Фестивальдің басты мақсаты – театр репертуарындағы 2018-2019 жылдар аралығында саxнаға жол тартқан қойылымдарды саралай отырып, қуыршақ өнерінің қоғамға әсер-ықпалын арттырып, дәстүрлі ұлттық қуыршақтарымызды жаңғырта түсу болғаны аңғарылады. Ағымдағы жылдың 18-21 наурыз күндері аралығында көпшілікті қуантқан доданың деңгейі драма театрлары өткізіп жатқан фестивальдерден артық болмаса кемшін түспегені анық. Артистердің ізденісі мен кәсіби деңгейлерін өзара талдап қана қоймай, шетелдік мамандарды шақырып пікірін білу театр үшін дәстүрге айналған түсінік. Ендеше, ең алдымен фестиваль аясында көрсетілген бес жаңа қойылым мен арнайы шақыртылған мамандардың Қуыршақ театрының шығармашылық деңгейі хақында айтылған пікірлеріне тоқталсақ.
Аталмыш шараға қазылық етуге Ресей және Түркия елдері мен Астана қаласынан арнайы сарапшылар шақыртылған. Олардың қатарын - Ешмұратова Құралай Халекетқызы – режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Астана қалалық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі (Қазақстан Республикасы, Астана), Смирнов Кирилл Эдуардович – «Поколение» театрының қуыршақ жүргізу маманы, (Ресей Федерациясы, Санкт-Петербург), Марина Юдже – режиссер, «Tempo» қуыршақ театрының директоры және театрдың көрерменмен байланыс жөніндегі жетекшісі (Түркия, Анкара) құрады.
Фестивальдің алғашқы күні көрсетілген 18+ «Ромео мен Джульетта» (авт.: У.Шекспир, реж.: Д.Жұмабаева) қойылымынан кейін таңданысқа толы талқылау орын алды. Алдымен сөз алған Қ.Ешмұратова, бір жылдың ішінде театрдың өте жоғарғы қарқынмен өскенін, қуыршақ жүргізу ғана емес, ұжымның экперименттік қойылымдарға сәтті қадамдар жасағанын тілге тиек етті. Қуыршақ жүргізу маманы К.Смирнов әлемдік классиканы қуыршақ тілінде сөйлету жеңіс екенін, спектакльде қолданылатын бетперделерсіз (маска) де актерлердің қабілеттері жеткілікті екенін, қуыршаққа деген махаббаттары ерекше көрініп тұрғанын, күтуші роліндегі А.Байырбекова мен пірадар, Тибальт, синьор Капулетти бейнесіндегі Ш.Құлназаров ойын үлгілерінің ерекшеліктерін баса айтса, М.Юдже жалпы ұжымның, басты кейіпкерлер Ромео (Ғ.Амангелдіұлы) мен Джульеттаның (С.Төребай) бойындағы тазалық пен саф өнерге деген сезімнің ерекше әсер сыйлағанын атап өтті. Фестивальдің екінші күні театр артистерінің өзіндік жұмыстары мен балаларға арналған «Батылдар уақыты» (реж.: А.Зайцев) және «Сағыныш шөбі» (авт.: Р.Отарбаев, реж.: Р.Жаныаманов) қойылымдары сарапшылар мен көрермендер назарына ұсынылды. Биылғы маусымда жарыққа шыққан бұл қойылымдар өз көрермендерін тауып үлгергені айтылғанымен, театрдың балалар спектакльдеріне әлі де қанық бояу, жаңаша көзқарастар қосылуы керектігі айтылды. Осы күні фестивальден тыс «Ана жүрегі» қойылымы сарапшылар назарына ұсынылды. Аталмыш қойылымдарды тамашалап болғаннан кейін, режиссер, «Tempo» қуыршақ театрының директоры және театрдың көрерменмен байланыс жөніндегі жетекшісі Марина Юдже Қуыршақ театр ұжымын биылғы жыл күз мезгілінде Түркия мемлекетінің Анкара қаласында өтетін театр фестивалінде көргісі келетінін және бір емес үш бірдей театр қойылымын фестивальге қатысуға арнайы шақырды.
Шетелдік сарапшылар пікір білдіріп қана қоймай, екі күн театр артистеріне актерлік шеберлік және қуыршақ жүргізу өнері бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. «Вокал және Хор» дәрістері бойынша өзіндік жұмыстарын көрсеткен театр артистерінің жұмыстары сарапшылар тарапынан «Мен енді фонаграммаға сенбеймін» деген сөзбен қорытындыланды.
