Биыл Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай ақынның туған жері Батыс Қазақстанда кешенді шаралар өткізілді. Мерейтойлық шаралар аясында Ақ Жайықта Алаш жұртының айбынына айналған ақынға Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театр ұжымы қазақтың рухты ақынының ғасырлық тойы құрметіне «Жұбан» поэтикалық драмасын көрермендерге ұсынды.
Қойылымның авторлары – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева және жазушы, драматург Мәдина Омарова. Қойылымның қоюшы әрі киім суретшісі – Еуразиялық Дизайнерлер одағының, Еуразия Шығармашылық Гильдиясының мүшесі, ҚР суретшілер одағының мүшесі және Кипр заманауи өнер мұражайының «Күміс кілт» иегері Гүлдана Жұрқабаева. Ал қоюшы-режиссері және спектакльдің сахналық қозғалысын қойған – театрымыздың бас режиссері Гауһар Адай.
Саналы ғұмырын қазақ халқының жоғын жоқтап, ұлтының ұлылығын ұлықтауға арналған Жұбан ақынның 100 жылдық мерейтойына орай спектакльден ескерткіш қою туралы облыс әкімдігінің ұсынысын, театр ұжымы бір ауыздан қолдап, дайындық жұмыстарын карантин шаралары сәл бәсеңдеген тұста бастап кеткен болатын. Таң бозара атып, бозторғай шырылдаған сәттен театр басшысы Салтанат Мақсотқызы, режиссер Гаухар Адай және Жұбан қойылымындағы басты кейіпкерлерді сомдаушы актерлар құрамы Жұбанның туған жері Ақжайық ауданы Сайқұдық, Құрайлысай ауылдарына сапар шекті. Онда жұбан жүрген жолдармен жүріп, мұражайлардан Жұбан қолданған заттарды көзбен көріп, мол мәліметке қанығып, сырына үңілді. Жұбан ақынмен оның жан жары София Молдағалиеваның көзін көрген жандармен жүздесіп, елдің батасын алып қайтқан болатын. Одан кейінде театр ішінде Жұбантанушылармен талай жүздесулер өтті.
Қойылым Жұбанның Колбин алдында шыңғыртып тұрып шындық айтатын, туған халқы үшін ұлттық державаға қасқайып қарсы шығатын жиналыс сәтінен басталады. Аштықта туып, қуғын-сүргін кезеңін, 1941 жылдың соғысы мен тың игеру жылдарын, 1986 жылдың ызғарын көрген тұлға Жұбан ғұмырын режиссер сахналық көркемдікпен шебер бейнелеп ұсынған. Көп жағдайда режиссерлер тарихи тұлғалардың бейнесін реалистік тұрғыда сахналайды, ал Гаухар Адай жаңа – перфоманс бағытта ұсынған. Перфоманс – көпшілік алдында өнер мен өнерден тыс нәрседен синтездеу принципі арқылы артефакт (адамның жасаған мәдениет өнімін) жасау. Ол арнайы кәсіби дағдыны қажет етпейді және ұзақ уақытқа арналып жасалмаған. Бұл жерде ишарат (дене қимылы) маңызды. 1970 жылдары пайда болған пост-модернизм өнеріне жататын өнер түрі.
Оқиғалар желісі тарихи кезеңдермен тікелей байланысты болғандықтан режиссердің әркезеңнің жиынтық бейнелерін байланыстыра алғанын көреміз. Алдымен, ашаршылық кезінде көпшілік сахнадағы актерлердің аяқтарындағы мәстердің табанының қызыл болуы, халық жігерінің аяқ асты болуын білдірсе, баланың дүниеге келгеніне қуана алмай, саналарындағы нәрсе тек тамақ, тіпті жыртқышқа айналған адамдардың киімдеріне көңілге үрей мен қорқыныш, үмітсіздік ұялататын салқын көк түс қолданылған. Ел ішінде індеттің таралып, халықтың қырылған кезеңдерін режиссер актерлердің көмегімен бастардан мола жасап, олардың үстіне төрт ұлымен жарынан айырылған жесір Зеріптің құм құюы бір жағы уақытты көрсетсе, бір жағы өлгенге топырақ салу дегенді білдіретін символдық шешімдер арқылы көрсеткен.
