Елдің елдігін дәлелдейтін, оның кемелдігін толықтыра түсетін рухани жәдігерлерімізді ардақтау, ұлыларымызға мың мәрте тағзым сыйлап, есімдерін ел есінде жаңғырту - азаматтық парыз. Сондай тұлғалардың бірі, қазақ халқының абзал ұлдарының бірі де бірегейі Кенен Әзірбаев есімі «мен - қазақпын» дейтін әрбір өнерсүйгіш азаматқа жақсы таныс. Қордай өңірінде дүниеге келіп, бар ғұмырын сонда өткізген абыз ақын 92 жас жасап, соңына баға жетпес асыл мұра - он жеті дастан, жүз елу ән, оннан аса айтыс, мыңға тарта өлең, халық қазынасынан жинақтаған қат-қат қолжазбаларын арнайы зерттеп зерделеуді қажет етеді. Осы мақаланың мақсаты - ел ішінде әнім қалсын, - деп жасынан армандаған Кенен Әзірбаевтың артына қалдырған мол мұрасына баға беріп, сипаттау болмақ.
Елбасымыз Н.Назарбаев жырау туралы: «Халық өмірінде Кенен Әзірбаев үн қоспаған, өзінің жарқын талантымен шуағын төкпеген бірде-бір айтулы оқиға болған жоқ. Оның тамаша, өшпес туындылары бүгін де осы жауапты, құрметті сапта тұр», деп атап өтті. [2.4]
Жетісу дүлдүлі, ақын, сазгер, әнші Кенен Әзірбаев шығармашылығы - қазақ халқының ұлттық қазынасының қомақты бөлігі, оның сөздері - кейінгі ұрпаққа тәрбие, ұлағатты нақылдары - өнеге. Кенен өзінің болмыс-бітімін мәңгі өлмес, өшпес ән-жырымен сомдап кетті.
Бүгінгі зерттеушілердің сөзімен айтсақ, «Кенен Әзірбаев - сан өнерді жарастырып тең ұстаған ұлы өнерпаз; жырау әрі ақын, жыршы әрі күйші, әнші әрі композитор, шежіреші әрі ел мұрасын сақтаушы үлкен қайраткер» - бұл Кененге бүгінгі ұрпақтың берген бағасы. Яғни, ақындық, сазгерлік, жыршылық өнерімен қайраткер дәрежесіне көтерілген өз заманының саусақпен санарлық аз тұлғаларының бірі.
«Кененнің әкесі Әзірбай айтарлықтай өнерлі болмаса да, ауыл арасында ән салып, домбыра тартып жүрген. Ал, шешесі Ұлдар үлкен әнші, ақын адам болған. Кішкене күнінде Кенен шешесінің әнін, өлеңін естиді...». «Жетісу дәстүріндегі ақындықтың жайылуы Кененге жақсы әсер етеді. Бай ауылына келген, қона-түстене жатып, жыр жырлаған, өлең айтқан әнші ақындар Кененнің санасында үлкен із қалдырады. Қабілетті бала есік алдында, кейде үй сыртында жүріп-ақ олардың маржандай сөздері мен аңыраған әндерін көкірегіне түйіп алады». [2.18]
Негізінен, жас Кененнің ән өнеріндегі алғашқы ұстазы, өзі айтқандай, сүйікті анасы Ұлдар шешейден бастап, сол өзі өскен сауықшыл халық ортасы, сезімтал түйсігіне үнемі сыбырлап сыр ақтарып тұратын сол өзі өскен табиғат аясы деуіміз керек. Анасының әлди әуенімен сусынын қандырған Кенен халықтан, табиғаттан - осынау мөлдір бұлақтардан елегізген көңілдің емін тауып, алғашқы әндерін шығарды. Ат жалын тартып мініп, елмен араласа бастаған шағында Балуан Шолақтың Жетісуға келуі Кенен кеудесінде бұлқынған бұлақ көзін ашып жібергендей еді. «1914 жылы Арқаның әйгілі әншісі Балуан Шолақ ата жұрты Жетісуға келеді. Ел ішін аралап жүріп, Қордай жеріне келгенде атағы бүкіл Жетісу өңіріне мәлім Кенен ақынды алдыртып, әнін тыңдайды. Жанына ертіп жүріп, өзінің әндерін үйреткен. Кейін Кенекең Балуан Шолақтан үйренген 12 әнін фольклоршы ғалым Борис Ерзаковичке жазып қалдырған». [2.6] Кененді көріп, әнін естіген Балуан Шолақтың: «Кененнің болашағы зор, бұл жалғыз Қасқараудың Кенені емес, бүкіл елінің Кенені болғалы тұр, өз орталарыңдағы балғын өнерді бағалай біліңдер», - деуі оның әншілік өнері мен сазгерлігінің жоғары жоғары дәрежеде үндесіп жатқандығының арқасы болар.
