"Саташ" вестерні прокатқа шығады

2018 жылдың 1 қарашасынан бастап, вестерн жанрында түсірілген «Саташ» фильмі отандық прокатқа шығады. Фильмнің режиссері – режиссер, сценарист және журналист Төлеген Байтөкенов.
"Саташ" вестерні прокатқа шығады

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Саташ» картинасы қылмыскерлермен шайқасқа түскен ауылдың адал Саташ есімді учаскелік полицейі туралы баяндайды. Ол ауылды басып алған қылмыскерлерге жалғыз өзі төтеп беріп, борышын соңына дейін өтейді.

Фильмдегі басты рөлдерді Ақылхан Алмасов, Дина Тасболатова, Шыңғыс Капин және Ержан Нүсіпақыновтар сомдайды. Ұрыс сахналарын қою Бахадыр Жалметов пен «Жал» каскадерлер ассоциациясына жүктелген. Түсірілімдер Алматы облысы, Қапшағай қаласынан 40 км шақырымда орналасқан Бригадир ауылында өткен.

Естеріңізге сала кетсек,  «Саташ» фильмі жақында ғана қазанның 12-і мен 21-і аралығында өткен 34-ші Варшава кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысқан болатын. Режиссер Төлеген Байтөкеновтың айтуынша, фильмді тамашалаған польшалық көрермендер мен түрлі елден келген БАҚ өкілдері жылы лебіздерін білдіріп, картинаның ұнағаны туралы айтқан.  Мысалы, SLANT Magazine атты америкалық танымал басылымының киносыншысы Чак Боэн фестиваль барысында «Саташ» фильмін тамашалап,  былай деді:

-                Аталған кинотуынды әсемділігімен ерекшеленеді. Фильмде бәрі үйлесімді, әр кадрлары орынды, ерекше атмосфераға толы, оқиға желісі де қызықты. Фильмнің соңы да ойдағыдай аяқталады, әр композициясы есте қаларлық. Бұл нағыз заманауи вестерн.

Анықтама:
«Саташ»
Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ
Жанры: вестерн, драма
Ұзақтығы: 91 минут
Режиссері: Төлеген Байтөкенов
Сценарий авторлары: Төлеген Байтөкенов, Инна Байтөкенова, Андрей Тен
Қоюшы оператор: Александр Рубанов
Продюсері: Шынар Бөрібаева
Рөлдерде: Ақылхан Алмасов, Дина Тасболатова, Шыңғыс Капин, Ержан Нүсіпақынов

Төлеген Байтөкенов – сценарист, режиссер, журналист, киносыншы. Қазақстан киносыншылар Ассоциациясының мүшесі. «Тұран» университеті кино өнері кафедрасының аға-оқытушысы. «Алтын адам» ұлттық байқауының «Үздік журналист» жүлдесінің лауреаты. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының режиссерлер дайындайтын Жоғары курсының түлегі («Кино режиссурасы» мамандығы бойынша А.А. Эшпайдың және В.А. Фенченконың шеберханасында оқыған). 2018 жылы Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің сценарлық шеберлік бойынша бір жылдық бағдарламасына қатысқан. «Тайталас» (2017) сериалының сценарий авторы, «Батырдың оралуы» (2018) деректі фильмінің сценарий авторы және режиссері.