Киелі сахна тарланы Бақытжан Қаюов

Киелі сахна тарланы Бақытжан Қаюов

 Ғасырға жуық тарихы бар өнер ордамыздың сахнасында 2000-шы жылдан бері кішкентай бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап келе жатқан Бақытжан Қаюов осы уақытқа дейін 100-ге жуық рөл сомдап,  қазақ қуыршақ өнерінің жандануы мен әлемге танылуына үлкен үлесін қосып келе жатқан сахна саңлағы. Театр әлемінде өзінің еңбекқорлығы мен таланты арқылы көрермен көзайымына айналған актерлердің бірі. Өнер жолында халықаралық және республикалық фестивальдерде театрымыздың абыройын асқақтаптып, жеке шығармашылығын шыңдаған актер. Бүгінде Дара және Мәдениет саласының үздігі төсбелгілерінің иегері. Өнер ордамызда сүйкімді бүлдіршіндер мен ата-аналарына әр түрлі тақырыпта, бағытта сан түрлі қойылымдарда өзінің харизмасымен берілген рөлін жоғарғы деңгейде ойнап келеді. Соның ішінде көрермендердің сүйікті қойылымдарының біріне айналған «Қуыршақ думан», «Аладдиннің сиқырлы шамы», «Каштанка», «Қаздар мен аққулар» атты спектакльдері.

Көне араб елдерінен ауыз екі тараған «Аладдиннің сиқырлы шамы» (режисері С.Шүкіров) ертегісі қазіргі таңда театр және кино әлемінде көрермен қызығушылығын оятқан,  әрдайым сұранысқа ие сиқырлы қойылым. 90 жылдық тарихқа ие өнер ордамызда бұл спектакль да кішкентай бүлдіршіндер мен ата-аналарының жүрегін жаулаған қойылым. Қойылымның басты рөлдерінің бірі сиқырлы шам иесі Джин Кашты Бақытжан Қаюов сомдайды. Ертегі желісі бойынша ержүрек, жүрегі мейірімге толы, Бағдат шаһарының қарапайым жігіті Аладдин Сұлтанның қызы Будур ханшайымға ғашық болып, қосылу жолындағы қиыншылықтар мен кедергілерді жеңуге көмектескен сиқырлы шам иесі Джин Каш туралы қиялға толы сахна.

Қойылымның кішкентай бүлдіршіндерге берер тәрбиелік мәнінен бөлек, сиқырлы сахнасымен назарларын аударады, қызығушылықтарын оятады. Сахнадағы декорацияның көрермен көзінде алар орны бөлек. Мысалы, Будур ханшайымның зәулім алтынмен қапталған сарайы оның қандай әл-ауқатты отбасынан шыққанын әсемдесе, ал Аладдиннің сарайшығы кішігірім қарапайым екендігін және сарайшықтың жанындағы ескі етіктің тұрғандығы, әкесінің қарапайым етікші екендігін түсінеміз. Сахна атмосферасын сыйлаған көңілді Шығыс әндері мен билері, әр кейіпкерге лайықты етіп жасалған қуыршақтар үлгісі көздің жауын алады. Ал сол қуыршақтарға жан бітіріп билету, әр қуыршақтың қимылын шынайы қылу актерлердің шеберлігі. Мысалы, Джинның зәулім тросты қуыршағын жүргізу, оның кимылдарын шынайы қылу, бір сәтте сахна алдынан шығып, бір сәтте жоғалып кетуі, қорқыныш пен үрей туғызу  бүлдіршіндердің қызығушылығын тудырады және Джиннің Аладдинге көмек қолын созуы  балаларды адамгершілік қасиетке достыққа адал болуды, сөзге берік болуды үйретеді.

Өнер ордамызда 40 жылдық тарихы бар думанды қойылым «Жұлдызды қуыршақ» концерттік бағдарламасы көрерменге көтеріңкі  көңілін сыйлайтын спектакль. Думанды қойылым әр ұлттың мәдени мұрасын және өнерін таныстыра келе, әлемге әйгілі ән-би шашуларымен толы, әр көрерменнің көңіл төрінен табылған 1984 жылдан бері өнер сахнамызда қойылып келе жатқан театрымыздың тұмарына айналған қойылымдардың бірі болып саналады.

