Әділхан Ержанов азиялық "Оскарға" ұсынылды

Кинорежиссер Әділхан Ержанов "Қап-қара адам" фильміндегі жұмысы үшін "Үздік режиссер" номинациясы бойынша "Asia Pacific Screen awards-2019" жүлдесіне ұсынылды. Марапаттау рәсімі 21 қарашада Австралияның Брисбэн қаласында өтеді.
Әділхан Ержанов азиялық "Оскарға" ұсынылды

"Asia Pacific Screen Awards" (APSA) кино саласындағы ең ірі әлемдік жүлделердің бірі саналып жүр. Шара ЮНЕСКО және ФИАПФ (Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы федерациясы) қолдауымен өткізілуде. Бұл жүлдені азиялық «Оскардың» аналогі деп те атайды.

"Қап-қара адам" фильмін "Astana Film Fund" компаниясы "Short Brothers" және "Arizona Productions" компанияларының қатысуымен түсірілген. Картинаның әлемдік тұсаукесері биылғы жылдың 23 қыркүйегінде Сан-Себастьяндағы 67-Халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасы аясында өтті. Фильм қазақстандық прокатқа келесі жылы шығады.

 

 

Номинацияны табыстау үшін APSA сыйлығының ұйымдастырушылары жыл сайын әлемнің 70 елінің картиналарын сараптайды. Бұған дейін режиссердің екі картинасы түрлі номинацияларға ие болған: "Үкілі Камшат" 2014 жылы "Үздік фильм" және "үздік операторлық жұмыс" номинацияларына лайықталып, "Әлемнің ерке енжарлығы" (Ласковое безразличие мира) 2018 жылы "Үздік фильм" және "Үздік сценарий" номинацияларын алған еді. Сонымен бірге, Әділхан Ержанов APSA академиясының құрметті мүшесі атанған.

"Қап-қара адам" фильмі ауылда өлтірілген баланың тарихын баяндайды. Тергеуші Бекзат (актер Данияр Алшинов) істі тез арада жапқысы келеді, себебі кінәлі – зиянсыз ақымақтау Пукуарды (Теоман Хос) - жергілікті полицейлер тауып қойған еді. Тек қаладан келген журналист Ариана (Динара Бақтыбаева) іске араласқанда ғана, іс орнынан қозғалады. Енді тергеушіге осы істі өмірінде бірінші рет барлық ережелерге сай жүргізуге тура келеді...

Фильмнің басты продюсерлері Ақан Сатаев пен Эрнар Құрмашев. Сценарий авторлары Әділхан Ержанов және нидерландтық Ролоф Ян Миннебоо. Халықаралық прокат бойынша продюссері Ольга Хлащева, атқарушы продюсер – Серік Әбішев, екеуі де режиссермен оның барлық фильмдерінде жұмыс істеген. Фильмнің операторы ресейлік Айдар Шәріпов. Ол да бұрын Ержановпен бірге "Әлемнің ерке енжарлығы" фильмінде жұмыс атқарған.  Қоюшы суретші-режиссері Әділхан Ержановтың тағы бір тұрақты серіктесі Ермек Өтегенов. Фильмнің әуенін атақты музыкант Ғалымжан Молданазар жазды.

"Қап-қара адам" әлемдік баспасөз басылымдарында жақсы қабылданды: фильмді режиссердің ең үздік картинасы деп атады, «жылдың ең күрделі және таңғажайып фильмдерінің бірі», «Сан-Себастьяндағы фестивальдің конкурстық бағдарламасының ең жарқын және гипнотикалық фильмі», «Керемет...және мінсіздікке жақын» деген теңеулер болды. Ержанов картинасын әлемдік кинокритиктер жоғары бағалап, Эмир Кустурица, Федерико Феллини және Квентин Тарантино секілді майталмандардың шығармашылығымен теңдей көрді.

- Бұл фильмді режиссура үшін номинациялағаны қуантады, бірақ менің ойымша, бұл номинация жиынтығында фильммен жұмыс істеген актерлердің, суретшілердің, оператордың және басқа да кәсіби мамандардыңеңбегінің жемісі, – деді Әділхан Ержанов.