26 шілде күні Астанаға танымал Голливуд жұлдызы, актер, продюсер және режиссер Джон Малкович келді. Танымал актерді Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Халықаралық әуежайдан ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Асқар Баталов және ХІІІ Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің президенті Айман Мұсақожаева күтіп алды.
Айман Мұсақожаева өз сөзінде: «Фестивальдің ашылу салтанатына танымал голливудтық жұлдыздар Николас Кейдж бен Эдриан Броуди қатысқан болатын. Ал, бүгін танымал Голливуд актері Джон Малкович арамызға қосылды. Ол кинофестивальдің жабылу салтанатында жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысады. Мен оның біздің дарынды жастарды кино әлеміндегі жаңа жетістіктерге ұмтылуларына жетелейтініне сенемін», - деп атап өтті.
Танымал актер Джон Малкович Қазақстанға осымен екінші рет келіп отыр. Бірнеше жыл бұрын ол Халықаралық «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің қонағы болып, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның студенттерімен кездескен еді.
«Мен Алматыда 2010 жылы болдым. Ал, бұл жылы алғаш рет «Еуразия» Халықаралық кинофестиваліне қатыспақшымын. Бүгін осы жерде болғаныма өте қуаныштымын. Айта кету керек, мен қазақстандық кино жөнінде аз білемін. Дегенмен, Ермек Шынарбаев сияқты қазақстандық танымал кинорежиссерлермен басқа мемлекеттерде өткен кинофестивальдерде бірнеше рет кездестім» – деді есімі әлемге әйгілі киножұлдыз Джон Малкович.
Өз жұмысын 2017 жылдың 22 шілдесінен бастаған «Еуразия» кинофестивалі 28 шілдеге дейін жалғасады. Көрсетілімдер Астана қаласындағы «Chaplin Cinemas» («Mega Silk Way») кинотеатрында өтіп жатыр. Кіру тегін.