Тілектес Мейрамов: Істі бітірем деушілер көп, бітіретіндер аз

Қазақстанның халық артисі, профессор Тілектес Мейрамовпен 70 жас мерейтойына орай өткізілген сұхбат.
Тілектес Мейрамов: Істі бітірем деушілер көп, бітіретіндер аз

сұхбаттасқан: Ақтұлым Ербайқызы

ҚазҰӨУ, театртану, III курс


Аға, сөзімізді сіздің актер Тілектес Мейрамов болып қалыптасуыңызда тер
төккен өнегелі ұстаздарыңыз жайлы әңгімеден бастасақ...

Менің өнер жолына келуіме, өзімнің әнге деген қабілетім
мен құштарлығым себеп болды. Әуелі әнші болғым келетін. Алғашқы ұстазым деп
өзімнің аяулы анамды айтар едім. Әкем түздің адамы болатын. Қыстың қақаған
аязды күндерінде бір бөлімше, фермалардың жұмысын тексеруге жол тартып, апталап
аяз басылғанша бөлімшелердің шаруаларымен айналысатын. Сол кездердегі анам
екеуміздің жалғыз ермегіміз пештің түбінде жатып, ән айту болатын. Есейген
шағымда зоовет институтына қабылданып, оқуымды аяқтамастан, құжаттарымды алып
кеттім. Одан кейін де, бағымды сынап көрмекке политехникалық институтқа түсіп
тұрып, одан да кетіп қалдым. Қысқасы, ешкімнің айтқанына көнбеген, бозбала
Тілектес бұрынғы атауы Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетіне
(бүгінгі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына) өнер жолын қумаққа тәуекел
етеді. Қазақ театрын кәсіби деңгейге көтерген режиссер, бүгінде еліміздің талай
театр қайраткерлерінің ұстазы болған Асқар Тоқпановтың біздерге берген
тәлім-тәрбиесі зор. Тарих, әдебиет жайында өрбіткен әңгімелері біраз жылға азық
болатын. Сабақты тоқтатып қойып, домбырамен ән салып, арасында рөл ойнап, кейде
көңілі босап қалатын кездері де әлі күнге дейін көз алдымда. Осы кісінің
қолында екі жыл тәрбиеленіп, кейін бізге ҚР Халық артисі Шолпан Жандарбекова ұстаздық
етті. Мәскеуден оқу бітіріп келген орыс театрының актрисасы Людмила Ярошенко
бұл кісінің ассистенті болды. Сахна тілінен сабақ берген актриса Раушан
Әуезбаева апайымыздан да алған тәлім-тәрбиеміз аз емес. Театрға келгенімде
өзімнен жасы үлкен актерлерден көп нәрсе біліп, үйреніп жүрдім. Қазір
бәрін  тізіп айту мүмкін емес, әрине,
дегенмен керемет адамдар еді.

Аға, Әзірбайжан Мәдиұлы сіздің алғаш рет сахнаға шығарыңызда сахна сыртына
барып, жүрегіңіздің дүрсілін тыңдап, өмірлік ұстаным болатындай бір сөз айтқан
екен. Осы жайлы кеңірек тоқталсаңыз.

Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектакліндегі менің
серіктестерімнің барлығы сол кездегі театрдың қаймағы, мықты-мықты актерлер
болатын. Қойылымға ұзақ дайындалып, арасында гастрольдік сапарға да барып үлгергенбіз.
Марқұм мені өзіне жерлес деп жақын тартып жүретін Қарағандылық Халық әртісі Мүлік
Сүртібаев ағамыз болған. Кезінде бұл кісі Қозы, Төлеген сияқты рөлдерді көп
ойнаған. Спектакль басталар алдында грим салатын жігітке ақыл-кеңесін бере
отырып, салғызды. Ол кезде жарнама дегенің жоқтың қасы. Теледидар, радио арқылы
шулататын кезең емес еді. Қойылымның басталуына бір жарым сағат қалғанда, «Ойбай,
мына жақта кісі деген қаптап тұр. Есікке ие болатын адам жоқ» -  деген шу шықты. Көрермендерді ұстап тұру үшін
милиция шақыртылып, шығарманың авторы Ғабит Мүсіреповті  кызметтік есіктен кіргізіпті. Спектакль
басталар сәтте қобалжып, сахнаның сыртында бір қараңғы жерде жүргенмін. Қайдан
көріп қойғанын білмеймін, Әзекең қасыма келіп қалыпты. Жүрегімнің тұсын ұстап
тұрып: «Волнуешься?-деп бетіме қарап тұрды, мен басымды изеп «иә» дедім, это
хорошее качество, сохрани его,» - деген бір ауыз сөзі осы күнге дейін жадымда
сақталып, жастық шағымның өшпестей ізі болып қала берді. Одан кейін де, біраз
ескертпелерін айтып жүретін. Біздің буынды бақытты деп есептеймін. Себебі,
әрқайсымыз осындай ғұлама адамдардың ақылын тыңдай жүріп, бір-бір классикалық
рөл ойнап қалдық. Көптеген актерлермен әріптес болып, солардан үйренгеніміз де аз
емес еді. Әзекең айтпақшы, әйтеуір жұтылмай қалдық.