Өлеңдері естігенде жүрекке балдай жағатын, қазақ елінің жез таңдай әншісі Роза Бағланованың қуыршақ бейнесінде атақты әнін шырқайды, өзге ұлт өкілдерінің Майкл Джексон мен Фарух Закировтың әндері және Украина, Армения, Прибалтика ұлттық билері мен мың бұралған Шығыс билері отырған көрерменді билетіп жібереді. Қойылым барысында марионетка, тросты, бойлы, көлеңкелі және т.б. қуыршақтар түрін қолданады.

Қуыршақ бейнесін жанды қылып, жан бітіріп билету оңай жұмыс емес. Бұл жерде актерлердің шеберлігін, икемдігін байқауға болады. Қуыршақтарды мың бұралту, шыр айналдырып көрерменнің көңілін табу әр актердің тума таланты. Соның ішінде ерекше талант иесі Бақытжан Қаюов қойылым барысында бір емес бірнеше қуыршақты жүргізеді. Айта кетсек, 89-ші маусымның ашылуын «Қуыршақ думан» қойылымын жаңа заманауи форматта «Жұлдызды қуыршақ» атауымен ұсынылып, концертті қойылым еліміздің жарық жұлдыздары Роза Рымбаева, Димаш Құдайбергеннің өнерлерімен толықтырылды.

Әйгілі орыс халық ертегі желісі бойынша «Қаздар мен аққулар» қойылымы тәрбиелік мәнге ие. Қойылым кішкентай бүлдіршін мен ата-анасына керемет әсерін қалдырады, балаларды мейірімділік пен жақсылық жасауға шақырады. Кішкентай кезден балаларды жауапкершілікке тәрбиелейді. Бұл қойылымда Бақытжан Қаюов жүрегі қара, зұлымдық пен қатыгезге толы Жалмауыз кемпірдің рөлін сомдайды. Шебер актер – бұл өз кейіпкерлерінің ішкі дүниесіне терең үңіліп, эмоцияларды нанымды түрде жеткізу. Жалмауыз кемпірдің рөлін сәтті сомдаған шебер актер деп айтсақ артық етпейді. Қойылым барысы бойынша бақытты толыққанды отбасында қызы мен кішкентай ұлы болады. Ата-анасы шаруларымен үйден шығып бара жатып, кыздарына кішкентай бауырын қарауды тапсырады. Бала тынымсыз әрі тентектеу. Қыздың өзінің балалық шағы қызып тұрған кез, құрбылары ойынға шақырады, қызығушылыққа құныққан қыз, жерде ойнап отырған баланы көзден тыс жіберіп алады. Осы тұста зұлым жабайы қаздар бауырын ұрлап кетеді. Батыл әпкесі жауапкершілікті өз мойыннына алып, бауырын іздеуге шығады. Жол алдынан кездескен қиыншылыққа төтеп беріп, көмек сұраған адамға көмегін ұсынып бауырын зұлымның қолынан құтқарады. Ізгі іс істесең алдыңнан жақсылығы шығар демекші, екеуінің зұлымдардан қашуына көмек қолын созды. Сөйтіп, бір туғандар үйлеріне аман-есен қайтады. Бүлдіршіндердің отбасындағы ауызбіршілігі, ақ пен қараны ажырата білу, сыйластық пен бір-біріне құрмет көрсету туралы насихаттайды.

Антон Чеховтың орыс халық ертегі желісі бойынша «Каштанка» қойылымы да көрермен назарынан тыс қалмады. Қойылымда орыс халқының тұрмыс-тіршілігі сипатталады. Ағаш ұстасы Лука Александровичтың және оның ұлы Федяның қызыл түсті тентек «Каштанка» есімді иесіне адал, оған шексіз берілген иті болады. Каштанканың күнделікті күні бір қалыпты еді, таңның атысымен иесімен бірге тапсырыс алу үшін, алыс жолға шығатын. Жол бойы ұста әр жерге кіріп, ескі достарымен жүздесіп, тамақтанады, ал Каштанканың аузына тамақ тисе тиді, тимесе тағы да аш қалатын еді. Күндердің бір күнінде Каштанка сапар барысынды иесінен адасып қалады. Күннің суығы далада аш, қорыққан Каштанка бір үйдің қақпасының алдына келіп жантаяды. Үй иесі цирк актері Мистер Жорж рөлін Б. Қаюов орындады. Мистер Жорж иттің дауысын естіп аулаға шығады. Итке жаны ашып, оны өзінің үйіне кіргізіп, тамақтандырып, панасына алады. Үйде тек Каштанка ғана емес, басқа да Федор Тимофеевич атты мысық, Иван Иванович атты қаз және Хавронья Ивановна атты шошқасы барын көреді.