Режиссер соғыс сахнасында бала Жұбан мен жігіт Жұбанды қатар алып шығу арқылы актерлердің өзімен жұмыс істеуіне үлкен мүмкіндік бергенін көреміз. Жігіт Жұбанның соғысқа аттанар шағын трагедияға айналдырмай, әзілмен, сағынышпен, ананың қимастығын бір-бірімен ұштастыра жеткізгенін байқаймыз. Суретшімен бірлесе отырып соғыс кезіндегі сахналарда қанның, көтеріліс пен қарсылықтың атмосферасын беретін қанық қызыл түстерді қолдану арқылы көрермендерге астарлы ой айтуға ұмтылған.
Режиссердің шығармаға берген бүгінгілік астарлы ойтұжырымына, сахналық шешіміне, актерлер ойынының сай шыққан тұстарын; желтоқсан сахнасында басшы рөліндегі Ербол Есендосовтың сол кезде билікке сатқын болғандардың халықтың үнін естуге құлықсыз екендігін, халықты мұқатуы, дауыс ырғағын өзгертіп кекесін таныта сөйлеуімен қатар бет-жүзіндегі ым-ишараларынан байқасақ, ақынның балалық бейнесін сомдаған актер Ж.Валиуллиев пен Зеріп рөліндегі Б.Исалиеваның ойынынан бала мен ана арасындағы шынайы сезімдерді, сыртқы үйлесімді іс-қимыл әрекеттері арқылы шебер көрсетуінен байқаймыз.
Режиссер желтоқсан оқиғасынның басында көпшілік сахнасындағы актерлардың аяқтары кісендеулі болып, сылдыр-сылдыр етіп жүруі еліміздің қаншама жыл сол бір сарында өмір сүріп келгенін көрсетсе, шынжырларды шешу арқылы бір мезетте халықтың көтерілгенін, «Мен қазақпын» өлеңі оқылған сәтте шынжырды үзіп, жоғары көтеруі арқылы халықтың оянғанын, бодандықтан босап, тәуелсіздікке қол жеткізгендігін көрсететін нақты шешімдер болды. Бұдан халықтың рухтануы, Жұбанның 1987 жылы жазушылар Одағына барып сөйлеуінің ар жағында өзегі бар екенін көруге болды.
Суретші мен режиссердің эстетикалық талғамының жоғары деңгейін көруге, қолтаңбасын түсінуге болатын тұс қойылымдағы басты декорация – ұзындығы 4 метр, биіктігі 3 метр болатын – Ер тоқым. Ер тоқым қойылым барысында бірде сол кездегі үйдің, бірде темір жол, тау, енді бірде пойезд ретінде қолданылады. Бұл арқылы да режиссер сахна артық заттың орыны еместігін, әрбір заттың көтерер жүгі, өзіндік міндеті болуы керек екендігін көрсеткен. Қойылым барысында Жұбанның дүниеге келген сәттінде сүйінші сұрай келген әйелге, Молдағалидің өз қолымен ағаштан қашап жасалған ер тоқымды беруі арқылы, қазақ халқы ер баланың дүниеге келуін – болашақ шаңырақ иесі, атқамінеріміз келді деп қуанып, болашағына үмітпен қарайтынның көрінісі екенін байқаймыз. Қойылым соңында Жұбан ақынды сол ер тоқымның үстіне шығаруы, мақсаттың орындалғанының айқын дәлелі болмақ. Ер тоқым – қазақ ұлттының жәдігері. Бұл, жалғыз Жұбанның емес, жалпы қазақтың рухынның мәңгі өлмейтінін ашу үшін ұтымды ойлап табылған нәрсе. Аттан түспеген қазақ елінің, ұрпақ жалғастығын көре алсақ деген ой салады көрерменге.
Бір сағаттың ішінде бала Жұбаннан бастап оның өмірі мен шығармашылығын, рухты Жұбан бейнесіне дейінгі оқиғаларды керемет түзіп, спектакльдің өлшем-ырғағын жоғалтпай, композитор Н.Тілендиевтің «Ақжайығым» әнін кейіпкер болмысын ашумен бірге режиссердің көркемдік ойын, дүние-танымын көрсету мақсатында қойылым соңында қолдануы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Көпшілік сахналары арқылы көрерменге қатты әсер ететін тұстары көп, есте қаларлық мизансценаларымен, өз мақсатына жеткен қойылым болғаны анық. Сонымен қатар режиссер театр труппасының аға, орта, жас буынын аталмыш қойылым арқылы қамти алдығында айта кеткеніміз жөн. Режиссер «Жұбан» қойылымы арқылы қазақтың өлмеген рухын көрсетіп, театр сахнасында тұғыш рет, Жұбан ақынға қойылымнан ескерткіш қойды.