Жаныңызға жақын рөліңіз жайлы айтып кетсеңіз

Жастайымнан талай рөлдерді ойнадым. Бірақ жаныма жақыны
Чеховтың «Шағаласындағы» Сориннің рөлі, тізесі ауыратын науқас адам. Өзінің
трагедиясы бар кейіпкер. Бұл рөлді шығаруымда сыртқы детальдарды ойластырып, аяғының
ақсақтығын көрсету үшін, тіземнің артқы жағына тақтайша байлап тастайтынмын.
Актер аяғының ақсақ екенін ойламауы
тиіс. Егер соған алаңдап тұрса, ішкі жан-дүниесін шынайы жеткізе алмай
қалады. Мен режиссердің айтқанынан шықпай, сол кісінің қойған талаптарын
орындауға тырысатын актермін. Себебі, режиссер спектакльдің жалпы құрылымын
көреді, ал мен өзімді сол қойылымның түпкі ойын ашуға негізделген бөлшегі ретінде
қабылдаймын. Дайындық кезінде режиссер Болат
Атабаев маған мүлде назар аударған емес. Не істесем де риза. «Мен бір бағытқа
тоқтап, сол арқылы жұмыс істейін, айтсаңшы қайсысы дұрыс?» - деп сұрасам, «осы
бағытта ары қарай жұмыс істей бер» - деп қоймайтын. Біраз сөзімді қысқартып
тастады. «Мына сөздерді неге қысқарттың? Одан да үлкен геройлардың құлаш-құлаш
монологтарын қысқартсаңшы»- десем, «Жоқ, сенің рөлің сөзсіз де шығып жатыр» -
дегені бар. Қысқасы, бұл рөлдің маған қымбаттылығы, басынан аяғына дейін өзім
жасап шыққанымда.

Сіз кезінде Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрын басқардыңыз.
Сол кезде театр шығармашылығын арттыруда қандай еңбек еттіңіз?

Министр Құл-Мұхамметтің алдына барып біраз әңгіме айтылғаннан кейін, не Мүсірепов не Әуезов
театрына басшылыққа үзілді-кесілді барасыз деді. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар
мен жасөспірімдер театрын ұйғардым. Барғанымда, әуелі ғимараттың күрделі
жөндеуімен айналыстым. Бұл оңай жұмыс емес еді. Бұл шаруада мәдениет
министрлігінің үлкен көмегі тиді. Оған қоса, театрдың фойесі мен залдың ішін жөндеуде,
сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасағамбетов қол ұшын созып, өнерге  деген көңілінің бей-жай еместігін тағы бір
мәрте дәлелдеді. Ең бастысы театрдың творчестволық жағына көбірек көңіл бөліп,
қолымнан келгенше жұмыс жасап, репертуарына біраз өзгерістер енгіздім. Бірден
22 спектакльді алып тастадым. Оның ішінде жастар театрының репертуарына сай
емес, кейбір актерлік ойындардан,
режиссурадан, декорациядан біраз олқылықтары бар спектакльдерді түсіріп тастап,
орнын басқа қойылымдармен толықтырдық. Осының арқасында 5-6 жылдың ішінде үш
бас жүлдені жеңіп алдық. Дегенмен, әділетсіз аяқталған өнер додалары да болды.
Айталық, Қазан қаласында өткен халықаралық театр фестиваліне «Қорқыттың көрі»
спектаклімен барған едік. Әшірбек Сығай марқұм, авторы Иран Ғайып та бірге еріп
барды. Ертесіне марапаттау кезінде бас жүлдеге жарты қадам қалғанда аяқ астынан
саясат араласып кетіп, жүлде Қырымнан келген театрға бұйырып кетті. Башқұрт театр
сыншысы мені көріп қалып, «сіз бе, жастар театрының басшысы?- деді. Иә дедім.
Есіңізде болсын, саясат араласқан жерде өнер тумайды. Мақтағаным емес, мен
сіздің театрыңыз үшін соңына дейін тұрдым, бірақ амал қанша? Саясат араласып
кетіп, бас жүлдені алды. Мен соған наразы болып кетіп бара жатырмын»-деді.
Кейін Орал қаласында Махамбеттің 200 жылдығына арналған фестивальде бас жүлдені
«Исатай-Махамбет» спектаклімен жеңіп алдық. Көкшетауда өткен фестивальдің  бас жүлдесі де Абылай хан бабамыздың жастық
шағына арналған спектаклімізге бұйырды. Міне, осындай есте қаларлық қызыққа да,
шыжыққа толы күндеріміз өшпестей із қалдырды. Кейбіреулері мені басшылыққа
ұмтылды деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ мен ешқашан басшы боламын деп армандаған
емеспін, ойлаған да емеспін. Бұл қарашаңырақ артистеріне алғаш жиналыс жасағанымда,
«Қолымнан келгенше жұмыс істеймін, келмей бара жатса, кетемін. Жоғары жақтан
біреуді тағайындаса, орынға таласпай сол күні-ақ босатып беремін» деп айттым.
Солай болды да. Бірақ, қазір менің сол театрдың тарихында болмағандай ұмыт
қалуым көңіліме тиетіні рас.