Басында олармен тіл табысу Каштанкага қиына түседі. Уақыт өте бәрі бір-біріне бауыр басады. Күнделікті Мистер Жорж үйдегі Федор Тимофеевич, Иван Иванович және Хавронья Ивановна жаттығуларын жасатып, кешкі уақытта қойылым қою үшін циркке кетеді. Уақыт өте кешкі қойылымнан кейін, Иван Иванович қаз ауырып қалады. Қаздың орнына кешкі қойлымға Каштанка шығу керек болады. Мистер Жорж Каштанканы әртүрлі жаттығулармен дайындап оған сенім білдіреді. М.Жорж командасымен бірге циркке келеді. Бойын үрей бойлаған Каштанка мен М.Жорж қатты уайымдайды. Уақыт та келіп жетеді. Барлығы алаңның қақ ортасына шығады. Каштанканың үрейі одан аса арта түседі. М.Жорж оны сабырға шақырып, көңілін көтеріп, ойнатып жібереді.

Сахнада өнер көрсету барысында Каштанканың бұрынғы иелері көрермендер қатарында отырады. Олар Каштанканы танып, атын атап шақыра бастайды, бұрынғы иелерін көрген Каштанка сахнадан өз иелеріне қарай жүгіреді. Цирк қойылымының астаң кестеңі шығады. Сөйтіп, Каштанкаға үйреніп қалған М.Жорж көңілі түсіп, барлық жағдайды түсінеді. Ал иесін тапқан Каштанка құйрығын бұлғаңдатып, иелерімен үйіне жол тартады.

Бұл қойылым адалдық пен беріктік тақырыптарын қамтиды, тек адамдар арасындағы қатынастарда ғана емес, сонымен қатар жануарларға қатысты қарым-қатынастарға негізделген. Басқа адамдардың жылы пана, дәмді тамақ сияқты алдауы арқылы  ол иесінен айырылса да, қойылымның соңына дейін өзінің иесіне деген адалдығын сақтап қалады. Каштанка шын мәнінде өз иесіне адал және берік болып қала береді.

Бақытжан Қаюов цирк жаттықтырушысы ретінде рөлге толығымын еніп,  жануарларға деген мейірімін сахна алдындағы көрермендеріне сезіндірген тума талант иесі. Қойылым көру барысында көрерменге шынайы сезім жеткізе білу, эмоция сыйлай білу – ерекше өнер.

Сахна саңлағы тек театр әлемінде ғана емес, көгілдір экрандағы кино әлеміндеде өз өнерімен танымал. Ол түскен «Наурыз.kz» киносы мен «Інкәр жүрек» телехикаясы қазақ елінің ұлттық телеарналарында көрермен назарына ұсынылды.

«Ер жігітке жеті өнер де аз етеді» демекші, Бақытжан Қаюов сазгер, ақын және де қазақ ұлттық аспаптарының құлағында ойнайтын талант иесі. «Балдәурен» әні мен сөзінің авторы, Қуаныш Өтебайдың  «Махаббат вальсі» атты музыкалық шығарманың әнінің авторы және «Тек қана позитив», «Ауылды аңсау», «Достарым», «Рақмет, туған ел», «Өмір» деген әндердің қоңыр дауысты орындаушысы.

Өмірін өнерге арнап, тың идеяларды жүзеге асыруды мақсат еткен Бақытжан Қаюов бойына мәдени және шығармашылық жетістіктер мен тәжірибені жинақтаған тұлға. Ағымдағы жылдың 18 қаңтар күні сағат 14.00-де Мемлекеттік қуыршақ театрында тарланбоз актердің 50 жастық мерейтойы мен сахнадағы 25 жылдық еңбегіне арналған шығармашылық бенефисі өтеді. Барша қуыршақ өнерін сүйер жандарды өнер мекеніне шақырамыз.