Әсия Байғожинаның фильмі Минскіде өткен фестивальде жеңімпаз атанды

Режиссер Әсия Байғожина түсірген «Сенім жолында» деректі фильмі Минск қаласында өткен «Еуразия.DOC» атты ТМД елдерінің деректі кинолары фестивалінде жеңімпаз атанды.
Әсия Байғожинаның фильмі Минскіде өткен фестивальде жеңімпаз атанды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов  атындағы «Қазақфильм» АҚ  түсірген «Сенім жолында» деректі фильмі қоғамымыздағы өзекті мәселелердің бірі – дін жолындағы адасушылық туралы баяндайды. Негізгі эпизод – дүйім елді дүрліктірген, бірнеше адамдардың өмірін қиып, 40-қа жуық жергілікті тұрғындарды жаралаған қанды оқиға – 2016 жылы маусымның 5-інде болған Ақтөбедегі теракт.

- Фестивальдің қазылар алқасы үш фильмді үздік деп атады, оның ішінде біздің де фильміміз бар. Фестивальдің бас жүлдесі ресейлік «Форсаж» фильміне бұйырды. «Сенім жолында» фильмін көрермен жақсы қабылдады. Тіпті, кейбіреулері осындай жағдайлардың (діни экстремизм мен терроризм) Қазақстан жерінде орын алғаны туралы естіп таң қалды. Фильм екі жыл бұрын жарық көрді. Алайда бүгінгі күні осы фильмге қызығушылық көп болып жатыр. Фестивальдің ұйымдастырушылары фильмнің үзінділерін  ғаламторда көріп, мені тапқан. Сол үшін де, ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Және де Минскіге бірінші рет келіп отырмын, бұл да мен үшін қуаныш. Айта кетсем, фестивальге сценарийдің тең авторы Мереке Қасенова да шақырылған болатын, - деді режиссер Әсия Байғожина.

«Еуразия.DOC» атты ТМД елдерінің деректі кино фестивалі осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Биыл фестивальге қатысуға 23 елден 150 фильмдер үміт білдірген. Оның ішінен негізгі байқауға 12 елдің 24 деректі фильмі іріктелінді.

Фестивальдің басты мақсаты – Достастық елдерінің талантты документалист-реджиссерлерін қолдау, телевизиялық фильмдерді және кинопублицистиканы жарыққа шығарып жүрген жас киногерлердің есімін ашу, шығармашылық байланыстарды нығайту болып табылады.

«Сенім жолында»

Режиссері: Әсия Байғожина

Сценарий авторлары: Әсия Байғожина, Мереке Қасен

Операторлар: Ренат Қосай, Нұрсәт Әкімхан

Кеңесші: Асқар Сабдин

Дыбыс режиссері: Бейбіт Исаметов

Композиторлары: Алиби Мәмбетов, Төлеген Момбеков,  Таласбек Әсемкулов және т.б.
Бейнеинженер: Николай Пономарев

Компьютерлік графика: Андрей Кисилев

Әкімші: Любовь Радионова

Директоры: Нұргүл Нұржігітова

Режиссер туралы:

Байғожина Әсия - кинодраматург, кинорежиссер, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі. 1987 жылы КСРО Мемлекеттік кино жанындағы  сценаристер мен режиссерлер дайындайтын жоғары курсын бітірген. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында редактор, кейін деректі фильмдер бірлестігінің бас редакторы болып жұмыс істеді. 1990-1996 жылдар аралығында «Параллель» тәуелсіз студиясының көркемдік жетекшісі болды. 1991 жылы Әсия Байғожина өзінің алғашқы режиссерлік жұмысы – Егемендіктің алғашқы сеңін қозғаған Желтоқсан оқиғасына

арналған «Жарияланбаған шерудің хроникасы» атты деректі фильмі жарық көреді. Бұл туынды Қазақстан Республикасы Жастар және журналистер одақатрының арнайы жүлдесімен марапатталады.

ФильмографияСЫ. Деректі фильмдер: «Жарияланбаған шерудің хроникасы» (Н.Чанковамен бірлесе түсірген, КФ, 1991), «Қызыл империя» (деректі сериал, «Гранит» Би-Би-Си» студиясы, 1991), «Дінмұхамед Қонаев – өмір жолы» (КФ, 1995), «Жарыққа құмар» (Г.Алдонгаровамен бірлесіп түсірген, ҚР Президенті ТРК, 1998), «Бақыт формуласы» («М`арт», 2007),  «Елім-ай. Репатрианттар хроникасы» («Қазақфильм», 2007), «Валибайды еске алу» (2008).

Деректі фильмдерді сценарий авторы: «Су – өмір нәрі» (КФ, 1986), «Ауылдың көріністері» (КФ, 1988), «Қорық» (КФ, 1989), «Шпион» (КФ, 1989) және басқалары.