Қазақ халқының тарихи-мәдени, әлеуметтік және рухани өмірінде музыка өнері ерекше орын алады. Сондай-ақ, қазақ халқының сан ғасырлық музыкалық дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын халық шығармашылығының ажырамас бөлігі болып табылады. Қазақ халқының музыка мәдениетінің негізін ән, ауызекі дәстүрге негізделген суырып салмалық, эпикалық, сондай-ақ аспаптық шығармалар құрайды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің қорында өнер мен мәдениет ескерткіштері көптеп шоғырланған. Олардың қатарында қазақ зиялы қауым өкілдеріне, музыканттары, әншілері мен әртістеріне тиеселі музыкалық аспаптар, сахналық аксессуарлар, киім-кешектер мен басқа да бұйымдар ерекше орын алады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорындағы 200-ге жуық музыкалық аспаптар негізінде ұйымдастырылып отырған «Бабадан қалған сырлы әуен» көрмесіне музыкалық аспаптардың ішекті, үрмелі, тілшелі, соқпалы түрлері – жетіген, шертер, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, асатаяқ, тұяқ, қоңырау және т.б. түрлері қойылған. Сонымен қатар қазақ үшін заттық және әуездік төл мұра болуымен бірге ұлт үшін символикалық нышан болып табылатын домбыраның сан алуан түрлері ерекше қызығушылық тудырады.
Көрмеде келушілер назарына қазақтың ұлы ақыны Абайдың жары – Ділда Алшынбайқызының қос ішекті қалақ домбырасы, қазақ тарихы мен мәдениетіндегі шоқтығы биік тұлғалар - Әміре Қашаубаев, Жаяу Мұса, М. Ержанов, Е. Өмірзақов, К. Байсейітова, сондай-ақ, Қ. Сәтбаев, Қ. Аманжолов, Ж. Молдағалиев, Ә. Жангелдин, К. Ақышев, Ө. Жәнібеков және т.б. ғылым, мәдениет және өнер адамдарының музыкалық аспаптары ұсынылады.
«Бабадан қалған сырлы әуен» көрмесіне музыкалық аспаптармен қатар, сахналық аксессуарлар, бейнелеу өнері туындылары да қойылады.