Режиссер Д.Өмірбаевпен «Азия киносындағы жаңа тенденциялар» атты шеберлік сағаты өтті

21-ақпан Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында белгілі кинорежиссер Дәрежан Өмірбаевтың Везуль қаласында өткен 25-ші Азия фильмдерінің халықаралық кинофестивалінің көрсетілім бағдарламасы бойынша «Азия киносындағы жаңа тенденциялар» атты тақырыпта шеберлік сағаты өтті.
Режиссер Д.Өмірбаевпен «Азия киносындағы жаңа тенденциялар» атты шеберлік сағаты өтті

Белгілі режиссер Азия фильмдерінің халықаралық кинофестивлі туралы сөз қозғады. Кинофестивальге қатысқан 9 фильм де кәсібилік тұрғыдан жақсы түсірілгенімен, кино тілі бар авторлық фильмдердің аздығын атап айтты. Қазіргі таңда нағыз кино тілінің сиректігін , реалистік фильмдердің көбейіп бара жатқандығын тілге тиек етті.

«Өнер деген өмірдің көшірмесі болмау керек, Өнер өмірде өзінің тілін, формасын табуы тиіс. Әрбір кинорежиссер, суреткер өзінің өнеріне тән тілді меңгеру керек» - деді сөзінде. Қазақстандағы кино өнерінің маңыздығын және оны сақтап қалуымыз керектігін айта келіп, ол үшін мектепте «кино өнері» пәні оқытылар болса, бала мектеп кезінен атақты қазақ киногерлерінің  өнерімен таныс болатындығын жеткізді.

Д. Өмірбаев пікірі бойынша – Қазақ киносын өркендету үшін өз жұмысын жақсы түсінетін мамандар керек. Егер олар көрерменге кино тілін дұрыс жеткізе білсе, халық біртіндеп қазақ киносына қызығушылық білдіре бастайды. Сонда ғана қазақ кино өнері өрлейді.

Қатысушылар кинофестивальдерге және Өмірбаевтың өз шығармашылығына қатысты сұрақтар қойып, көңілдегідей жауап алды.

Іс шараны ұйымдастырушы: Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, "Өнертану" факультеті, "Кино тарихы мен теориясы" кафедрасы, "KINOMAN" киноклубы.

фотограф: Айдос Әсембай


Дәрежан Қаражанұлы Өмірбаев - 1958 жылы, 15-наурызда Жамбыл облысы, Талас ауданында туған. Кинорежиссер, сценарист. "Тарлан" платиналы тәуелсіз сыйлығының иегері. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті. 1980 жылы  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің "Қолданбалы математика" факултетін бітірген. 1987 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының "Режиссерлік" факултетін тамамдаған. 1992 жылдан Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі.

Еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында режиссердің ассистенті болып бастап, сценарийлік-редакторлық алқаның редакторы, «Жаңа фильм» журналының редакторы, Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болған. 1985 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының қоюшы-режиссері.

2000-жылдан Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Кино тарихы мен теориясы» және «Кино және ТВ режиссурасы» кафедрасында студенттерге "Кинорежиссура негіздері", "Монтаж", "Кино режиссурасы", "Режиссура" пәндерінен дәріс береді.

Кинофильмдері:

«Шілде», 1988

«Қайрат», 1991

«Кардиограмма», 1994

«Киллер», 1998

«Жол», 2001

«О любви», 2006

«Шұға», 2007

«Студент», 2012