Мақала
Димаш шыққан сахна немесе мен көрген Хунан телевизиясы
Ән өнерінде бұрын Әміре Қашаубаев «Қазақ» атын аспандатса, бүгін Димаш Құдайбергенов әсем даусымен күллі дүниені өзіне қаратты. «Бәрекелді» деп бөркін аспанға атпаған қазақ қалмады
Бөлім: Музыка
Датасы: 11.04.2017
Авторы: Oner Portal
Мақала
Димаш шыққан сахна немесе мен көрген Хунан телевизиясы
Ән өнерінде бұрын Әміре Қашаубаев «Қазақ» атын аспандатса, бүгін Димаш Құдайбергенов әсем даусымен күллі дүниені өзіне қаратты. «Бәрекелді» деп бөркін аспанға атпаған қазақ қалмады
Бөлім: Музыка
Датасы: 11.04.2017
Авторы: Oner Portal
Димаш шыққан сахна немесе мен көрген Хунан телевизиясы

Нағыз «Күміс көмей, жез таңдай» осы болар. Алты тілде ән шырқап, астынан алты қырдың әуені естілген азаматымыздың туған топырағы құнарлы, өскен ортасы әнге бай. «Ат болатын құлынды мүшесінен танисың, адам болар баланы кісесінен танисың» демекші, ата-анасы бес жасында белін буып, өнер сахнасын көрсетіпті. Әкесі Қанат Құдайбергенұлын алғаш «Сағыныш» атты Қазақстан концертінде көріп дауысына тәнті болған едім. Міне бүгін баласы «Бабасынан» асып туып жатқаны бәрімізді қуантады. Димаштың Жұңгодағы (Қытайдағы) ең үлкен басылым «Халық газетінде» сұхбат беруі бүкіл қытай мемлекеті жағынан да мойындалғандығының куәсі деп айтсақ артық емес. Сондай-ақ, «Нанжиң қаласының күнделікті» басылымдары да әншінің әр реткі жарысын дер кезінде жариялап келеді. «Ат тұяғын тай басар» деген қазақтың құлыны ғой, әлі-ақ, әлемнің сан сахнасында ән салатындығына кәміл сенеміз. Саз әлемінің саңлағы сан аспаптан хабары бар екенін сахнада әйгілеп үлгерді. Тек бір рет әсем даусын тыңдасаңыз болды, бәрекелді! «Қайда жүрсе де аман болсын», «Жолы ашық болсын» деген тілегіңізді риясыз ақтарасыз.

Димаш қатысып жатқан «Әншімін» тележобасы 2013 жылы қаңтарда Кореяның MBC телеарнасының аттас бағдарламасы негізінде эфирге көтерілген. Алғашқы жобагерлер қатарында Тау Хұң да бар еді. Бұл берілім әр жұманың кешінде көрерменмен жүздесетін-ды. 1991 жылы Телевизияға жүргізуші болып келген Тау Хұң «Қырмызы қыздар» жобасын қолға алып, «Боз балалар» телеайдарымен даңқы шыққан еді.

Міне, бүгінгі «Әншімін» жобасы басында әйгілі бағдарлама болмаса да, талай өнер жұлдыздарына тұғыр еді. Оның әр реткі көрілімі бүкіл Жұңгодағы көркемөнерлік бағдарламалардың алдыңғы онына өткенімен, көпке дейін табыс көзін таппады. Тек биылғы тауық жылы оған таудай бақыт сыйлады. Hong Kong-нан Ду Лишаны, Тайваннан Лин И-Лиянды, ұлы құрлықтан Тан Уи сынды Жұңгода атағы жер жаратын әйгілі жұлдыздарды шақырды. Міне, осының қатарында Димаш Құдайбергенов те бар. Иә, бұл жоба Жұңгодағы бір өлкелік телеарнаның өткізіп жатқан бәсекесі болғанымен даңқы миллиярдқа таралды. Өйткені, бұл теле арна бұрыннан бері CCTV-мен таласып жүрген мықты телевидение. Онсыз да жоғарыда айтқандай «天天向上» («Сайран сәттер») және «快乐大本营» («Көңілді орта») айдарлары апта сайын алдыңғы бесті бермей келеді. Бүкіл республика бойынша мұндай көрілімге ие болудың арқасында қандай еңбек жатқанын бағалау да қиын шығар?! «Әншімін» жобасының күрделлігі соншалық, әр қайсы елден ұсыныс етілген музыканттарды айтбағанда, бір әншінің сахнаға шығуы үшін қаншама адамның қан жілік болып жатқаны экраннан-ақ көрініп жатқан жоқ па?! Демек, жобада емес, алдын ала жоспарлауда, адамда емес, өнерге құрметте жатқандығы шындық.

