Алматыда Шәкен Аймановтың туғанына 105 жыл толуына орай шара өтті

Биыл қазақ өнерінің кемеңгер тұлғасы, майталман актер, ұлы режиссер, КСРО Халық әртісі Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың туғанына 105 жыл.
Алматыда Шәкен Аймановтың туғанына 105 жыл толуына орай шара өтті

Шәкен Айманов ұлттық театр мен кино өнерінің, ұлттық режиссураның қалыптасып, дамуы үшін бүкіл ғұмырын арнап, өлшеусіз еңбек сіңірді. Осыған орай 27 ақпан күні Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінің ұжымы қалың көрерменнің көзайымына айналған фильмдер авторының есімін ұлықтау мақсатында әрі Елбасының жолдауында айтылған «Жастар жылы» аясында кино саласында еңбек етіп жүрген үздік мамандардың басын қосып, студент жастармен кездесу ұйымдастырды.

Шараға Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінің директоры Гүлмира Мұхтарова, «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбеков, еліміздің белгілі кинорежиссерлері  Жаңабек Жетіруов, Владимир Тюлькин, Болат Нүсімбеков, кинотанушы Баубек Нөгербек және Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы "Өнертану" факультетінің "Кинотану" мен "Кинотеледраматургия" мамандандыруы бойынша білім алып жүрген студенттер, архив қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында Шәкен Айманов шығармашылығы туралы архивтегі кино-фото құжаттардан дайындалған бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ, архив қорынан жинақталған «Қазақ киносының атасы» атты фотокөрме көрермен назарына ұсынылды.