Қазір Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ-музыкалық драма театрында
жұмыс жасап жүрсіз. Театрыңыздағы режиссерлер мен актерлер ізденісі жайлы айта
кетсеңіз. Жалпы репертуарға көңіліңіз тола ма?

Бұл театрдың репертуарында біраз ізденіс барын айта
аламын. Соңғы қойған спектакльдерден М.Әуезовтің «Қорғансыздың күнін» ерекше
атап өтер едім. Материал, режиссерлік жұмыс пен актерлік шеберлігі бүгінгі
күнге сай, қазіргі көрерменнің қабылдауына ыңғайланып қойылған спектакль. Кезінде
Қаллеки театрының жағдайы өзге театрлардан биік тұрғанын талай адамдардың
аузынан естідім. Мен де сол пікірлерге қосыламын. 20 жыл бұрын Әзекеңнің қойған
«Қозы Көрпеш-Баян сұлуы», «Қарагөзі», «Қан мен тері», «Ваня ағайы» сынды
жұмыстары ауыз толтырып айтуға тұрарлық  керемет
дүниелер еді, шіркін! Алайда, Ә.Молдабековтың Жантығы, Войницкийі,  А.Әшімовтың Қодары,
Ы.Ноғайбаевтың Қарабайы секілді халық ықыласына бөленген кесек-кесек образдар
галереясы қайта жаңғырмай жатқанына кейде іштей наразы болатыным рас. Қазіргі
таңда  актерлер мен режиссерлерге Ах, деп
бір таңқаларлық құбылыстың жетіспеушілігін де айта кеткім келеді. Ол үшін
режиссер шешімі, сахна безендірілуі, музыка, актер ойыны іспеттес ұғымдардың
бір жерден тоғысу процесі белең алуы тиіс. Жалпы әр қазақ театрының репертуарында
қазақ классикасының болғаны абзал. Әрине, кейбір режиссерлер күрделі классикаларды
қоюға әлі күнге дейін піспей жатуы мүмкін. Мысалы, «Қарагөздегі» Мөржанды
дәстүрлі, жаттанды түрде ойнай салуға болады, көп ізденудің қажеті жоқ. Оның
қатыгез, қатал екені сөзінен-ақ
байқалып тұр. Бірақ қазіргі заман тұрғысынан қарасақ, неге  ол осындай қатігездікке барды деген сұрақ
туады. Тарихтың өзі Мөржанның  жағымды
кейіпкер екенін дәлелдеп отыр, бірақ біз оны екі жасты ажыратушы деген қағидадан
шығара алмаймыз. Не үшін ажыратады? Өйткені жеті атадан бері қан қосылмау
керек. Мүмкін осы тұрғыдан режиссерлердің ойына жаңа шешімдер келмейтіндіктен,
тартыншақтап жүргендері болар. Мысалы, Әзекең актерлермен жұмыс барысында мына
жерде жыла, ал мына жерде күл деп әр қадамымызды тәптіштеп айтып отырмайтын. Ол
кісі біздің үнемі әрекетте болуымызды қалайтын еді. Орысша айтады: «Что ты
хочешь?» деп сұрақ қоятын. Ол кезде Әзекеңнің басшылығы, мықты актерлер,
талғампаз суретші, Ғазиза апайымыздың музыкасы сынды керемет дүниелер бір-біріне
дөп келіп тұрған кез еді. Сондықтан, театр дәрежесі жоғары болды. Әзекең өсті,
театр да бірге өркендеді.

