Желтоқсан айының 12-15 аралығында Бішкек қаласында VІ «Қырғызстан – қысқаметрлі фильмдер мекені» Халықаралық кинофестивалі өтпекші. Осымен 6 рет ұйымдастырылып отырған кинофестивальде отанымыздың танымал кинорежиссері Дәрежан Қаражанұлы Өмірбаев қазылар алқасының төрағасы болса, болашағынан мол үміт күттіретін жас режиссер Берік Жахановтың «Еркек» фильмі Қазақстанның атынан сайысқа түсіп, кинобәйгеде бақ сынамақ.
Берік Жахановтың «Еркек» фильмі бұған дейін I Республикалық «Байқоңыр» қысқаметрлі кинофестивалінде «Үздік актер» Нұрғали Нұғман) номинациясы бойынша марапатталған болатын.
Бүгінгі қоғамда бой ала бастаған, көңілдері жараспаған екі адамның ажырасқаннан кейінгі әкесіз өскен баланың психологиясын терең зерттеуге тырысқан фильмнің басты кейіпкері – Азамат. Анасының көңіліне қарап өсіп келе жатқан ол әкесімен жасырын кездесуге мәжбүр...
Ұтымды пландар мен үйлесімді дыбыстық қатар арқылы баяндалған «Еркек» фильмі, кино тіліне төңкеріс әкелген А.Хичкоктың «suspense», демек, көрерменге үрей атмосферасын сезіндіруімен ерекше.
Отандасымыз Берік Жахановқа сәттілік тілей отырып, қанжығасына жүлдені байлап қайтуына тілектестігімізді білдіреміз!