Ал кеше ғана «Әншімін» жобасында әсем дауысымен миллиардты тамсандырып, таңдандырған Димаш сол Хунан телевизиясының бас кейіпкеріне айналды. Ол әр кезек жарыс сайын өз дауысына сайыс жариялап отырды. Бірінші әнін французша, екінші әнін орысша, үшінші әнін ағылшынша, төртінші әнін ханзуша (қытайша) шырқады. Тіпті өмірі сөйлеп көрмеген шығыстың шимай жазуын үйреніп, миллиард тілінде ән салды. Тілін бұрап емес, бар зейін, зердесімен орындауға тырысты. Жарыстан миы ашып жүрген жас талант үшін бәрі үйрену дегенмен салмағы ауыр, жауапкершілігі күшті сахынада Димаш тартынбады. Ерен ерлік байқатып, өте дұрыс дыбыстаулармен тамылжытып орындады. Әр елдің ең қиын әуендеріне сайыс жариялап жүрген сайкүлігіміздің шабысына дем бермеген қазақ қалмады. Қазақ қаны бар адамдар ғана емес, басқа ұлттар да бәсіресін беріп, тақымын қысты. Талант тас жаратындығын Димаш өзі дәлелдеді. Басында бас жүлдені бермей, ортасында беске, үшке түскен кезі де болды.

Мүйізі қарағайдай Ду Лиша, жастардың жүрегін жаулаған Жаң Жие, мемлекеттік шаған концертінің бас әншісі Тан Жиң сияқты талантты сайкүліктермен сайысу 24 жастағы жігітімізге оңайға соқпады. Жігерін жаныды, талантын ұштады. «Көп қорқытады, терең батырады» ғой, бөтен сахнада, басқа елде өнер көрсетудің өзі бір ерлік болып табылады. Димаш баста жатырқағанымен кішіпейіл мінезімен, тамаша даусымен өзге әншілерді өзіне тарта білді.

Тұғырынан талай қыранды қанаттандырған Хунан телевизиясы миллиардтар еліне көптеген жұлдыздар мен шолпандарды тәрбиелеп берген еді. Оның кейбірі өнер жұлдызы ретінде танымалы болса, кейбірі кино артисы болып қалталы байға айналды. Тек қана Филиппиннен келген Шила есімді әнші қыздың атын аспандатып, азияның әйгілі өнерпаздар қатарына енгізді. Олардың жарнамаға шығуы миллион юаньмен шамаланып, сахналық тартымдылығы, орындау шеберлігімен режиссерлер мен продюсерлердің назарын аударып жүр. Әрине, Хунан телевизиясынан шықты деген атқа ылайық арындап келе жатқандары, жол ортада кәсіп алмастырып кеткендері де жоқ емес. Димаш соның алғашқы басқышында ғана тұр.

4-наурыз күнгі «Әншімін» бағдарламасының 7-айналымында Димаштың ұстазы тұрар Алыпбаев, әнші Майра Ілиясқызы Чаңша қаласына барып концерт көрермені болып медет көрсетсе, Өнер университетінің оркестр мүшелері сонау Қазақстаннан келіп Димаштың бір әніне сүйемел жасады. Астана балет-опера залында әйгілі әнші Майра Мұхаммедқызының: «Димаш, Қазақстан жастары саған қарап бой түзейді»,-деген ыстық ықыласы қытайдағы бір миллион бес жүз мың Қазақ халқының жүрегіне жылу беріп жайлы жол тапты. Онан да маңыздысы, ҚР Мәдениет және Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Димаштың өнерін тұрақтандырып, жас дарынның әкесі Қанат Құдайбергенұлы мен анасы Света Айтбаеваға алғысын білдірген кескіні Хунан телевизиясынан таратылып миллиард көрерменнің көңіліне қазақстан елінің бауырмалдығын әйгіледі.

