түскен болатын. Осылайша ағайымның арқасында жақсы актерлерді фильмге түсіруге мүмкіндік алдым.
Ал, әжей туралы не айтасыз?
Алғашында әжейдің рөлінде кәсіби театр актрисасы болды. Өкінішке орай, ол кісі жұмыстарымен түсірілім алаңына келе алмай қалды. Түсіруді бастау керек болғасын, түсірілім болып жатқан ауылдан әр үйге кіріп, егде тартқан әжені іздей бастадық. Екі кісіні таңдап алдық. Біреуі жастау болды, екіншісі осы фильмге түскен Бейкүт әже болды. Басында біз рөлді алып шыға алмай қала ма деп қобалжыдық. Өйткені, расымен де қарт кісі болды. Бірақ, ішкі түйсікке сеніп, рөлге Бейкүт әжені бекіттік.
Фильм түсіру барысында қандай қиыншылықтар болды?
Бізге қаражат жағы қиынға түсті. Түсіреміз деп оқталып жүргенімізбен ақша мәселесі жұмысты шегеріп тұрды. Мен, директорым Әмір Әменов, операторымыз Азамат Мұқанов үшеуіміз бірігіп жиналған ақшаға осы фильмді түсіріп шықтық.
Сондай-ақ, түсірілім алаңына келгенде бұл менің алғашқы фильмім болғасын, қалай жұмыс істеу керектігін мүлдем білмедім. Осы орайда Рүстем аға көп көмектесті. Жалпы, бүкіл команда маған жақсы қолдау көрсетіп, білмегенімді үйретіп, қателіктеріме көз жұма қарағандарының және ұйымшылдықтың арқасында осы фильмді алып шыға алдық. Осы орайда ұстазым Ерлан Маратұлына және досым Әмірге ерекше алғысымды білдіргім келеді.
«Самал» фильмі елімізден тыс басқа шет мемлекеттердегі фестивальдерге шыға ма?
Қазір ізденіс үстіндеміз. Әзірге мүмкін деген фестивальдерге ұсынып, бағымызды сынап жатырмыз.
Шетел демекші, шетел режиссерларынан кімді пір тұтасыз?
Р.Брессон, Ж.Л.Годар, Ф.Трюффо, Э.Ромер, И.Бергман, А.Тарковскийдің, қазіргі режиссерлардан А.Кешиш шығармашылығын жақсы көремін. К.Киешловскидің (Krzysztof Kieślowski) «Үш түс» трилогиясы мен С.Капланоғлудың «Жұмыртқа», «Бал», «Сүт» фильмдерін сүйіп көремін.
Қазақ режиссерларынан кімдердің шығармашылығы жаныңызға жақын?
Қазақ режиссерлерінен «Жаңа толқын» өкілдерін, әсіресе, Дәрежан Өмірбаевтың фильмдерін ұнатамын. Дәрежан ағаның фильмдерін көргеннен кейін кино тілі дегеннің не екенін, кино да бөлек жатқан ғылым екенін түсіне бастадым. Өзімнің ұстазым Е. Нұрмұхамбетовтың шығармашылығы жаныма өте жақын.
Алдағы уақытта қай тақырыпта түсіргіңіз келеді?
Алыста жүргесін үйді көп ойлайсың. Үй деген соң балалық шағың, ауылың еске түседі. Сондықтан да, алдағы фильмдерде де үйдің атмосферасы, жырақта жүрген бойжеткен қыздың оқиғасы, достық махаббат секілді өз өміріммен тығыз байланыста болатын фильмдер жарық көреді деп ойлаймын.
Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылығыңыз шарықтай берсін!