Аталған шараға Қазақстан, Түркия, Ресей, Индия, Моңғолия, Қырғызстан, Саха (Якутия), Тува (Тыва) Республикасы және тағы да басқа елдердің өнерпаздары қатысты. Байқау манасшылар, күй өнері, әншілік (эстрада, опера, джаз және фольклор жанры), би өнері, дизайнерлер, қолөнер шеберлері және актерлік шеберлік аталымдары бойынша өткізілді. «Тарихи жазбалар» ақын-жазушылардың талантына тағзым етіп, «Актерлік шеберлік» номинациясы бойынша көркемсөз оқудан Гран-Приді Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актрисасы Эльмира Жұмажанқызы Мақашева жеңіп алса және «Би өнері» номинациясы бойынша Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының бишілері Сұлтан Даутов, Камилла Халелова бас жүлдені иеленді. Актриса Эльмира Жұмажанқызы халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Жанпида» романынан үзінді оқып, көрермендердің көзіне жас үйіріп, өзінің талантымен, көркемсөз оқу шеберлігімен тәнті етті.
– Бұл байқау менің өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі. Себебі әр елдің мақтаныштары, кіл мықтылары арасында еліміздің намысын қорғау маған оңайға соқпады, бұл – халықаралық байқау! – дейді ҚР Мәдениет саласының үздігі, актриса, аудармашы Эльмира Мақашева.
Эльмира Жұмажанқызы қырғыз драмасын қазақ тіліне аударған. Мысалы, Ж. Өзүбекова «Толғақ» психологиялық драмасы, Б. Калячыбаева «Қоңырау» аңыз-ертегі, Н. Мұсаева «Сенімді дос ертегісі», т.б. пьесалары еліміздің театрларында сахналануда. Мәдени шара бұған дейін Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына, Әшіралі Айталиевтің 95-жылдығына, Калыйбек Жекшеновтің 65 жылдығына, Эмил Токтобековтің 55 жылдығына орай ұйымдастырылған. Айта кетерлігі, өткен жылы аталған фестивальде «Үздік дәстүрлі әнші» номинациясы бойынша Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония «Орал сазы» оркестрінің әншісі Күләш Қуанышқалиева бас жүлдені жеңіп алған болатын. Биылғы шарада ол фестивальдің құрметті қонағы ретінде қатысты.
– Фестиваль – бұл мереке! Жалпы осы іс-шараға мыңға жуық өнерпаздар қатысады, мақсатымыз әр елдің өнер адамдарын біріктіріп, таланттарды барша әлемге таныту, – дейді ұйымдастырушы, әнші Қайрат Салмакеев.