Бір уақытта тамаша сахна, тұнық микрофон, әуелеген оркестр, самсыған шырақ, тамылжыған қосанжар дыбыстар, шебер режиссер, шешен жүргізуші, мықты оператор, керемет кескін саралаушы сен үшін қызмет өтесе не істер едіңіз? Димаш сондай ортаға ие болды. Оның бірінші айналымда бүкіл Жұңго (қытай) тыңдармандарының жүрегін жаулауы осылардың арқасы десек артық емес. Әлбетте, талант, жеке құлшыныс бірінші. Бірақ, ортаның да маңызды, шешуші рөл атқаратындығын ерекше ескертеміз. «Әншімін» бағдарламасының бұрынғы берілімдері онша тартымды емес болатын-ды. Көрерменмен жүздескеніне 10 жыл болған бұл берілімінің бағын жандырған өткен жылғы реформа еді. Міне, жыл басында бас режиссер (әрі соңында нәтижені жариялаған жүргізуші) Хұң Тау ерен ерлік жасап берілімнің бас-аяғына өзгеріс жасаудан сырт, шетелден танымал әнші шақыруды ортаға салды. Пікірі бірден қабылданғаннан кейін ол өзі шетел сахнасынан байқаған Димашты ұсыныс етеді. «Әнші» бағдарламасының 1-айналымы болған 21-қаңтар күнгі берілімінде 3,09 көрілімге жетсе, 18-наурыз күнгі 9-айналымда тағы 4,21 дей көрсеткішпен мемлекет бойынша көркемөнер нөмірлер түрінен ең алда тұр. Осындай көрілім жаратуына Димаштың шығуы ерекше әсер етті десек артық емес. Жасампаздық болмаған бағдарлама көрерменінен айырылады. Әнші де сондай, ізденуін тоқтатса, жаңалығы жоқ болса, концертке шығуы да екіталай.

Кейіпкеріміз Димаштың тамылжыған даусына тұлғасы, тартымдылығына таланты сай келген. Ілуде бір кездесетін дарын иесіне кең сахнаның жолығуы да кездейсоқ емес. Қазақстанның қалың концертінде өнер көрсетіп, Беларусьтің «Славиянский базарды» бағындырып келген келісі. Оның бұл жарысқа үлкен дайындықпен барғандығы менмұндалап тұр. 25-наурыз күнгі 10-айналымда ол өзінің 19 жасындағы туындысы «Ұмытылмас күн» атты әнін қазақша-қытайша қос тілде орындап, өзінің шығармашылық қауқарының да жай емес екендігін әйгіледі. Бұл әннің ханзуша (қытайша) мәтінін әйгілі аудармашы Қайша Тәбәрәкқызы бейімдеген екен. Бұрын Мұқағали Мақатаевтың «Қаздар қайтып барады», Мұхтар Шахановтың «Құз басындағы аңшының зары» атты кітаптарын миллиард тілінде сөйлеткен апайымыз бұл жолы да бар зейін-зердесімен білек сыбана кіріскені аударма жолындағы әрбір шумақтан менмұндалап тұр. Димаш бауырымыз соңғы шешуші жарысқа алдыңғы қатарда жолдама алып уақытша демәлді. Енді оның нендай өнер көрсетіп, тыңдарманын таң қалдыратындығын сәуір айының ортасындағы тікелей эфирдегі шешуші жарысынан тамашалайтын болдық.

Қуандық Көбенұлы

Мен көрген Хунан телевизиясы

Иә, бәрімізді тамсандырған, ән салдырған Димаш Құдайбергенов ән шырқаған Хунан телевизиясын қаншалықты түсінесіз? Дұйым жұрттың жүрегін жаулаған боз баланың бағын сынаған «Әншімін» бағдарламасының қалай барлыққа келгені туралы не білесіз? Бүкіл ел болып Бейжиң уақыты сағат 22:30-да теледидарға телміртіп қойған қандай құдірет?! Өктем орталық телеарнасы (Ұлттық бірінші арна) тұрғанда Хунан телеарнасы қалай ғана үстем орынға шықты? Бұл жерге әйгілі режиссерлер мен танымал жүргізушілер неге жиналды? Міне, осы түйіндерді түсінсек Хунан телевизиясының мемлекет бойынша көрілімі ең жоғары болатындығының себебіне де жауап табатын сияқтымыз.

