Кеңістікте ауа салтанат құратын сәт.
Жым-жырт түн.
Қараңғылықпен ұштасқан беймезгіл шақ біз ойлағаннан да үнсіз, біз ойлағаннан да салқын тыныштықта.
Ай мен күннің антонимы болған жұлдыздар ғана тыныс-тіршілікті сырттай бақылап үнсіз жымыңдайды.
Әуеде адам жанының жалғыздығын іздеген Алафур Арналдстың (Ólafur Arnalds) «Zero» мелодиясы…
Осы мезетте дел-сал болған суық санаңды бейсаналы түрде есту түйсігіңе қолқалағаныңда беймәлім бір жұқана белгілер өзінің кездейсоқ, өткінші кейпін өзгертіп, автор табиғатының тамыр алатын тұрақты мінезін, өткір шабытының нышанын, жүрегіңе анталай кіріп жатқан күйдің ендігі сыңайын елеусіз ғана ауаға сыбырлайды.
Табиғаттың тынысын тыңдататын, тыныштық тілінде сөйлейтін Алафур Арналдстың шығармалары жан-дүниеңе ерекше әсер етіп, таңғы ертегілерге, түнгі тылсымдарға жетелеп белгісіз бір әуеннің иіріміне, түпсіз шыңырауына батырып, жабыққан, құлазыған көңіліңе баяу ырғақпен, ескі бір сарынмен, әсем әуезімен тыныштық сыйлайды. Өмірдің мәнін үнсіздікпен баяу ғана жеткізеді. Шөлдеген жанның аңсарын басады.
Осы бүктеулі хаттай ойымыздың жиегін жырту үшін ішімізге сыймаған алапат сезімнің, беймәлім дүниеге елітер Алафурдың сиқырлы сазын өз түйсігімізге сүйене отырып тәпсірлеуді жөн көрдік.
Нөлден бастайық
«Zero» – тіршіліктің жаратылысына тән нәзік ырғақ.
Қоғамдағы әрбір саналы жан иесінің немесе шығармашылық адамының көңілінде марқаю, өзіне деген тоғаю процесі туылғанда ол адам өледі!
Ондай жағдайда кез-келген саналы адамға «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деп ескерту жасайтын жыртық шапаны болу керек. «Zero» сол күйді шертеді…
«Zero» мелодиясының бейнебаянына назар салар болсақ, орман шатырының үстінен ұшқан жарық, әуенге арқау болған қалың тоғайды театрландырылған сахнаға айналдырып, төмендегі бишілермен, жарық пен көлеңкенің тоғысқан қозғалысын тудырады.
Тыңдарманға ой салар тұңғиық музыкадан бөлек бейнебаянға үңіле отырып сірә, пенде баласы алғаш күнәға батқанға дейінгі жұмақ осындай-ақ болған шығар. Жұмақта да осындай үн тарап, жалғыздығына байлаулы тыныштық билеген болар деген күдікті үміт пайда болады. Өйткені қазіргі у-шудан бөлек, дүниенің қозғалысын ескермегенде ғаламның ортақ тілі - тыныштық. Жалғыздығына байлаулы күңгірт тыныштық. Біз пенде баласы шаршағанда, жабыққанда тыныштықты аңсаймыз, тыныштық өлімнің һәм жұмақтың басты аргументі. Сондай ұлы тыныштыққа жетелейтін Алафурдың төмендегі «Zero» мелодиясында ауа-сөйлейді, жел-билейді, жаңбыр да ән айтады…
«Zero» мелодиясындағы басты ерекшелік – адамның ішкі жалғыздығы. Мұнда шертілетін үн – құбылмалы көңіл-күйдің нәзік ұтымды тетіктерін басатын кілтсөздің үні. Арналдс музыкаға Мунк сияқты жалғыздық пен үмітсіздік алып келді. Ал, бұлар болашақтың басты дертіне айналарын сезген суретші мен музыкант ұлы көріпкелдерден еш кем емес еді…
Иллюзиядан аллюзияға дейін
(Tomorrow's Song)
«Ертеңгі ән» – Алафур симфонияларының ішіндегі шоқтығы биік, ең сұлу музыкаларының бірі, фортепианоның алғашқы үндерінен-ақ белгісіз бір әлемнің кеңістігіне бойлап, қандай да бір қуанышты көңіл-күйдегі адам көңілді күйінен сап тиылып, өзі танып білмеген түсініксіз дүниенің, бөтен бір иірімнің жетегінде ой қайшылығында өмір сүреді. Адам – жаурайды, жарық – қараңғыға ұласады, әлдебір сезім талшықтары мен ми ғана қозғалыс үстінде.
