ХХІ ғасыр – ақпараттық технологияның өркендеген кезеңі. Теледидар мен компьютер бүкіл әлемнің, адамзаттың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін, ғаламтордан өз қажетін тауып, тамашалай алатын мүмкіндігі мол заман.Соның ішінде «3D теледидары» кең таралып, тұрмыстық дүниенің біріне айналып бара жатыр. Арнайы көзілдірік арқылы үйден шықпай-ақ кинотеатрдың өзінде отырғандай сезіне аласыз. Енді міне, «4D»-дан «7D»-ға дейінгі форматты экран бар. Соңғы шыққан «7D форматты» экран арнайы көзілдірікпен орындығыңда отырып, фильмнің ішінде саяхаттап, жаңбырдың астында қалып немесе аяғыңыздан жылан шаққандай күй кешесіз. Ал, осының бәрі бола тұра, кино қондырғысын сақтап, бүгінгі күнге дейін елді мекендерге архивте жатқан қазақ фильмдерін насихаттап жүрген адам бар десе сенесіз бе? Әлде, сенбейсіз бе? Ендеше, сіздерге айтайын... Ол кісінің кино өнеріне деген махаббаты уақытша ғана қызығушылық болып қалмай, өмір бойына сүйікті ісіне айналған. Ол Солтүстік Қазақстан облысы, Ш.Уәлиханов ауданы, Ақбұлақ ауылының тумасы – Жәнібек Қапезов.
Қайырлы күн, Жәнібек аға. Киномеханик мамандығымен қай кезден бастап айналысып келесіз?
Мен арнайы киномеханиктер дайындайтын училищені Қарағанды қаласында 1973 жылы аяқтадым.Сол уақыттан бері қондырғыммен, Солтүстік өңірдегі ауыл-аймақты, аудан орталықтарының бала-бақшалары мен мектептеріне, қарттар үйі мен жетімдер үйіне жиі-жиі барып тұрамын.
Ескі қондырғы арқылы көрсетілетін фильмді кішкентай бүлдіршіндер мен қариялар қалай қабылдайды?
- Әрине, өсіп келе жатқан буынға бұл өте қызық дүние болып көрінеді. Таңғажайып әлемге тап болғандай мультфильмге ғана емес, экраннан көрсетіліп жатқан әрбір іс-қимылға, дыбысына зейін қойып бақылайды. Ал, қарттар үйіндегі көрермендер бұл құрылғыны біледі. Өйткені, балалық шақтарында талай фильмді осы қондырғымен көрген. Мені көргенде кішкентай баладай қуанып, залға жайғасып алады. Олардың ішінде бұл киноқондырғы «ескі үйге кіріп балалық шағыңды еске алағандай, керемет әсерге толтырады» деп жататындары бар. Кетерімде келесі жолы, «осы фильмді көрейік» деп ұсыныс жасап жататындары жоқ емес.
Ол фильмдерді қай жерден аласыз?
- Қарттар тапсырған фильмді табу ізденісті талап етеді. Петропавл, Арқалық және Қостанай қалаларында орналасқан КГУ «Центр по сохранению и использованию кино-видеофонда» деген мұрағаттарды аралап, белгілі бір уақытқа дейін келісіп алып, жұмысымды жалғастырамын. Көбінесе, қазақ ауылдарында орналасқан мекемелер фильмнің қазақ тілді болғанын қалайды. Бірақ, өкінішке қарай, қазақ тілді нұсқасы бола бермейді. Қоржыныма «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген фильмдермен қатар, кеңес үкіметі кезеңінде түсірілген ресей, өзбек, тәжік фильмдерін жинаймын. Нағыз классиктердің: Ш.Аймановтың «Алдар Көсе», «Тақиялы періште», М.Калатозовтың «Летят журавли», басты рөлде С.Бондарчуктің өзі ойнайтын «Судьба человека», Ш.Аббасовтың «Ты не сирота», Б.Кимягаровтың «Хасан Арбакеш» фильмдерін көреді. Мені шалғайдағы жетімдер үйінің меңгерушілері, директорлары әбден танып алған. Балаларға аз да болса қуаныш сыйлауға тырысып, Ш.Бейсембаевтың «Арман – атаман», А.Қарсақбаевтың «Алты жасар Алпамыс», «Менің атым Қожа» секілді фильмдерін ұсынамын. Міне, осылай адамға қуаныш сыйлау мамандығымның арқасында іске асып жатады.
Мамандығыңыз негізгі табыс көзі ме?
– Жас кезімдегі мақсатым, табыс көру болатын. Көрерменің көп болғаны жақсы. Қазіргі уақытта зейнетке шықтым. Енді кәсібімді хобби ретінде көремін. Тауып жатсам, табысымды жетімдер үйіне немесе қарттар үйіне беремін. Жақында ғана психолог мамандары және медбикелермен бірігіп, жастарға нашақорлыққа қарсы үгіт жүргізіп, түзу жолдан таймайтындай бағыт-бағдар беру мақсатында Р.Нұғмановтың «Ине» фильмін көрсеттік.
Сіз жайлы Т.Жүргенов атындағы академиясының М.В.Соловьева шеберханасында тәлім алған А.Сәтбекова, Ф.Әсерханов секілді дарынды студенттер қысқаметрлі деректі фильм түсірген екен. Сол жөнінде толығырақ айтып берсеңіз.
– Иә, ол фильм 2013 жылы түсірілді. Көрші ауылда Алматы қаласында режиссерлікте оқып жүрген бір қыз бар екен. Мен жайлы естігені бар шығар, ауылға келіп «Сіз жайлы деректі фильм түсіргім келеді. Бұл деген таңқаларлық жаңалық қой. Фильмді түсіретін топпен келеміз» деп кетті. Сөйтіп, «Соңғы киномеханик» (Последний киномеханик) атты деректі фильм түсірілді. Кейін ол фильм, III Халықаралық «Бастау-2013» кинофестивалінде конкурстық бағдарламада көрсетілген. Кинофестивальдің студенттік фильмдер конкурсының қазылар алқасы А.Сәтбекованы «Ерекше талғам» номинациясы бойынша марапаттаған. Осы фильмді дипломдық жұмысы ретінде ұсынып, жоғары баға алған. Маған фильм қатты ұнады, жетістікке жетіп, еңбегі еленіп жатқанын естіп қуанып қалдым. Ауылға келгенде осындай қуанышты жаңалықтарын айтқан болатын.
Уақытты кейінге шегерсе, осы мамандықты қайта таңдар ма едіңіз?
- «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деген мақал бар. Кино түсіріп, қазақ киносының қоржынын толтырып, дәл бүгінгі күндей насихаттаудан рахат табар едім. Ескі қойын дәптерімнің әр бетінен көрерменнің жылы пікірлері мен ұсыныстарын оқып, бір жылулық сезініп қаламын. Ш.Айманов, Ш.Бейсембаев, С.Қожықовтай азаматтар шықса деймін. Мен бүгінгі жас ұрпақтан көп үміт күтемін.
Жәнібек аға, орталыққа арнайы келіп, сұхбаттасқаныңыз үшін мың алғыс! Өмір жасыңыз ұзақ болсын.
Бүкіл өмірін кино өнерінің небір классикалық туындыларымен таныстырып, көрерменін қуантып жүрген, халықтың алғысын арқалап келе жатқан, әрбір күнін киномеханиктің тынымсыз еңбегіне арнаған Жәнібек ағаның армандары ертелі-кеш орындалатынына сеніміміз мол.