Хунан телевизиясы десе көптеген адамның аузына «天天向上» («Әр қашан алға») және «快乐大本营» («Көңілді орта») айдары түседі. Осыдан бірер жыл бұрын маған сол әйгілі теле беріліміндегі режиссерлермен бірге болу бақыты келді. Үйрену мәңгілік міндет деп білетін мен жөнінен алып айтқанда Хунан өлкесіне барып үш айлық тәжірибе алмастыру орайына ие болу табылмас орай болды. Мемлекетіміздің аз ұлт тіліндегі теле берілімін дамыту, Шинжияңның аз ұлт теле қызметкерлерін кәсіптік жақтан тәрбиелеу сынды үндеуіне сай 22 теле-радио журналистері нән қала Чаңшаға ұшақтың 4 сағат тербеуімен түнгі 11де жеттік. Шинжияңда Үрімжі уақытымен жүретін мен жатаққа орналасуыммен сағатымды алдыға екі сағат жылжытып Бейжиң уақытына теңшеп қойдым.

Ертесі Хунан телевизиясы кадр және еңбеккүш басқарма жауаптысының орынбасары Ли фамилиялы азамат бізді бастап Чаңша қаласының ортасын жарып өтетін Шияңжияң өзенінің жағасындағы «亚克西» атты Шинжияңдық жігіттер ашқан үлкен асханаға алып келді. Сондай-ақ, дүйсенбі 27-мамырдан 31-мамырға дейін телевизияның 14-қабатындағы жиналыс залында бір апталық үйрену болып, сосын, нақтылы қызметке араласатындығымызды білдік. Үйренуде Шаттық Қалимоллақызы, Нәзигүл, Пархат, Абламит қатарлы сабақтастармен бірге болдық. Үйрену аяқтағаннан кейін бәріміз өз алдымызға айдарларға жұмысқа жегілдік.

«Қай тауға шықсаң соның әнін айт» дейді, практикалық жұмыстар өз алдына жүріп жатты. Оған қанағат тұтпай сенбі-жексенбі жеке «жортуылдарға» шығып тарихи орындарды бірден түгендей бастадым. Жаңа жұңго азаттық төңкерісінің көсемдері Мау Зы-Дұң, Лю Чау-Ши, Хы Лоң сынды көсем-генаралдар, Лей Фыңдай жанашыр жанның туған мекенне бару, осында бір тоқсан тұрып дамылдау тарихқа қызығатын мен сияқты жастарға таптырмас орай. Онсыз да Мау Зы-Дұңның 1918 жылдардағы чаңша 1-педагогика мектебіндегі өмірін баяндаған «恰同学少年» («Бір дәуірдің жастары») атты теле-хикаясы жаңа Жұңгоның азаттық таңы алды-артындағы Хунандағы бірер ай уақыттағы саяси сахнаны, соғыс қырғи қабақтығын бейнелеген «黎明前的暗战» («Таң алдындағы астыртын сайыс») атты тарихи теле-фильмін неше қайталай көрген едім.

Осы екі теле-сериалдың бас режиссері қазағымыздан шыққан режиссер Жанар Сағатқызы еді. Сол себепті Хунан өлкесінің 1949 жылдардағы саяси, стратегиялық орнын жақсы білуші едім. Мау Зы-Дұңның туған жері Шаушан Чаңша қаласынан 60 километр жерде. Ал Мау Зы-Дұң мен Сай Хы-Cын Маркс-Энгелс идеясын осында қабылдап 1912 жылдан 1918 жылға дейін Чаңша 1-педагогика мектебінде білім алған. Оған куә қаланың батысындағы Хунан университеті ауласындағы «Ай-Уан Тиң» бақшасы. Онан сырт Жұң-Нан университеті жарты ғасырдан артық уақыт бүкіл ел көлеміне жаратылыс мамандарын жетілдіріп жатыпты.

Жұңгоны ұлы қорғанымен, Египетті Пирамидамен елестететіні сияқты көп ел Хунан телевизиясының жоғардағы қос көрілімімен бағалайды. Ал барып көрген біз жөнінен алып айтқанда арнаның артықшылығы сол қос айдарынан сырт басшылардың 20 жылдың алдындағы көрегендігінде жатыпты. Сондағы барлық шарт-жағдайдың телевизия үшін қызмет өтеуге арналған. Болашақты болжаған басшы, дана көкірек таланттылар осында ұқсайды. Кезінде көп ешкім көз қырын салмайтын телевизиясының реформасы 1994 жылы Уи Уын-Биң мырзаның құлшынысының арқасында шаһар ортасындағы орыннан Чаңша қаласының шығыс солтүстігіндегі қазіргі орнына ірге тебуден басталыпты. Сол жылы 28-қыркүйек жұмыс бастаған жаңа қоныс керегесін кең жайып, құлашын алысқа сермепті. Өзгеден бұрын 10 мың шаршы метр жерді иелеп, бір емес 10 мекеме-меңгерменің қонысындай жерді «жалмаған» екен. Оның пайдасын бүгінгі ұрпақ, қазіргі телегерлер игілігіне жаратып, қызметінің қажетіне пайдаланып отыр.