«Ри, қойым» - Кенен Әзірбаевтың ең алғашқы шығарған, тырнақалды әні. Болашақ әнші, ақын, сазгердің:
«Қозыны айдап жүріп, сайға барсам, Талқан шекер татиды шайнап қалсам. Шерімді ішімдегі мен төгемін, Басылғандай жүрегім әнге салсам»,
- деп жырлаған әнінен жоқшылық пен кедейшіліктің қорлығын ерте көрген, тек Кенен емес, сол кездегі жалпы кедейлердің өмірі көрініс береді. Сазгердің жастық шақтағы бұл әнін сол кездің өзінде-ақ халықпен ықыласпен тыңдап, жоғары бағалағанының сыры осында». [1.76]
Қозы бағып, қой соңында жүрген бала Кенен «Бозторғай» әнімен жұртшылыққа бірден танылды. «Бұл әнді Кенен небәрі он бір жасында шығарған. Жас жүрегін жарып шыққан бұл әнінде ертеден қара кешке дейін бай малының соңында еңіреп жүрген өзі сияқты, қойшы-қолаңның мұң-мұқтаждарын жырлап еркіндікті, азаттықты көксеген. Әннің сөзі де, сазы да бірден халық көңілінен шығып, ел арасында кеңінен тарап, атағын шығарды. «Қойшы Кенен» енді «әнші бала» атана бастайды». [1.76] Оның «Бозторғай, шырылдайсың, шіркін-ай! Құтылар күн бар ма екен, осы қойдан бір күн-ай» деп әндеткен мұңлы дауысы жаңғырық секілді бүкіл қазақ даласына тарап жатты. Өйткені, әннің сөзі де, өзі де өмірдің ащы шындығын білдіретін.
Ақын жыр-өлеңді әуел баста Сарбастан үйренген, Жамбыл мен Шашубайды ұстаз тұқтқан, ал ән салуды Балуан Шолақтан еншілегенін өзі де жасырмайды. Кенен, әсіресе, Жамбылдан көп тәлім алған. «Жамбыл - шаң ілестірмес жыр дүлділі болса, Кенен қаз дауысын сыздырған ән бұлбұлы болды» деп бағалайды екі өнерпаздың да өмір жолын көп зерттеп жазған халқымыздың ардақты азаматы, белгілі қоғам қайраткері, ғалым, жазушы Мырзатай Жолдасбеков ағамыз. «Кенекең тірі кезде Жамбыл да, Сыпыра жырау да тірі сияқты еді. Кенекең кеткен соң, солардың бәрі дүниеден өткендей болды. Бірақ, артында мұрасы қалды, кітабын шығардық. Халқы барда Кенекеңді өлді деуге болмайды» деп жазады көрнекті ғалым. [2.22]
Еңбекші ел басындағы ауыртпалық, 1916 жылғы халық басында болған дүрбелең де ақын назарынан тыс қала алмаған. Содан кейін, революция әкелген ұлы жаңалық, социалистік құрылыстың жетістіктері, Отан қорғау, достық-ынтымақтық, еңбекке көзқарас, жаңа заманға жарастықты мінез-құлық, тағы басқалардың барлығы да ақын жырының негізгі өзегіне айналған. Ақын өлең жаза ма, айтысқа түсе ме, дастан шығара ма, осының барлығында да ол халық ақындарының дәстүрлі жырларының үлгілерін сақтай отырады, жырларының үгіт-насихаттық маңызы, публицистік сипаты үнемі басым боп келеді. Жақсылықты, жетістікті көре білген, оған көкірек аша қуана білген ақын, көңілге көлеңке түcіpep жат мінез, жат кылықты байқағанда, ымырасыз айқасқа дайын, аямай бетке айтудан тайынбаған. Бұл да шын акындық мінез.
Қазақ даласының бозторғай жыршысы осы 6ip шырылынан өмip бойы танбай кетті. Қапыда Базары мен Назарынан айырылып қалғанда да егіз лағын іздеген ақ ешкімен бipгe шырқырап, күңіренген дауысы Алатаудың қос қапталын жаңғыртты.
