Есімғали Жұмановтың «Бейсаналық экзистенциясы» атты жеке мерейтойлық көрмесі ашылады

2019 жылдың 7-ші ақпанында сағат 16.00-де Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған суретші Есімғали Жұмановтың «Бейсаналық экзистенциясы» атты жеке мерейтойлық көрмесі ашылады.
Есімғали Жұмановтың «Бейсаналық экзистенциясы» атты жеке мерейтойлық көрмесі ашылады

Есімғали Жұманов 1946 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ауданының Буденный кеңшарындағы Калиновка  ауылында дүниеге  келген. 1975 жылы В.Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін аяқтаған соң, сол жылы Мәскеу қаласындағы В.И. Суриков атындағы көркемсурет институтына оқуға түсті. Талабы биік талғамы жоғары Е.Жұманов бұл оқу орнын да 1981 жылы үздік тамамдап, Алматы қаласындағы көркемсурет училищесіне арнаулы пәндердің оқытушысы етіп жіберілді. Осы жылдан  бастап Суретшілер  одағының мүшесі.

Жасыл алма 90х90см. 1996г. Х.М..JPG

Жұмыстары республикалық, аймақтық, бүкілодақтық, дүниежүзілік көрмелерге қойылды. Шығармалары Францияның Париж қаласында өткен  «Қазақстан мәдениеті», Иран, Тегеран қаласында шымылдығын түрген Дүниежүзілік мұсылман елдері және Рессейдің Мәскеу қаласында ұйымдастырылған Суретшілер Одағының халықаралық көрмелерінде, Германияның Магдебург қаласында жалауын көтерген «Еуропа-Азия» 2-ші халықаралық байқауында көпшілік назарына ұсынылды. Оның көркем туындылары қырғыз, қытай, түрік халықтарына кеңінен танылған. Көрмеге суретшінің 90-нан аса кескіндемелік, графикалық және инсталлияциялық жұмыстары қойылады. Е. Жұмановтың көрмеге қойылған туындыларының идеясы мен мазмұнының желісі бірін-бірі жалғастырып, адамзат бойындағы тылсым дүниелерді айшықтауға бағытталады. Оның шығармашылығы ерекше дүниетанымдылық көзқарастардан тұрады. Адам болмысының мәні мен өмірдегі орны, қоғамдағы түйткіл мәселелер,  жалпы әлемдегі өзгерістер суретші қылқаламынан шыққан сан түрлі бояулар мен ұштасып отырады.  Туған дала табиғатын, қазақ халқының ұлттық наным-сеніміне тереңінен бойлап, полотналарында өзіндік көркем тәсілмен жеткізеді.

Мергеновтың портреті. 90х90см. 2007г. Х.М..jpg

Е. Жұмановтың шығармашылығында портрет, пейзаж, натюрморт жанрлары  мистикалық сюрреализм бағытымен үндесіп, драматизмге толы туындылармен бейнеленіп келеді. Шығармашылығының  алғашқы жылдарында орыс мектептерінен алған шеберлігіне жүйелі құрылған композицияларды дүниеге әкелді. Суретші тәуелсіздік жылдарына дейін кескіндеменің әр алуан бағыттарымен, бейнелеу тәсілдерімен бірге қазақ жеріндегі саяси толғаныстарды тақырыптарына арқау етті. Кескіндемешінің 1983 жылы жазылған «Қара, ақ, қызыл» атты туындысында қою қара түсті фонға ақ және қызыл бейнелер жазылған. Мұнда  суретші айналаны түнек басқан әлемнің шырмауынан шыққысы келіп, талпынып жатқан қазақ халқының жай-күйін астарлап жеткізеді. Сонымен қатар «Қара иттің көлеңкесі», «Қаңғыбас», «Кеңістік»  және т.б. шығармаларында, қоғамдағы әлеуметтік өктем таптың мәселелері мен шырылдаған халықтың жан айқайын қылқаламның сырымен жырлаған. Сол кезеңдегі, ел өміріне сыни көзбен қарап, тура билерден қолдау күткендей әсерлі жеткізеді.

Мальчик во дворе 60х40см. 2014г. Х.М.

Е. Жұманов «Арбаның ұзақ кеңістігі», «Түркістан-Яссауи нұры»,«Ұлы көшпенділер», «Әл-Фараби. Отырар кітапханасы», «Еділ мен Рим қасқыры. XXI ғасыр», «Кешкі қонақ», «Ана», «Әке», «Мәңгіліктің алдында», «Ақын Махамбеттің өлімі», «Азия ханым», «Ананың әруағы» т.б шоқтығы биік екі жүзге жуық шығарманың авторы. Суретшінің туындылары оның өнердегі ізденістерінің нәтижесі.

Туындылары Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде, ҚР Президентінің резиденциясында, шетелдердегі АҚШ, Франция, Германия, Түркия, Швейцария, Голландияның жеке коллекцияларында, Пекин музейлерінде (ҚХР) сақтаулы.

Метоморфический скрип колеса 120х100см. 2000г. Х.М.

Көрме 2019 ж. 3 наурызға дейін жалғасады.

Көрме жетекшісі - Гүлнұр Жұбанова