Гүлім Рахимова: Қуыршақтарымды жақсы көремін

Алматы қаласының Мемлекеттік Қуыршақ театрының артісі, актриса Гүлім Рахимовамен сұхбат.
Гүлім Рахимова: Қуыршақтарымды жақсы көремін

Гүлім ханым, бірінші сұрағымды мынадан бастағым келіп отыр. Әр адам баласы бала кезінен қиялшыл болып келеді. Мәселен, өскенде «мынадай» адам болсам екен деп, әркім арман жетегіне ереді. Сіздің осы бүгінгі кәсібіңіз бала кезгі арманыңыз ба? Жалпы, бұл ерекше өнер жолына қалай келдіңіз? Сол жайлы аздап айтып өтсеңіз.

Айтайын! Бала кезімнен
армандадым. Мектеп қабырғасында жүргеннен бастап әнші болдым, биші болдым.
Оркестрда күйші де болдым. Музыкалық мектептің бір жылын ғана оқып, ары қарай
дамыта алмадым. Дегенмен, өнерге деген қызығушылығым, талпынысым мықты болды.
Мектепті бітіре салысымен қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына түстім.
Мамандығым «Драма, кино актрисасы». Оқуымды бітіргеннен кейін осы қуыршақ
театры бұйырды. 1997 жылдан бастап осы жерде қызмет етіп келемін. Актерлық
шеберлігімді де дамыта түстім.

Бұл ортаға тез сіңісіп кете алдыңыз ба? Дегенмен, қуыршақ театры бөлек әлем ғой. Жұмыс орныңыз көңіліңізден шықты ма?

Жұмысымды қатты ұнаттым. Бұл
орта мен үшін өте ыстық. Өзімнің ұжымымды да жақсы көремін. Қуыршақтарымды
жақсы көремін. Тіпті сүйікті қуыршақтарымыз да бар арасында.

Сүйікті қуыршақ демекші, өзіңіздің ең жаныңызға жақын қуыршағыңызды атап бере аласыз ба?

Алғаш театрға келгенімде, Н.Оразалиннің
«Аққұс туралы аңызын» Б.Парманов атты режиссер қойған болатын. Ол қойылымда мен
Гүлсана атты басты кейіпкердің бірін сомдаған болатынмын. Сол ең алғашқы рөлім.
Ең жаныма жақын қуыршағым да сол.

Сіздің сомдайтын рөлдеріңіздің меніңше, өзара ұқсастықтары бар сияқты. Мәселен, сіз үнемі ерке, кербез мінезді кейіпкерлерді сомдайсыз. Сондай-ақ зерттеуімше, мысық, түлкі секілді жануарлардың рөлі көбіне сізге бұйырады. Сол өз рөлдеріңіздің табиғи мінезіңізбен бір байланысы бар ма?

Бір рөл бір рөлге ұқсайды деп
айта алмаймын. Мысық болсын, түлкі болсын пьесаның мазмұнына қарай олардың
мінездері де әртүрлі болып келеді. Жалпы, біздің мақсатымыз - жан-жақты
рөлдерді жаңғырту. Сондықтан, біз сомдайтын әрбір рөл өзара ерекшеленіп тұрады.
Ал рөлдерімнің табиғи мінезіме байланысына келетін болсақ, ия, расымен көбіне
жіңішке дауысты, ерке кейіпкерлерді сомдаймын. Әсіресе кішкентай қыздардың рөлі
маған жиі бұйырады. Мүмкін, осындай рөлдер шынымен табиғатыма жақын болғаннан шығар.

Жалпы актер үшін, сахнаға шығып өз атыңнан сөйлеу бір бөлек, ал қуыршақты сөйлету, қуыршақты тірілту одан да қиын деп ойлаймын. Қолдың да икемділігін талап етеді. Бұл қиын өнер түрін қалайша бағындырдыңыз? Қиыншылықтар көп болған шығар? Әлде, өзіңіздің сүйікті ісіңіз болғаннан кейін де сізге жеңілдеу болды ма?

Ең алғаш келген жылымызда
бірінші қуыршақты игере бастадық. Қазіргі таңда профессор Мақұлбеков Серік
қуыршақты жүргізуді үйретті. Қуыршақты бастапқыда меңгеру әрине қиынға соқты.
Сол қуыршақпен сомдайтын рөлді алып шығу үшін бойымызға біраз оны алдымен
сіңдіреміз. Бойға сіңгеннен кейін оны қуыршақтың бойына таратамыз дегендей.
Яғни, қуыршақты тірілту арқылы оның образын ашып, көрерменге жеткіземіз.  Әрине ондай еңбек көп уақытты талап етеді. Тер
төгіледі. Бірақ соның бәрін өзіңіз айтып өткендей, сүйікті ісің болғандықтан
жеңіп, жүзеге асырасың.

Әрине, бастысы жұмысыңа деген махаббат. Гүлім ханым, қуыршақ театры соңғы кезде жаңа әдісті алып келгені бізге мәлім. Яғни, қуыршақпен бірге актердың да сахнаға шығуы. Жалпы, бұл жаңа әдіске сіздің көзқарасыңыз қандай?

Жақсы... Өте жақсы! Өз басым қолдаймын.
Театр жаңарып жатыр. Оған тек қуануға ғана болады. Ал, негізі бұғанға дейін де
біз сахнада көрінбегенмен, тек қолдарымыз ғана жыбырлап жатқандай болғанымен,  кез-келген актер секілді бар күшімізді жұмсап
келдік. Бар болғаны, шымылдықтың ар жағында болғандықтан көрермен басқаша
қабылдауы мүмкін.

Жақын арада көрерменге ұсынылғалы жатқан «Ана-Жер-Ана» қойылымына тоқталғым келіп отыр. Режиссермен жұмыс жайында айтып өтсеңіз. Қандай ерекшеліктерін байқадыңыз? Жалпы, ол кісімен жұмыс істеген қалай екен? Көңіліңізден шыға ма, дегендей. Қанша дегенмен, алғаш жұмыс істеулеріңіз ғой...

Ия, Дина Құнанбайқызымен алғаш
жұмыс жасауымыз. Жалпы, жұмыс барысында таныса келе, ол кісінің қаталдығын
көрдік. Талап ететін режиссер. Біздің ішкі сезімімізді барынша ашып беруді
талап етеді. Ол кісінің әдісі де жаңа. Стилі де өзгеше. Ш.Айтматовтың
«Ана-Жер-Ана»-сы күрделі дүние ғой, өзіңіз білесіз. Ондағы Толғанайдың рөлі
маған бұйырып тұр. Осы кезге дейін жеңілдеу, көңілді рөлдерді сомдап үйреніп қалғаннан
кейін, мұңды, ауыр ананың рөлін сомдау әрине, оңайға соғып жатқан жоқ. Сол
соғыс жылдарындағы қиыншылықты, жоқшылықты жеткізу. Жан-ұясынан айырылған зарлы
ананың бейнесін ашу. Осының бәрін режиссерымыз талап етіп жатқандай, эмоцияны
асыра қолданбай, қарапайым түрде көрерменге жеткізе білуіміз керек. Біздің бір
сөзіміз шынайы естілмесе, ол кісі дайындықты бөліп тастап, қайтадан басынан
бастатқыза береді. Қиын. Дегенмен, барымызды салып жатырмыз. Дайындық өткен
сайын, алғашқы күннен әлдеқайда нәтиже жақсарғаны байқалады. Ал енді, бағасын
беретін көрерменнің өзі. Сол үшін, келіңіздер, көріңіздер дейміз.

Олай болса, сіздерге сәттілік тілейміз!