Ал егер осы театрдың көркемдік жетекшісі болсаңыз қандай өзгерістер енгізер
едіңіз? 

Көркемдік жетекші театрдың шығармашылық жұмысымен айналысатын
адам. Жүз пайыз өзгертер едім деп айта алмаймын. Әзекең кезінде айтатын:
«Театрда мідетті түрде 4 нәрсе болу керек: әлемдік классика, орыс классикасы,
қазақ классикасы және бүгінгі күннің мәселелерін көтеретін заманауи пьесалар.
Осы төрт тағанды бірдей ұстап жүрсек,
қазақ театр өнеріне қосқан үлесіміз деп есептесек артық етпейді». Әзекең
айтып кеткен бұл төрт тағанның біреуі де Қаллеки театрында жоқ деп айта алмаймын,
бар. Бірақ қандай дәрежеде деген сұрақ туады. Біз ештеңе кесіп айта алмаспыз,
себебі, алдағы уақытта театртанушы мамандар бұл жайлы өз кәсіби ой-пікірлерін
кеңінен жаза түсер. Біз кейде жағдаймен санаспаймыз. Кез-келген нәрсені сынау
үшін, алдымен оның не себепті белгілі жағдайға түсіп қалғанын анықтағанымыз жөн
болады. Неліктен қоймады? Қазіргі таңда «Қарагөз»,
«Ақан сері-Ақтоқты» сынды классикалардың неге қойылмайтынын айта алмаймын. Мүмкін
орындаушысы жоқ шығар, бәлкім қоюшысы жоқ болар... Бәрі де салыстырмалы түрде.
Мысалы стакан туралы қарапайым мысалды алайық: Стаканда жартылай құйылған су
тұр. Біреу оны жартылай бос дейді, енді бірі жартылай толы дейді. Міне, осы
сияқты әркімнің пікірі әртүрлі. Менікі ғана дұрыс деп кесіп пікір айтқан адам
алысқа барған емес. Өз басым ешқашан үзілді-кесілді пікір айтпауға тырысып, оның
неліктен белгілі күйге душар болғанын түсінуге ниеттенемін. Көбіне үндемейтінім
де содан болар.

Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз. Қазір техниканың дамыған заманы, студенттер
кітапқа бас сұға бермейді. Сіз де кезінде студент болдыңыз, өзіңіздің
заманыңыздағы студенттер мен бүгінгі күннің студенттерінің арасынан қандай
айырмашылық байқайсыз?

Қазіргі жастар
қандай? Біз қандай болсақ, жастар да сондай. Біздің арамызда да оқымаған,
білімсіздері толып жатыр. Мұхтар Шахановша айтатын болсақ, «сақалын күнге ағартқандар»
бар. Сонымен қатар, қоғамға пайда келтірсем екен деп еңбек етіп жүрген
азаматтар жоқ емес. Жастардың арасынан да ізденіп, алдына мақсат қоятындары өте
көп, сонымен қатар көшеде сенделіп бос жүретіндер де баршылық. Біз студент
кезімізде аңғалдау, сенгіш болдық, әр нәрсеге балалықпен қарайтынбыз. Ал,
қазіргі студенттерді таңқалдыру қиын. Тезірек көлік алсам екен, тезірек
біреудің қызына үйленіп алсам екен, немесе, ол неге шетелге барады, мен неге
бармаймын деген бір-ақ сәттік дүниелерге қызығып жүретіндері мені қатты
алаңдатады. Біз студент кезімізде материалдық жағдайға көп қызықпайтынбыз. Бірақ,
жастарды да осы үшін көп сөге беруге де болмайтын шығар. Себебі, адамға әсер
ететін қоғам, заман талабы.

Аға, биыл жетпіс жасқа толып отырсыз. Осы күнге дейін қазақ өнеріне не бере
алдым деп ойлайсыз?

