Алматыда "Алатау алабында" атты Түркі халықтарының дәстүрлі өнер фестивалі өтеді

2018 жылдың 20 қыркүйегінде, сағат 18.00 де «Алатау» дәстүрлі өнер театры» Қала күні мерекесіне орай «ТҮРКСОЙ» ұйымымен бірлесіп дәстүрлі өнер шеберлерінің қатысуымен «АЛАТАУ АЛАБЫНДА» халықаралық дәстүрлі өнер фестивалін өткізеді.
Алматыда "Алатау алабында" атты Түркі халықтарының дәстүрлі өнер фестивалі өтеді

Фестивальдің мақсаты: Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың: «Түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен. Бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары» деген аталы сөзімен, сондай-ақ түркі әлемінің басын біріктіру идеясымен бір арнаға тоғысады.

Фестивальдің ерекшелігі: «Алатау» дәстүрлі өнер театрының» ұйымдастыруымен ТҮРКСОЙ ұйымымен бірлескен іс-шара алғаш рет өткізілгелі отыр. Сондай-ақ, Алматы шаһарында күллі түркі әлемінің дәстүрлі өнері сахна төрінде насихатталмақ. Өнер додасына Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Бурятия, Татарстан, Башқұртстан, Таулы Алтай,  Саха (Якутия), Тыва елдерінен өнер шеберлері қатысады.

Фестивальде Қазақстанның әр өңіріне тән дәстүрлі өнер мектептерінің (Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Сыр бойы, Оңтүстік Қазақстан, Қаратау-Сарысу, Жетісу, Арқа, Шығыс Қазақстан, Іле-Алтай-Тарбағатай) ән, күй, жырлары орындалады. Жаһандану дәуірінде дәстүрлі өнеріміз жат мәдениеттің тасасында қалып, жұтылып кетпеуі үшін ежелден қалыптасқан бұл мектептердің туындыларын халықаралық деңгейде насихаттау аса маңызды.

Аталған мерекелік іс-шараға Чейнеш Байтушкина, Чинара Гейдарова, Ниязаалы Борошев, Жаргал Омоктуев, Ченгиз Бутун, Альфис Галиуллин, Юлияна Кривошапкина, Равшанжон Юнусов, Монге Монгуш, Ишморат Ильбаков, Гүлжан Таалайбекова, Сайкал Абылкасымова, Айгерім Мұхтардыңқызы, Салила Емилбекова сияқты шетелдік қонақтар және Нұрым Асқанов, Қайрат Кәкімов, Ұлжан Байбосынова, Жәкен Омаров, Саян Ақмолда, Тілеулес Құрманғалиев, Ардақ Исатаева, Клара Төленбаева, Қазыбек Әдікей, Сәулежан Тақзия сынды қазақ дәстүрлі өнер шеберлері қатысады.

2018 жылы 20 қыркүйекте Ықылас атындағы Ұлттық музыкалық аспаптар мұражайында баспасөз конференциясы (сағ.: 11.00–12.00 аралығында),  шетелдік қонақтардың шеберлік сыныптары (сағ.: 12.30–13.30 аралығында) өтеді. Мекен жайы: Зенков   к-сі, 24 үй.

Фестиваль «Алатау» дәстүрлі өнер театрында» болады, басталуы  сағ.: 18.00 де.  Мекен жайы: Алғабас–1 ықшам ауданы, 6 үй.