Оның шығармашылығында қандай да бір орын, географиялық жағдайға қарау немесе шығармасындағы методтық шыңды табу сынды көптеген музыканттардың ұғымындағы көзқарас жоқтың қасы. Есесіне Алафур Арналдс ешбір шартты дүниеге, пайымға байланып қалмай өз кеңістіндегі сезім толғанысымен адам санасында болып жатқан құбылыстарға баса назар аударуы оның негізгі ерекшелігі деп айтуға толық хақымыз бар.
Арналдстың «Ертеңгі ән» симфониясын жүрегімен қабылдаған есті тыңдарман оның ішкі иірімдерін сезініп, шүңетіне бойлар болса бүгінін ойлай жүріп те, өткен күндерінің болмашы естеліктеріне қайтып оралып отырады. Тіпті, ертеңгі күнінің қалай боларын да сана ағысында долбарлап, болжай алады. Музыкантымыздың осы ерекше қабілетіне қарап, оның адам жанының жалғыздығын еркін меңгергенін, психологиялық иірімдерінің тамырын дөп басатын бөлекше қасиетін көреміз.
Маркестің әйгілі «Жүз жылдық жалғыздық» романында мынандай бір оқиға бар. Макондадағы халықта «ұйқысыздық дерті» пайда болады. Ол адамдарды ұмытшақтыққа душар қылып, адамдар ақырын-ақырын есте сақтау қабілетінен айырыла бастайды. Ұмытшақтық ауруы халықты әдеттегі жай бір оқиғаларды ұмытудан бастап өздерінің кім екенін, бара-бара айналадағы заттардың, олардың не үшін пайдаланылатынын да бүтіндей ұмытады. (Бұл музыкада да сондай бір тылсым күш, тыңдарманды тұңғиығына еліткіш әуейі сезімдер бәрін ұмыттырып, сана-сезіміңді өз иірімдерінде ғана балқытып жүреді.)
Алағай да бұлағай шақта «ғажайып білгіш» Мелкиядес келіп сиқырлы дәрісімен қала халқын тегіс құтқарады. Адамдар есін жиғанда ұмытшақтық дертіне қарсылық ретінде әрбір затқа есімін, не үшін қолданылатынын жазып қойған оғаш әрекеттеріне қарап қатты ұялады. Қала тұрғындары баяғы тіршілігіне қайта оралады. Бұл «Ертеңгі ән» симфониясын тыңдап болғаннан кейін сіз өзіңіздің жан ауртпалығыңызды емес, бүкіл адамзаттың, әлемнің жүрегіне батқан жан жарасын емдегіңіз келеді. Мынау у-шу дүниенің бастапқы болмысын тыңдап, миығыңыздан күлесіз. Соңынан шарасыз күйде күлгеніңізге де күлесіз…
Осындай арылуға, тазаруға жол сілтейтін сиқырлы саздың иесі қоршаған ортаны сырттай бақылап қана қоймай, құпиясына ішкерлей үңіледі. Адам жан-дүниесінің тереңдігін, ішкі әлемін әлдеқайда маңызды орынға қояды. Осы сәтте бүгін мен кешегіге, болашаққа деген елес үмітке сүйене отырып бізге бейтаныс алдамшы түйсікті музыка жетегінде уақытпен ұштастыратын шартты дүние жоқ! Біздікі (сіздікі) жүректің немесе ақылдың тіпті сезімнің де ырқына бағынбайтын бейсаналы, бейсезімді түрде түйсінетін тек қана тұспал.
Мезгілдер қайшылығы
Кейбір әуендерде өзгеде жоқ жаңалық, ерекшелігінің дәл түсуі былай тұрсын түп мағынасынан басқа ымы, сазы бар сөз болады. Тыңдаушыға түп мағынасынан басқа да елес, әсер беретін үні болады. Бұл жүрек шабақтаған іңкәрлі күйді Исланд композиторының «Күннің шығу сессиясы» атты цикілді музыка тізбегінен тыңдауымыз табиғи нәрсе.
Видэй аралындағы тау етегіне орналасқан көл жағалауын жылдың ең қысқа күнінде, төрт түрлі мезгілді бір ракурстан түсіріп ойнатқан командалық оркестрдің атмосферасы мезгілдер қайшылығынан әуендер қақтығысына ұласады.
Әрбір ми талшықтарын басатын фортепианоның тілі, жүрегіңді ысқылайтын виолончель мен скрипканың ішегі, таң ағарып күн сәске түс болғанда үй ішін толық тұмшалаған жарықта «Аспанға қайтқан» қыздың уілі санаңды мың құбылтатыны мұнда.