Әкім Таразидің айтқаны бар: «Сен өз мүмкіндігіңнің үштен бір
бөлігін ғана жұмсаған актерсің»-деген. Осы сөзі есімде жатталып қалды. Мен
оңаша қалғанымда ойша көп нәрсе жасаймын, біраз рөлдерді де ойнап тастаймын (арасында
бұйырғандары да баршылық, бұйырмағандары да аз емес). Мүмкіндігімше аудармамен
де айналысып, біраз инсценировкалар да жасадым. Бірақ, осының барлығының  басын қосып дамытпадым. Әжептәуір әншілік
өнерім де бар еді, ол да жайына қалды. Бір ғана мысал айтайын, марқұм айтыскер
ақын Ерік Асқарұлы Әзекеңнен режиссерлікті бітіріп, «Арманымның ақ құсы» деген
грузин пьесасын дипломдық жұмысы ретінде өзі аударып, сахналады. Бұл спектакльге
біз де, Жұмагүл апайың, өзінің жұбайы марқұм Бақыт Жаңғалиева, Төлеубек
Аралбаев қатыстық. Ол кездері жастық шақтың нағыз қызып тұрған кезі еді. Еш
шаршап-шалдығуды білмейтін біз, жұмыстан кейін қалып, өзімізше дайындалатынбыз.
Сонда: «Рабиға Қаныбаева талқылау кезінде айтыпты дейді: Мына Ерік Асқаровқа
бес қою керек. Өйткені ол Мейрамовты характерлі актер ретінде ашты» - деді.
Бұған дейін мен тек лирикалық кейіпкерлерді ойнап жүрдім. Ал бұл шағын ғана
көршінің рөлі болғанымен, өте мінезді. Осындай жақтарымды көбісі біле бермейтін.
Ал мен өз мүмкіндігімнің характерлі рөлдерді ойнауға қабілетті екенін білдім. Мысалы,
режиссураға да барғым келеді, бірақ, өз қолымда болмағаннан кейін, аса
мүмкіндік туа бермейді. Әртүрлі себептермен сырғыта береді. Ал менде қайтадан
барып, есіне салатын қасиет тағы да жоқ. Осындай мүмкіндіктерімнің ашылмай
қалғаны мінезімнің тым тұйықтау болғанынан шығар, сірә. Кейбіреулер жоқтан бар
жасап жатады, ал менің ондайға етім үйренбеген. Енді бірі рөл таңдап ойнайды. Ал
мен бұйырғандарын ойнауға тырыстым. Театрға таңертең келіп, кешке дейін рөлімді
кәсіби деңгейде шығаруға атсалысып, барынша жұмыс жасаймын. Тіпті, жеті жыл
бойы рөлсіз жүрген кезім болды, онда да үндеген жоқпын. Өзім үшін  моноспектакльдерді жасадым. Мысалы ең алғаш
моноспектаклім Роллан Сейсенбаевтің «Майдан әндері» моноспектаклі еді. Әуелі
материалы ұнады, сонымен қатар ән айту керек болды. Сол кезге дейін театрда он
жеті жыл бойы менің ән айтатынымды ешкім білген емес. Сол спектакльден кейін
Әзекең маған: «Ты идиот, оказывается поешь? Надо же» - деп басын шайқап риза
болғаны бар. «Тыраулап ұшқан тырналар» спектаклінде де ән айтқанымда бәрі таң
қалды. Себебі, бұл әндердің барлығы менің қанымда, біз соларды тыңдап өстік.
Кезінде «Ақан сері-Ақтоқты», «Ақылдың азабы», «Гамлет» осы үш спектакльді
біріктіріп бір моноспектакль жасағам. Өйткені, менің ұғымымда бұл шығармалар
бір-бірімен үндес те сабақтас. Бұған кезінде ой салған Әнуар Молдабеков
болатын. Екеуміз бір отырған кезде: «Ақан сері – Гамлет қой, шіркін» - деп
айтқаны бар еді. Спектакльде Гамлеттің монологын ағылшынша оқып, Чадскийдің
рөлін орысша ойнадым. Ағылшынша бір сөз де білмеймін. Жаттау қиын болды.
Әдейілеп шет тілдер институтына барып, ағылшын тілі деканына жолығып, ол маған ағылшынның
ең атақты актерінің Гамлетті орындауындағы рөлі жазылған таспа берді. Студенттерге
тілдің дұрыс айтылуын осы арқылы үйретеміз деді. Өзімше плеерге жазып алып,
тыңдап жүрдім. Мағынасын түсінбесем де, рөлге деген қызығушылығым менің
сөздерді жаттап алуыма себеп болды. Сөйтіп ойнап шықтым. Кейбіреулері неге
пьеса жазбайсыз дейді. Іштен тумағаннан кейін, техникалық түрде тезірек жазсам
деген ниетпен кірісу тағы болмайды. Бұл менің Әкім ағаның сөзіне қосылып
отырған түрім ғой. Әлі де адам үмітін үзбейді. Бәлкім ойнайтын рөлдер бар
шығар.