Хунан телевизиясының бас ғимараты

Айтар болсақ: Хунан телевизиясының ауласында «世界之窗» («Ғалам терезесі») атты көлемді бақша бар екен. Көлемі көзіме Үрімжідегі Сандунби балалар бақшасынан да аумақты көрінді. Оның 2003 жылғы ашылу салтына сол кездегі мемлекет төрағасы Жияң Зы-Миын жолдас қатынасқан екен. Болашақ авто-көліктің көбейетіндігін күні бұрын ойласқан олар мекеменің алдынан 2000 авто-көлік тоқтайтын алаңқы, студия артқы ауласынан үлкенді-кішілі мың машина сиятын жер дайындапты. Байқаймын әр бір адамға бөлінген тұрақты орын жоқ сияқты. Өйткені көліктердің орны күнде өзгеріп тұрады. Өлке дәрежелі мекеме-орындарда қонақжай болуы табиғи, бірақ, жұлдызды мейманхананың сол ауладан бой көтеруі мені таң қалдырды. Ол болса «升爵非斯» атты 5 жұлдызды қонақжай.

Чаңша қаласына барып осы мейманхананың атын айтсаңыз білмейтін таксис жоқ. Байқаймын оның саудасын телевизияға келіп жатқан артистер мен кино-телевизия саласының жұрт танитын жұлдыздары-ақ жүргізіп жатыпты. Мұнан сырт төл айдарлар мен маусым сайын ашылып жатқан «中国最强音» («Шарықтаған жұңго әуені»), «快乐男声» («Боз балалар») сияқты сара айдардың шабантоздары мен тәлімгерлері және олардың нөкерлері-ақ «тоздыратындай» тұрады.

Телевизияның шығыс өңтүстігінен бой көтерген көрме сарайында аптасына өтіп жатқан фарфор көрмесі, мемлекет көлеміндегі жібек-маталар жиналысы, халықаралық деңгейдегі жәрменкелердің деңгейі өз алдына бір әңгіме. Мұнан сырт 5-6 қабаттық жатаған тұрғындар ғимаратын айтпағанда 10 қабаттық 14-15 тұрғын үй ғимаратынан, 25 жекелік саяжайлар бой көтеріпті. Ал 35 қабаттық зәулім офис ордасы әудем жерден менмұндалайды.

Шынтуайтына келгенде қызметкерлердің қалыпты жұмыс істеп, саласынан салғыртсымай, шөгелдікпен жұмыс жасауы шарт жағдайдың кепілдендіруінде. Ол болса тұрар үй, қызметтік орта, қажетті материал мен техникалық бөлімдер. Хунан телевизиясы міне осының бәрінен кенде емес. 转播车-ның (эфирге тіке тарататын көлік) өзінен алтауын көрдім, оның біреуінің құны неше миллионға парапар. Демек мұндағы 3000 қызметкер тұрар жай, кеңсе, қызмет орын деп өмірі бас ауыртпайтындай тұрады.

Хунан телевизиясының қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер

Телевизияның екінші реткі реформасы. 1995 жылы телевизияның базарға беттеуінен басталыпты. Жаңа орында тың тіршілік бастаған Хунан телевизиясының бірінші жеңісі экономика арнасының ашылуы еді. Өлке көлемінде ғана таратылатын аталмыш айдар Хунан жасанды серік арнасына қосылған ағыны қатты асау өзендей әсер етіп, сол жылғы телевизияның 100 миллиондай кірім кіргізіп, теле тарихын және бір белеске көтерді.