Кенен ел аралап, өзінің дарынын дамыта түскен. Өнер қайраткерлерімен шығармашылық байланыста болған. Әcipece, Кеңес дәуірінде оның өмipi мен өнері өзі туып-өскен Жетісу өлкесімен шектеліп қалмай, бүкіл Қазақстанды аралаумен болды. «...Қарағанды кеншілерінің, Балқаштың мыс қорытушыларының, Шымкенттің қорғасыншыларының, Каспийдің балықшыларының, Түркісіб теміржол құрылысшыларының арасында болып, сол алып құрылыстардың жетістіктерін шабытпен жырлады. Оның осы кезеңдегі әндерінен жарқын көңіл, жігер-күш, отаншылдық рухы байқалады. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әндерінің тақырыбы әр алуан» [5.649]. Мәскеуге тоғыз барып, Қазақстан халқының атынан ән шырқады. Қырғызстанды түгел аралады. Ешқандай музыкалық немесе басқадай білімі жоқ адамның осыншама туындыларын нотаға түсірмей-ақ, есінде сақтағандығы, оған қоса қаншама халық әндерін, ауыз әдебиетінің туындыларын бip-бipіне шатастырмай, орындағанына таң қалмасқа болмайды!
Кенен Әзірбаевтың жырлары, айтыстары, дастандары өз алдына бip төбе болса, оның әндері, өзi шығарған әндеріне жазған өлеңдері өз алдына мол дүние. Жалпы, ақын Кенен ел ішіне ақындығымен қоса, ең алдымен, әншілігімен кең танылып, үлкен қадір-құрметке айналғандығын айтуымыз керек. Мұны ақынның өз шығармашылығынан да айқын байқауға болады.
Қазактың дәстурлі поэзиясының аясында жырлап келген акынның әр кез шығарған өлеңдері күнделікті тұрмыстық, тіршіліктік жағдайларды дидактикалық, публицистік сарында баяндайды, өзі куәсі болған елеулі оқиғалар, өз жүрегін толқытып, көңiлiнe қозғау салған құбылыстарға ол үн қатпай қалған емес. Бұл, ең алдымен, оның азаматтық борышы саналғандай. Жеке бастық ceзім, толғаныстар жалпы халықтық мәні бар ipi, мол құбылыстарға ұласып, жалғасып кетіп отырды.
Кенен - қазақтың сал-серілерінің дәстүрін сақтаумен қатар, ескіден келе жатқан ақындық, жыраулық дәстүрін, соның стилдік сипатын берік сақтаған ақындардың бірі. Көрнекті ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбектің: «Ғасырлар тұңғиығынан басталатын салдық-серілік дәстүрдің ең соңғы шыңы Кенен Әзірбаев екендігін мойындау керек. Қазақ сал-серілерінің көп белгі-нышандары бар. Соның бірі парасы, қазақтың сал-серілері әрі ақын, әрі жырау, әрі ән шығарушы, әрі сол әнді келістіріп айтушы, зерделі қарасөздің де көсемі болып келеді», деуі осының дәлелі [2.19].
Кенен әндеріндегі ұлттық нақыш пен бояу иірімге бай, жігерлі, жалынды, әсем де асқақ. Сазгер әндерінің ащы әжуасы езу тарттырса, мұң-запыран жан-жүрегіңді езіп, егілтіп жібереді. Өйткені, Кененнің әндері өмірден алынған, болған істі қаз-қалпында дәл алдыңа әкелетін құдіретті жүрегінен туған әндер.
Кенен Әзірбаев ақындық өнер-жырда ұзтазға кенде болған кісі емес. Басқаларды былай қойғанда, ұлы Мұхтар Әуезов «Жетісу ақындарының алтын діңгегі» атаған Сүйінбай мектебі, сол мектептің дүлдүл жүйрігі Жамбыл - Кенекеңнің ет жақын бауыры, кемеңгер ұстазы болды. Жамбыл арқылы жыршылықтың тағылымын, Жетісу топырағында туындаған тасқынды өнердің өнеге-үлгісін балғын шағынан бойына сіңірді. Өнер, әсіресе, ақындық өнер асыл құрыш сияқты қақтығыс-қайрауда шыңдалатынын ескерсек, Кенекең таланты өзі тұтас замандастарымен, Жамбыл төңірегінде шоғырланған үркердей ақын құрбыларымен өнер сайыстары кезінде үнемі шыңдалып, шымырланып отырғанын байқаймыз. Көрші қырғыз елінің төкпе жырауларымен таңды таңға жалғастырған жыршы-манасшылары Кенен өнеріне қосымша қыр мен сипат қосты. Міне, осылардың барлығы Кенекеңің ақын, жырау ретінде қалыптасуына үлкен ықпал жасады. Кенен өзi шығарған әндермен қоса, кырғыздың «Манасынан», «Көрұғылыдан» үзінділер, «Қобыланды батыр» эпосынан Тайбурылдың шабысын, Әсеттің «Әсетін», Балуан Шолақтың әндерін, грузин, орыс, украин, қырғыз, дүнген, татар әндерін өз тілдерінде нақышына келтіре орындаған екен.