Ең әуелі сөз болған дейді киелі кітаптарда. Жоо-ооқ, үн болған… Кейде шылым шегіп отырып ғайыптан пайда болған кемтар ойларым музыкада айтылатын сөздің аса бір қажет еместігін айтады. Ойым солай деген соң өзімнің де келіспейтін тұсым жоқ! Сөз тек әуенге қозғаушы күш. Ал, әуенді сана сүзгісінен өткізетін сезім мен түйсік біз елестетер дүниеден де бөлек дүние… Алафурдың үздіктіріп, үзілтіп, тамшылатып жеткізген «Күннің шығу сессиясы» осы күйдің емеуріні ғана.
Миннесота штатының Хиббинг қаласында жүрген жасөспірім Диланның музыкалық көзқарасына Элвис Бресли әсер еткені баршаға аян. Ал, Алафур Арналдстың шабытын тұтандырған адамды табу қиынның қиыны. Себебі, Алафур Шопеннің «Жұмақ әуені», Моцарттың «Реквием», Бетховенның «Ай нұры сонатасында» бейнеленетін нәзік иірімдерге бармайды. Немесе Грекиялық Яннидың музыкаларында болатын сілкініс, адамға рухтандырып шабыт сыйлайтын, күш беретін соңындағы тебірентерлік күйден шығармасын аулақ ұстайды. Ол оның қолынан келмегендігінде емес. Сол жалғыздығын іздеген күйден алыстамай, түйіні шешілмеген жұмбақ болып қала беретіндігінде. Осы тұрғыдан қарағанда, Алафур Арналдстың ұстанымы - дәрігерлердің Гиппократтық антынан да берік деуге мүдделіміз.
Жоғарыдағы циклды мелодия Исландиядағы жылдың ең қысқа күнінде мезгіл қайшылығында, уақыт қайшылығында талықсып жеткен автордың өн бойынан үздіксіз тамшылайтын әуен. Ұйқы алдындағы дәрменсіздіктей ғана бір сәт. Соңында еріксіз жұтынуға тура келеді… Мұндай еріксіз жұтынатын сәттер Арналдстың өзге де туындыларында кездеседі. Айталық, пандемия кезеңінде туындаған «New Grass» шығарылымы және авторға шабыт беретін Амазонкадағы Шипибо тайпасының емделу (тазару) рәсімінен алынған үлгі ретінде дүниеге келген «Woven Song» музыкасы. Бәрі-бәрінде адам жанының емсіз дерті. Алафур музыкасының көкірекке жасындай түскен кілт үні мен әуен боп тамып жатқан әрбір тамшылардың бүлкіліне бір ғұмыр сыйып кетердей. Дыбыс атаулының тымық қайнарындай тасыған Алафур музыкаларының жатыры - жалғыздық, толғағы - өмір екендігін шамалау аса қиын емес. Ал, осы құбылыстан туындаған әуеннің тағдыры мағынасыздық болмақ.
Соңында
«Көрерменді мұңға жетелеңіздер» дейді Антоша Чехонте. Біз музыкантымыздың өлім хәліне дайындалған мүрденің құр сүлдері іспетті классикалық әуендерімен сіздерге «мұң-зарыңды иле» деуден аулақпыз. Есесіне Алафур музыкасы арқылы болмыстың түйінді мәселелерін таразы басына қойып, әркімнің өз «Меніндегі» тағдырын суреттеген, қым-қиғаш хәл-күйін көрсету арқылы ел білмейтін құпя тұстарын ашатын тосын сауалдарға жауап тапқымыз келеді.
Білем дүниенің бір ортақ мекенін,
Үндер, әуендер, ырғақтар…
Барша ізгі әуендер менің құлағымда
Бөлінбесін дүние мәдениеті,
Қосылсын бар ел қиялы -
Бір Фанарас тауының алтын бұлағына.
Шығыстың ұлы шайыры Омарғазы Айтанұлының «Менің Шығысым» поэмасындағы жылы тармақтарындай әлемдегі тыныштықты, әуендегі бір ізділікті тәпсірлеген түріміз. Атақты Григорий Потанин: Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді десе, Алафур Арналдс музыкалары - әлемде қозғалыс жоқ, тек қана тыныштықтың үні ойнап тұр дегендей сезіледі. óli ешкімге ұқсамайтын тұлғалығымен, бөлек бағытымен, музыкаға әкелген жаңалығымен ерекшеленеді. Исландияның тұмса табиғатындай тазалық, ғаламға, әрбір адамға тән жалғыздық Алафур музыкасының басты деталы.
Қайбір ғұламаның «Мен бір сұрақтар тудыруым мүмкін, бірақ, ол мен жауап береді деген сөз емес қой» дегеніндей Алафур Арналдстың музыкасындағы өмірдің мәнсіздігі, мағынасыз өмірдің жауабын іздеу әрбір адам болмысында болатын шешілмейтін аксиома. Ал, сол мағынасыз өмірден ләззат алу өз құзырларыңызда!