Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 10 жылдан астам уақыт бойы Қазақстандағы Жапония елшілігімен ықпалдаcтықты жалғастыра отырып жыл сайын мәдени-білім жобаларын іске асыруда.
«Жапон мәдениеті күні» фестивалінің мақсаты Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени ықпалдастықты нығайтып, өзара байланысты дамыту, сондай-ақ Алматылықтар мен қала қонақтарын Күншығыс елінің салт-дәстүрімен, заманауи инновация және интелектуалдық жетістіктерімен таныстыру болып табылады.
Жапония – байырғы ғибадатханалары мен саялы бақтары, шыңын қар басқан таулары, көк тіреген зәулім ғимараттары, болашақтың технологиясы мен бағзы дәстүрлері үйлескен сырға толы ғажайып елдердің бірі.
Фестиваль аясында алматылықтар мен қала қонақтары Жапонияның мәдени дәстүрімен қатар, қазіргі өнері, музыкасы, биі, ас мәзірімен және жапон компанияларының өнімдерімен таныса алады.
Фестиваль бағдарламасында: «Ооэдодайко» барабаншылар тобының көрсетілімі, «Ёсакой Соран» өнерпаздарының орындауындағы жапон биі, «Cosplay» анимациялық компьютерлік ойын, жапондық дойбы ойыны (« го дойбысы»), жапондықтардың дәстүрлі киімі – Юкатаны кию әдісі, өнер түрлері, қол өнері: манга арт стилі (жапон комикстері суретін салудың дәстүрлі әдістері мен техникасы), «Сумиэ» өнері (қағазға тушпен, бояумен сурет салу), оригами және фурошики (матадан дайындалған сыйлықты ораудың ежелгі техникасы), исекатагами (матаны бояу үшін пайдаланатын қағаз трафаретті жасау өнері), икебана өнері ( дәстүрлі бейімдеу-әрлеу өнері) және т.б. қарастырылған.
Фестиваль барысында келушілер «Самурай» – жапон қуыршақтарымен танысып, каллиграфия – көркем жазу шеберлік сабақтарында иероглифтерді жазуға машықтанып, жапон халқының шай беру рәсіміне сай шай құю, дәстүрлі жапон тағамдарын (такояки, мочи-цуки) дайындауға бейімделеді.
Бұл шараға жапондық Sony, Daio Seishi, Қазақ-Жапон жібек жолы ассоциациясы, Теракойя ұйымы қатысады және Toyota tsusho Kazakhstan Auto компаниясының Toyota Land Cruiser, Lexus ES (Toyota Center Zhetisu, Lexus Center Almaty) – маркалы 2 көлігінің тұсау кесері өтеді.
Алматыдағы Жапон мәдениеті күнін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің директоры Нұрсан Әлімбай мен Жапонияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Итиро КАВАБАТА, «Нархоз» университетінің ректоры - Эндрю Вахтель мырза ашады.