Аталмыш теле арнаның 1996 жылы экранға шыққан «超级女声» («Қырмызы қыздар») орта жазық емес, орталықтан тартып бүкіл ел көлемінде осы айдарды тамашалады. Бұл айдардан Ли Уй-Чүн, Жоу Би-Чаң сияқты әншілер, «Реборн» сынды группалардың мемлекетке атының аспандауына орта жаратып берді. 1997 жылы 11-шілде «快乐大本营» айдары құрылып миллиардты өзіне жалт қаратты. Оның мазмұнын айтпағанда Хы Жи-оң, Ше-Не қатарлы жүйрік жүргізушілер жалпы жұрттың назарын өзіне аударды. Сондай-ақ қыздарға арналған, ауыл жастарын тақырып еткен «玫瑰之约», «晚间新闻», «乡村发现» сынды айдарлар іркес-тіркес ашылып, көрерменін тәнті етті. Бұл 4 айдар сол кездегі Хунан телевизиясының 4 діңгегіндей рөл ойнаған еді. Жалынды жас фильмгер Жаң И-Бей жаңа ғасыр аттасымен тың айдар «越策越开心» («Сайран салғым келеді») деген тың айдар жобасын алып шығып, жұртшылықты жаңа бағдарламалармен сусындатса, кейін А-И атты азамат бас болып жобалауымен «背后的故事» («Перде артындағы әңгіме») бағдарламасы эфирге шығып, елдің назарын елең еткізді. Міне осылардың себебінен «谁是英雄» («Кім керемет»), «新青年» («Жаңа жастар»), «中国功夫» («Жұңго жұдырық») ашылды. Мұның бірі шынайылығымен, жандылығымен, көрерменмен етенелігімен ел көңілінен орын алса, бір бөлімі қызықтылығы, тартымдылығы, бәсекелігімен басып түсті. Демек көрерменнің көңілінен шығып, саясаттың салқынына ілінбей, оны сипай өтіп, халықтың мұң-мұқтажын айтқан соң жұрт арасынан жол тапты.

Хунан телевизиясы ел көлеміндегі танымал немесе болашағы бар деген диктор, жүргізушілерді өзіне тартыпты.

Білген басшыға телевизияның жаны жүргізушіде деп айтсақ артық кетпес. Қабілетті бір жүргізуші белді айдар емес, бір арнаны сүйрей алатындығын бүгінгі орталық телевизиясындағы Шуи Жиң-И, Са Бин-Иң, Ли Пиң, Уаң Шияу-Ия, Бай Ан-Сұң, Жыжияң телевизиясындағы Хуа Шау, Анхуи телевизиясындағы Лу Ұй, Шаңхай телевизиясындағы Сау Кы-Фаң әне соның айғағы. Демек бір бөлім көрермен сол арнаны ұнатып көргенімен, бір бөлім көрермен жүргізушіні ұнату себебімен сол арнаны ашып қояды. Мейлі сұхбат объектісі кім болсын онымен есептеспейді. Арнада басқа берілім таратып жатсада телевизиясын соған туралап қояды. Міне бұл танымал жүргізушілердің әсері.

Хунан телевизиясындағы мықты жүргізушілердің басым көбі Хунандық емес. «快乐大本» («Көңілді орта») бағдарламасының жүргізушісі Хы Жи-Оң Бейжиң шет-тілдер университеті араб тілі факультетінің оқытушысы. 1998 жылы Хунан телевизиясының шақыртуымен «快乐大本营» («Көңілді орта») айдарын жүргізеді. Шие-На Чыңдулық. Сычуан педагогика университетінің кино өнері факультетінен оқыған соң Хунан телевизиясына барған. Ол《音乐风云榜》,《百科全说》,《百变大咖秀》айдарларын жүргізіп өте сәтті болған. Тіпті, көрілімі мемлекеттің алдыңғы 3 айдарына айналған. «天天向上» бағдарламасының жүргізушісі, танымал фильмгер Уаң-Хан Жияңсу өлкесінің адамы. 1994 жылы Сужудағы бір радио-телевизия мектебінен декторлық оқыған. 1996 жылы Хунан телевизиясына қызметке орналасқан. Қарапайым қызметпен жүрген бұл дарынды азаматты бірер жылдан кейін бір режиссер оның сөз сөйлеу, елді өзіне тәнті ету қабілетін байқап қалып, сонан бастап жүргізушілік өмірін бастаған. Ол «Боз балалар», «Қырмызы қыздар», «Сайран салғым келеді» сынды бағдарламаларды тамаша жүргізіп, Хунан өлкесінің көрермені емес, бүкіл миллиардты өз аузына қаратты. Ал жүргізуші Ли Ши-Яң мен Жаң Дан-Дан екеуі жерлік жүргізушілер.