Қуыршақ театры артистері үшін өздеріне ғана емес, сарапшылар мен көрермендерге есеп беру, қуыршақ өнерінің санқырлылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған фестивальдің соңғы күні «Арман әлемі» (реж.: Н.Көшербаев) және ересектерге арналған 14+ «Медея» (авт.: Еврипид, реж.: А.Салбан) қойылымдары көрсетілді.
Сондай-ақ, фестивальдің ашылу салтанаты аясында – «Asia Doll» Қазақстан қуыршақ жасау шеберлерінің шығармашылық одағы дизайнерлік қуыршақтар мен Teddy аюларынан көрме ұйымдастырды. Үш күнге созылған қуыршақтар көрмесіне Алматы, Өскемен, Көкшетау, Тараз, Теміртау, Астана, Семей, Алтай, Бішкек, Нижний Новгород, Санкт-Петербург, Калининград, Барнаул қалаларынан ең таңдаулы деген 25 шебердің түрлі техникаларда: полимерлі балшық, тоқыма, киіз қуыршақтарынан жасалған жұмыстары қойылды. Өнер туындыларын тамашалаушылар мен сатып алушылар қатары көп болды.
Театр артистері бірнеше аталымдар бойынша марапатталып, шеберліктерін одан әрі шыңдау үшін ақшалай сыйақымен шабыттандырылды. Театрдың әрбір іс-шарасында белсенділік танытып, ақпараттық қолдау көрсетіп жүрген журналисттер де дәстүр бойынша арнайы марапаттарға ие болды. Олардың қатарында қуыршақ театрының тынысын кеңінен насихаттағаны үшін, "Қазақ" радиосының тілшісі Гүлмария Молдабергенова, "Қазақстан" Ұта "Таңшолпан" ақпаратты-сазды бағдарламасының тілшісі Жазира Елшібаева, "СТВ" телеарнасы "Бұл менің өмірім" бағдарламасының авторы Ғазиза Ұзақ, "ЛИТЕР" Республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Мира Мұстафиналар бар.
«Үздік актер» номинациясымен "Медея" (реж.: А.Салбан) қойылымындағы "Ясон", өзіндік жұмыс көрсету бойынша "Қуыршақ" моноспектакліндегі ролдері үшін Болат Момынжанов марапатталса, «Үздік актриса» номинациясымен "Медея" (реж.: А.Салбан) қойылымындағы "Медея", "Ромео мен Джульетта" қойылымындағы "Күтуші" ролдері үшін Арайлым Байырбекова марапатталды. «Үздік қуыршақ жүргізушісі» М.Камалов және А.Сақтағанова сынды театр артистеріне бұйырса, «Екінші пландағы үздік ролі үшін» Ш.Құлназаров марапатталды. «Тұсаукесер» номинациясымен «Ромео мен Джульетта» қойылымындағы рольдері үшін Ғ.Амангелдіұлы мен С.Төребай арнайы марапатқа ие болды. Сонымен қатар, өнер ордамыздың қуыршақ жасау маманы Николай Проскурин "Үздік қуыршақ жасау шебері" номинациясымен марапатталды.
Өнер жасаушылар мен оларды насихаттаушыларға шынайы жанашырлықпен қарап, театрдың өсуіне, өркендеуіне барлық қажетті жағдайды ұсынып отырған шығармашылық топ еңбегі, театр басшылығының жаңа көзқараспен, шығармашылық қарқынмен жұмыс жасауы Қуыршақ театрының тағы бір қайталанбас биік кезеңіне жол ашты. Театрдың бүгінгі репертуарлық саясатының ауқымы кең, театр фестивальдерінен жақсы нәтижемен оралып жүрген ұжымның «ҚУЫРШАҚТАР ШАҚЫРАДЫ – 2019» атты ІІ театрішілік фестивалі де кәсіби деңгейі жоғары дәрежеде өткізілді. Жаңа бағытта үзіліссіз еңбек етіп жүрген театрға қызығушылық танытып, жұмыс жасауға ұсыныс білдірген жас режиссерлер де бар. Бұл – қуыршақ театрының сахнасынан әлі талай тың дүниелер мен көрермен көңілінен шығатын қайталанбас қойылымдар көрерімізге дәлел. Сонымен қатар, жақында қуыршақ театры бірнеше шетелдік театр фестивальдеріне шақырту алды.