Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай ақынның "Мұтылғанның өмірі" поэмасы сахналанды

Шығыс Қазақстан Облыстық «Дариға-ай» жастар театрының репертуары тағы да бір үлкен қомақты қойылыммен толықты. Бұл жолы Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай ақынның «Мұтылғанның өмірі» поэмасының желісі бойынша жаңаша форматта «Шәкәрім. Жолсыз жаза» спектаклі сахналанды.
Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай ақынның "Мұтылғанның өмірі" поэмасы сахналанды

Шәкәрім жайлы білгің келсе, оның өмірлік қағидаларын, жалпы өз өмірі жайында мағлұмат беретін шығармасы – «Мұтылғанның өмірі» арқылы тани аламыз. Бұл еңбегі өзі жайлы, өз көзқарастары, дүниеге тіршілікке деген танымын айшықтайтын туынды. Тіптен Өмірдастан деуге болады. Жалпы Шәкәрім туралы білу, оның дүниетанымын айшықтау үшін оның өзіне жүгінген дұрыс болар. Себебі, ақын өзінің бар бітім-болмысын, жандүниесін, танымын өз шығармашылығында баяндап кеткен.

«Мұтылғанның өмірінің» басты кейіпкері – ақынның өзі. Мұнда ақынның өмірі, қоғамға, адамға деген көзқарастары мен ақынның поэзиядағы өзіне тән даралығы мен көркемдік әлем жүйесі ерекшеленген. Ақынның өз жүрегіне үңілуі, жандүниесі арқылы өзін таныту, сонымен қоса ақынның тұлғалық сипаты дараланады.

Режиссер Жұлдызбек Жұманбай «Шәкәрім. Жолсыз жаза» спектаклін қою үшін ақын шығармашылығы мен өмірін терең зерттей, зерделей келе, бір оқығанда бойға сіңісе қалмайтын ақынның философиялық тұжырымдарын көрерменге түсінікті етіп жеткізуді мақсат тұтты. Режиссердің кейіпкерлерді, ақын шығармаларын, ұлы Ахаттың естеліктерін ұтымды таңдауы, спектакльдің ішкі мазмұнын толық аша түсті. Және де осы спектакльді «Дариға-ай» жастар театры ұжымына сахналауының өзі таетр актерлерінің шеберлігіне сенім артқандығы деп білеміз.

Шәкәрім тақырыбын кез келген адам түйсініп, сахнаға алып шығуға жүрексінетіні рас. Қойылымды қолға алғаннан бастап театр әртістері де Шәкәрімнің өмірі мен мұраларына жан-жақты үңілді және қызу дайындыққа кірісіп кетті. Осы ретте, театр ұжымы ең бірінші Шәкәрімнің туған жеріне яғни ұлылар мекеніне барып, Бақанастағы ақынның 30 жыл бойы жатқан құрқұдықты көріп, жатқан жеріне зиярат етіп қайтты. Сонымен қатар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейіндегі Шәкәрім Құдайбердіұлына арналған экспозицияға бірнеше рет экскурсия жасап, ақын жайлы тарихи деректер мен естеліктерге қанығып, қойылымның сәтті шығуына жан-жақты ізденісте болды. Әсіресе, басты Шәкәрім рөлін сомдайтын театр әртісі Еркебұлан Нұғымановтың осы образды алып шығу үшін көп ізденісте болып, еңбектенгені көрініп тұр. Өйткені, көп актердің арманы болған Шәкәрім рөлі – күрделі бейне. Ұлы тұлғаның бейнесін сахнаға шығару әртістен ішкі зиялылық пен тереңдікті талап етеді. Еркебұлан осы талапты жете түсініп, ақын образын өз деңгейінде алып шықты. Көп қойылымдарда кейіпкердің сыртқы келбетін айнытпай сала отырып көртесте, мұндағы актер кейіпкердің характерін, психологиясын, эмоциясын экспрессия арқылы жеткізуге тырысты.

Спектакльде тағы бір ерекше образ ол – Кәрі Шыңғыс. Бұл рольді сомдаған - Естай Шәріпұлы өзінің актерлік шеберлігімен өте сәтті алып шықты. Тарихтан да белгілі, Шәкәрім елуден асқан шағында елден жырақ кетіп, жалғыз өзі Шыңғыстаудың ішіндегі Саят қорада тек шығармашылықпен айналысып, өмірінің соңғы кезеңдерін өткізген. Осы уақытта ақынның сырласы да, мұңдасы да – Шыңғыстау шатқалдары. Режиссер спектакльдің өзегін бастан аяқ осы Кәрі Шыңғыс образымен байланыстыру арқылы өте сәтті шешім қабылдаған.

Қойылымнан Шәкәрімнің жақсылық пен жамандықты, дарын мен көре алмаушылық, пайдакүнемдік, жағымпаздық, жасандылық, мақтаншақтық сияқты қасиеттердің өзара тартысын Шыңғыстың тас мүсіндері іспетті кейіпкерлер арқылы шебер көрсетті. Ар, ұждан, адал еңбек, ақ жүрек сияқты қасиеттерді жанында жүрген Әупіш іспетті кейіпкер арқылы көрсетуі режиссер шеберлігін айқындай түседі. Әупіш рөлін сомдаған актер Ғалымбет Тасболатов кейіпкердің осы қасиеттерін өзінің ішкі парасаттылығымен пайымдап сәтті алып шықты.

Спектакльді қоюшы режиссер – Жұлдызбек Жұманбай, осы театрдың іргетасын қалаушылардың бірі, жерлесіміз, қазіргі таңда Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының бас режиссері. Жұлдызбектің бұл театрдағы алғашқы қойылымы емес. Бұдан бұрында «Махаббат аралы», «Иттің баласы», балаларға арналған «Он екі ай» қойылымдарын сахналаған.

«Дариға-ай» жастар театры келер жылы 20 жылдық мерейтойын тойлауды жоспарлап отыр. Осы ретте театр репертуары тағы да үлкен қойылымдармен толыға түсері анық. Театр ұжымына тек шығармшылық сәттіліктер тілеп, көзі қарақты көрермендері көп болсын деген ниеттеміз.

«Дариға-ай» жастар театрының әдеби бөлім меңгерушісі Г. Құдайбергенова