Студиялардың орнын әуел баста тамаша жобалаған. Телевизияның жаны теле-камералар мен студиялар. Әр қандай телевизиялар құрамында бұл екеуі кем болса болмайды. Хунан телевизиясында арнаулы 4 бөлек жерде студия орталықтары бар. 1-район телевизия ғимаратына жалғанып салынған болып негізгі студия деп аталады. Мұнда тұрақты айдарлар мен «快乐购物» арнасының бағдарламалары түсіріледі. 2-район көрме сарайының батыс жағына орналасқан. Аталмыш орынға «快乐男声» («Боз балалар») айдары өткізілсе, ал 3-район болған «世界之窗» («Ғалам терезесі») атты көлемді бақшада экономика арнасының «越看越刺激» айдары мен «我们约会吧» («Кездесейік») айдарының студиясы тұрақты екен. 4-район Чаңша қаласының ішінде. Мұндай болатын себебі: Хунан телевизиясының кино арнасы әлі де қала ішіндегі бұрынғы орында болғандықтан бұрынғы телевизияның орнын сол арна әлі пайдаланып отырғандығында.

Осы 4-районда 20-ға тарта теле-бағдарламаларын түсіретін, тіке эфирге шығаратын толық жабдықталған студиялар бар. Байқаймын, жарық түсірушілер, декорация жобалаушылар мен оны жасаушылар группасы, камера орнату, тіпті, орындықтарды қою, оны ғылми орналастыру орны осы жұмыстар үшін тас түйін дайын тұратындай сезілді. 6-卫视 дан басқа 5 арна ту баста ғылми жобаланған.

Шинжияңдықтар Хунан телевизиясының «快乐购物», «金鹰卡通» сынды екі арнасын ғана көре алады. Мұнан басқа біз көре алмайтын, тек ішкі өлкеде ғана таратылатын «潇湘电影频道»,«娱乐频道»,«金鹰纪实频道»,«都市频道»,«公共频道», «时尚频道» сынды 6 арна бар. Сондай-ақ Чаңша қалалық телевизия өз алдына бір басқа, оның да Хунан көлемінде көрілімі өте тамаша.

Ал қазір Хунан телевизиясында жоғардағы көп аузындағы «天天向上» («Әр қашан алға») және «快乐大本营» («Көңілді орта») айдарынан басқа «Жұңхуа мәдениеті», «Армандаған тұрмыс», «Зерек бала», «Сен үшін келдім», «Көкем қайда кетті?» атты бақандай бес айдары бар. Мұның ішінде «Көкем қайда кетті?» 2014 жылдан 2016 жылдары дүмпу тудырса, ал қазір «Армандаған тұрмыс» қытай телевизиясы бойынша көрілімі ең жоғары берілім. Мұнда қала жастарының ауылға барып өткізген тұрмысы әңгіме болады.

Үш айлық қызмет, үйрену барысында теле саласының универсал кәсіп екенін тереңдей таныдым. Сондай-ақ, ол таланттылардың топтасып ортақ туынды жарататын сахынасы. Міне, оған куә қазақ тіліндегі берілімнен «Күміс көмей» болса, ал ханзуша (қытай тілінде) берілімнен «爸爸去哪儿?» («Көкем қайда кетті?»). Мұның берілімі екі жыл бұрын мемлекет бойынша жаңа рекорд жаратты. Теле үшін ең алдымен жобалау өте қажет. Жоба – бір туындының негізі, қазақша айтсақ «таған». Ол дұрыс болмаса оның болашағынан ауыз ашу қиын. Онан соң мазмұн мен мамандар. Тақырып, мазмұнның заманға сай, көрерменнің көңілінен шығуы да өте маңызды.

