26 қыркүйекте Алматыдағы Республика сарайында "Томирис" фильмінің шығармашылық тобының қатысуымен баспасөз отырысы және картинаның тұсаукесері өтті.
Кинотуынды біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген ұлы даланың аты анызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады. Ол махаббат пен өз халқының тәуелсіздігі үшін сол замандағы ең қияметті соғыста Парсы империясының патшасы Кирмен шайқасады.
Тарихи фильмнің идея авторы Әлия Назарбаева. Фильмнің сценарий авторлары - Ақан Сатевтың барлық фильмдерінің сценарийін жазған Тимур Жақсылықов және Әлия Назарбаева. Айта кетсек, картинаның сценарийін жазуда тарих атасы Геродоттың еңбектері пайдаланылды. Туындыны түсірмес бұрын шығармашылық топ көптеген тарихи материалдармен танысып, жобаға ғалым-кеңесшілер арнайы тартылды. Картинаның түсіріліміне еліміздің алдыңғы қатардағы киногерлер қатысты, сонымен қатар, шетелдік мамандар, оның ішінде скрипт-доктор және компьютерлік графика шеберлері жұмылдырылды.
Ал сол дәуірдің бітім-болмысын дәлме дәл көрсету үшін үлкен зерттеу жұмыстары жүргізілді. Фильмдегі декорацияларды, костюмдерді, қару- жарақтарды, күйме арбаларды, ат әбзелдерін, тұрмыс заттарды және әшекей бұйымдарды «Томирис» картинасы үшін алғаш рет картинаның қоюшы суретшісі Қуат Тлеубаев бастаған суретшілер тобы жасап шықты. Оған қоса бұл фильм үшін арнайы екі декорация - Қапшағай қаласының маңында тұрғызылған "Спаргапистың ордасы» декорациясы және «Қазақфильм» территориясындағы «Вавилон» қаласы тұрғызылды. Фильмнің қоюшы операторы - Хасан Қыдыралиев.
«Томирис» фильмі көрермен назарына ұсынылып, прокатқа шығатынына қуаныштымын. Бұл жобада біз көп тер төгіп, бар күшімізді салып адал еңбек еттік. Басына түскен қиындықтарға қарамастан, өз халқының тәуелсіздігі үшін күреске түскен аты аңызға айналған Томиристің тағдыры біздің көрермендерімізге ғана емес, сондай-ақ шетелдің көрермендеріне қызық болады деп сенемін. Осы фильмнің шығуына атсалысқан идея авторы Әлия Нұрсұлтанқызына алғысымызды жеткізгіміз келеді. Батыл командамыздың жасаған жұмысы көңілдеріңізден шығады деп ойлаймын,- деді режиссер Ақан Сатаев.
Айта кетсек, осы жоба үшін республикалық көлемде кастинг ұйымдастырылған болатын. Фильмнің кастинг-директоры Жайна Әбдиева бастаған кастинг департаменті дайындық кезінде үлкен жұмыс атқарды. Томиристің рөліне көптеген үміткерлердің арасынан Альмира Тұрсын бекітілді. 15 жастағы Томиристің рөлін Салтанат Серкебаева, ал 10 жасар басты кейіпкерді Лия сомдады. Түсірілім жұмыстары басталмас бұрын барлық актерлер трюктарды қоюшы Жайдарбек Күнғожиновтың «Nomad» жаттықтыру лагерінде дайындалды. Онда олар атқа жайдақ мінуді, қару-жарақты асынып, садақ тартуды, соғыс өнерінен сауаттарын ашып, сондай-ақ басқа да әскери әрекеттерді үйренген.
Фильмге еліміздің танымал кино жұлдыздары түсті, олар: Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Байкенже Белбаев, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мурат Бисенбин, Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Асхат Үрпеков және басқалары. Кирдің рөліне Ридли Скоттың «Аспан патшалығы» (Царство небесное) фильмінде Саладин патшаның рөлі арқылы танылған холиуд актері Гасан Масуд шақырылған.