Кенен - халықтың әншілік дәстүрінің бұзылмаған, ешқандай қоспасы жоқ ең соңғы өкілі. Ән-жырын Алатауға әкеліп, жаңғырықтыра шырқаған әншінің көкірегі - алтын сандық. Кенен әндерінің астарынан уақыттың тынысымен қоса, әнші-композитордың ғажайып зердесін, азаматтық бағдарын, акындық-сазгерлік көрегендігін аңғарамыз. Кез-келген шығармасында ерге лайық жалтақсыз сенім, ақынға лайық оптимизм, ақылгөйге лайық парасат жатады.
Әдебиеттанушы-ғалым Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың: «...Кенекеңнің болмыс-бiтiмi де, жүріс-тұрысы да бөлек, табиғи дарын-таланты да ешкімге ұқсамайтын, Алатаудың шыңындай ойы да биік, бойы да биік, әсем үнді ділмәр тілді мінезге бай, көпшіл, қонақжай ерекше жан еді. Кенекең ғасыр бойы жасаған байтақ мұрасымен, армандай әншілігімен, аққудың қанатындай әдемі аппақ жібектей сақалымен, бәйтеректей бойымен көзге де, көңілге де өзгеше бip жұмбақ жандай, данышпан абыздай болып көрінетін», - деп жазған ой-пайымдары Кененнің бет-бейнесін халық санасында одан сайын асқақтата түседі [3.3].
Шынында, өнepiнe үңілсек, әндерін сараласаң, Кененнің дүниетанымы бөлек. Бipлiккe, ерлікке, сұлулықка, адалдыққа жетелейді. Кенен әндері уақыт талғамайды. Даланың ең асыл касиеттерін ән тілімен бүгiнгi өмірімізге жеткізген, бақытты заманымызды асқақ жырлаған ipi тұлға. Кенен әндерінің бітім-болмысынан сахараның мол пішімі, ондағы өмip сүрген елдің арман-мұңы, тағдыры талай көлбеңдеп көз алдыңа келгендей болады.
«Eкі Кенен тумайды, Алатауға ексең де», - дейді Кенен атамыз. Сөз жоқ, өнер аспанында Кенен Әзірбаев бар бoмыс-бітімімен дара, оқшау.
«К.Әзірбаевтың шығармашылық мұрасы аса бай деп айтқан тұста, алдымен - өлең-терме, толғауларын, келесі кезекте - айтыстары мен дастандарын еске алар едік. Ақындық өнepi - өлең-терме, толғаулардан бастау алса, кең тынысты кемел ойлары, талант қуаты мен шабыт шалқары - айтыс, дастандарында биік бел-белестерімен, дәлелi дерек, нақтылы көрініс, бейнелі салыстыру мен cypeттepi - таза көңіл, шын жүректен шыққаны көрінеді» [4.59]. Кенен талай ұлттың өзі сияқты ақын, жырау, әнші, жыршыларымен жанр жағынан жақын бола тұра, сол хас таланттарды қайталамай, өзіне ғана тән өзгеше өнер туғызды. Кенен Әзірбаевтың шығармашылық өзгешелігі де, ерлігі де осында.
Қолданылған материалдар:
- Әзірбаев К. «Алатау алабында», Алматы: LEM баспасы, 2008.
- «Аңыз адам» журналы. Алматы, 2012 жыл, №4 (40).
- Әзіpбaeв К. Мен сүйемін халқымды (өлең, терме, толғаулар). 1 том: Өнер шыңына // Алғысөз //. - Алматы: Өнер, 2007.
- «Мәдени мұра» журналы. Айтыста - ерен, дастанда - ерек, өлеңде жүйрік... Астана, 2009 жыл, №5 (26).
- Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 1-том. Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» бас редакциясы, 1998.