Ал мықты режиссер, танымалы жүргізуші, шебер шырақшы, өнерлі оператор, табанды техник т.б.-лар онан кейінгі шаруалар. Әр қандай адам бірінші экономикаға ден қояды. Меніңше белгілі саладан нәтиже жарату үшін экономика маңызды болуы мүмкін, бірақ бірінші орында емес. Темір таяқтан тебен шығара алмайтын техниктер бар. Сол сияқты миллион қаржы болсада мандымды мазмұн, тартымды айдар жарата алмайтын режиссерлер жоқ емес. Тек жоғары өредегі кәсіптік қабілет, қажырлы қызмет рухы, табанды қажырлық, тамаша кәсіптік мөрал адамның нәтижеге қол жеткізудің кілті. Тек үйрену ғана емес, нақтылы қызметке қатынасқан біз үшін Хунан телевизиясының, мен практикадан өткен «天天向上» («Сайран сәттер») айдарындағы азаматтардың берекесі, қабілеті, дарыны және жасампаздығы мені өзіне тәнті етті. Сондай-ақ, телевизия бастығы Лүй Хан-Биң мырзаның қабылдауында болдық. Міне, осының бәрі үйрену. «Адам-адамнан тәлім алады» дейді атам қазақ, олардың барлық бағдарламалары біздің телевизияға түсіп, қазақ көрерменнің көңілінен шыға беруі екіталай . Бірақ, қортқан тәжірибе, үйренген білім, көрген тәрбиені өз ортамызға істете алсақ Нұр үстіне Нұр болар еді. Бізге үміт артқан телевизия басшыларының да арманын жерге қалдырмаған болар едік. Қазір де сол көргенімізді өзімізше бір бөлігін істете алдық деп ойлаймын.

Димаш Құдайбергенов

Бір әншінің шетелде сұранысқа ие болып, сахнадан сахнаға Сайран салуынан артық ләззат бар ма? Димаш әне сондай, Хунан телевизиясының «Хуарн шаған концертінде» Витастың «Опера 2» әнін шырқаса, «Юань-шияу мерекесінде» қазақша «Ой, жайлау» әнін салды. Сондай-ақ, әлем кино өнерін бағындырған, жуықта ғана «Оскар» сыйлығының «Ғұмырлық үлескер» марапатын алған Чың Лұңның (Джеки Чан) өзі шақырып Димашпен кездесуі бір Димаш үшін емес, барлық қазақ үшін мақтаныш. Hollywood-тың бір егей әртісіне қазақтың жолымен оқалы тонын жауып, домбырасын сыйлады. Өнерді бағалай білудің өзі батырлық қой, өнер адамы Чың Лұңның өз шапанын әншімізге жабуы да Димаштың даусына деген, өнеріне деген құрмет. Сыйластық жасасын дейміз. Міне, осының бәрін Хунан телевизия тілшілері құр жібермей жариялап тұрды. Теленің құдіреті осында.

Димаштың музыкалық жетекшісі болған Арай Айдарханұлы да маған бейтаныс емес, бір Ертістің бойында, Сарсүмбенің қаласында, Қыран өзеніне бірге шомылған ауылдасым. Жас парқымызда алшақтық болғанымен ағажай Алтайдың Тұңжиянлу деген ауласында Ержеткенбіз. Жұңгодағы талай сахнада өнер көрсеткен талантты әншіміздің Хунан телевизиясының «Әншімін» бағдарламасында Димашпен тізе қоса бірге болуы бізді алаңдатбады. Қос өнерпаз қыран кеңестікте бірге самғап, бірге қанатын қағып келеді.

Әнші Димаш 11-наурыздағы 8-айналымда әйгілі әнші Хан-Хұң орындаған «Таң атты» туындысын тамаша орындап, дұйым жұртты тәнті етті. Әр кезек сайын арындап келген күміс көмей, жез таңдай жүйрігіміз тағы да сүрінбей өтті. Жұңго (Қытай) сынды үлкен елде Димаштың аты әлі де аспандайтындығына кәміл сенеміз. Өйткені, бұл жерде базар бар, экономикаға айналған ән сахнасы көп. 2017 жылдың қаңтарында Жұбаныш Жексеннің орталық телеарнаның шаған концертіне, «KeshYou» тобының Шанши телеарнасының шаған концертіне, әнші Өмірқұл Айниязоатың Лияниұнгаңдағы концертке қатынасуы да түгелдей Жұңгоның (Қытайдың) Қазақстан өнерпаздаріна деген сұранысын әйгілеп жатпай ма?! Өнерде шет-шекара жоқ қой. Корея әншілерінің ұлы құрлықтағы тыңдарманының көбеюіне байланысты 2005 жылдары Бейжиң сияқты қалаларда кәрістердің ән апталығы өткен болатын. Сол сияқты Ши Жин-Пиң төрағаның «Бір дәуір, ортақ экономикалық белдеу» саясаты болады екен, Жұңгода да «Қазақстан ән апталығының» өтетіндігіне кәміл сенеміз. Міне, бұл еларалық ынтымақтың арқасы.