Уақыт зымырап өтіп жатыр. Көп нәрсеге қолымыз жетпей, үлгермейтін
тұстарымыз жиі болып тұрады. Сіздің де көкейіңізде орындалмай қалған армандарыңыз
бар ма? Пенде болған соң, әр адамның өз әттеген-айы болады ғой..
.

Менің негізгі мамандығым актерлік қой. Жастайымнан
белгілі бір рөлді ойнасам деген арман болған жоқ. Себебі, жауапкершілігінен
қорқатынмын. Мысалы, мен Абай атамыздың әруағынан жасқанамын. Сондықтан, актер
ретінде көбірек ізденіп, рөлімді барынша нанымды шығаруға тырыстым. Мінезімнің
тұйықтығы маған талай жерде кедергі болған. Басқа не армандауым мүмкін?
Үй-жайым, бала-шағам бар. Әрине, жұрттікіндей асып тұрған байлығым жоқ, барыма
қанағат, Аллаға сансыз шүкір деймін. Армандарым орындалмай қалды-ау деген
өкінішім жоқ. Бұл арман да емес, мақсат та емес, әншейін көрсем екен деген
оймен өзіңді-өзің сынап көрудің жолы ғой. Мысалы, режиссура – әзірге болмай
жатыр. Мүмкін оның да келетін уақыты болар. Дегенмен, моноспектакльдерім
ойналып жатыр, шүкір. Пьесаға режиссердің көзімен қарау әркімнің бойына беріле
бермейтін ұлы қасиет. Мысалы, «Исатай-Махамбет» пьесасын алғаш оқығанымда әуелі
қабылдай алмадым. Ж.Хаджиевке: «Мынаны қайтіп қоясың? Кейіпкеріңнің өзі 44 тен
асады» - деп сенімсіздік білдіргенім рас. Қалай болғанда да қойды, керемет
спектакль болып шықты. Міне, егер қолыңнан келсе ғана, алдыңа мақсат қою арқылы
қайткен күнде дегеніңе жетерің айдан анық. Әрине, жатып алып көп нәрсе
армандауға болады. Ал, сенің қолыңнан келуі, келмеуі екі талай. Сондықтан мен
орындалмайтын нәрсені ешқашан армандамаймын. Кезінде М.Әуезов театрында жұмыс
істеймін деп те ойламағанмын, бұны маңдайыма жазылған бақ деп білемін.

Өмірлік ұстанымыңыз...

Менің осы мінезіме көп әсер еткен нәрсе - әкемнің жиі
айтатын «Қайда барсаң да, 'әй кәпір' дегізбе» - деген сөзінде үлкен мағына
жатыр деп ойлаймын. Біз кәпір деп арамза, қу, топас, өтірікші, екіжүзділерді
айтамыз. «Мен білгенді кім біледі?-деме», «Шөлмек мың күнде сынбайды, бір-ақ
күнде сынады»... Міне, осы бір ауыз өмірлік ұстаным боларлық өнегелі сөздері
кішкентайымнан жатталып қалды. Кейбір мүмкіндіктердің ашылмай қалғанына
өз-өзіме іштей  наразы болатын кездерім аз
емес. Бірақ ол үшін ешкімді де кінәламаймын. Өзімнің мінезімнің тұйықтығы деп
білемін. Шәкірттеріме айтатыным: «Актер болу шарт, ал бастысы адам болып қалу.
Сенің қандай адам екенің сахнадан көрініп тұрады. Сахнада жаныңды аямай,
барынша беріліп ойна, бірақ мүмкіндігіңше жаныңды таза ұстап, сақтауға тырыс».

Аға, риясыз әңгімеңізге үлкен рақмет! Алдағы уақытта алар асуларыңыз бен
бағындырар белестеріңіз көп болып, қазақ театр өнерін бұдан да биік деңгейге
көтеретін талапшыл шәкірттеріңіз көбейе бергей! Біз де соған куә болып жүре
берейік!