«Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері және креативтік экономика» атты симпозиум өтеді

2019 жылы 4 қазанда Ұлттық сәулет музейінде (Вашингтон, АҚШ) Смитсон институты Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің  жетекші ғалымдары мен зерттеушілері баяндама жасайтын «Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері және креативтік экономика» атты симпозиумын өткізеді. АҚШ-тағы Қазақстан Елшілігінің белсенді қолдауымен симпозиумды ұйымдастырушылар – профессор Гүлмира Кенжеболатқызы Шалабаева (Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі) және доктор Пол Майкл Тэйлор (Смитсон институты)
«Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері және креативтік экономика» атты симпозиум өтеді

Өзінің қайнарбұлағын көшпелі скиф-сақ мәдениеті мен Ұлы Жібек жолынан алатын Қазақстанның қол өнері немесе сәндік-қолданбалы өнері әлемнің ғылыми және музей қауымдастығының қызығушылығын оятады.

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қорында бірнеше буын музей қызметкерлерінің Қазақстанның түрлі өңірлері мен қазақ диаспоралары тұратын шет елдерден бірнеше ондаған жылдар бойы жинап, зерттеген қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің қомақты коллекциясы бар. Қазір Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ – түрлі каталогтар, монографиялар, мақалалар мен көркемсурет альбомдарын зерттеп, жариялайтын, Қазақстан өнерін зерттейтін алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтардың бірі.Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ әлемдегі алдыңғы қатарлы музейлердің бірі Смитсон институтымен және оның Азияның мәдени тарихын зерттеу бағдарламасымен (Smithsonian Asian Cultural History Program)  көп жылдардан бері серіктестік қатынаста. Екі музей бірнеше бірлескен жобаны табысты атқарды.

Жаңа бірлескен жоба – «Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері және креативтік экономика» симпозиумы әлемдегі қазақтың халықтық қолданбалы өнерін дамыту жөнінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы маңызды оқиға болмақ. Симпозиум Craft2Wear Show көрмесі мен Қазақстан Қолөнершілер одағының «Қазақстан: Тәңір жаны» қазақ өнері аясында өтеді. Смитсон институтының Әйелдері комитеті жыл сайын ұйымдастыратын Сәндік-қолданбалы өнер шоуы (Craft2Wear Show) беделді қолданбалы өнер алаңы болғандықтан, АҚШ пен әлемнің тамаша суретшілері мен дизайнерлерінің жұмыстарын экспозициялайды.

Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің өзекті қырлары бойынша «Қазақ кілемдері – ұлттық мәдени мұраның бірегей бөлігі» (профессор Гүлмира Шалабаева), «Қазақстан кескіндемесіндегі көшпелі өркениет образдары» (өнертану кандидаты Екатерина Резникова), «Заманауи қазақ қолданбалы өнеріндегі және дизайндағы ежелгі символдар» (баспасөз қызметінің жетекшісі Клара Исабаева) «Қазақстанның халықтық және заманауи зергерлік өнеріндегі көшпенділердің мәдени дәстүрлері» (сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің жетекшісі Гүлайым Жумабекова) және «Ұлы дала қазыналары: қазақ Тутанхамоны» (білім беру бөлімінің жетекшісі Оксана Танская). Баяндамалар Американың ғылыми қоғамдастығына да, қалың көпшілік қауымға да Ұлы дала өнерімен танысып, тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Смитсон институтының ғалымдары  Пол Майкл Тэйлор, Джаспер Во-Квозебарт, Роберт Понтсиоэн, Супамас Снитвонгзе, Иниго Акоста және Джаред Коллер қазақстандық әріптестермен пікірталасқа түсіп, сәндік-қолданбалы өнерді салыстырмалы талдаудың үлгілерін көрсетеді.

Симпозиумды ұйымдастырушы, Азияның мәдени тарихын зерттеу бағдарламасының директоры, доктор Пол Майкл Тэйлор: «Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері және креативтік экономика» халықаралық симпозиумы жаһандық перспективада Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнерін зерттеуде өздерінің ғылыми тәсілдерін салыстыруға мүмкіндік туатын Смитсон институты мен Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің жетекші ғалымдарын басын қосады» деп атап өтті.

«Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, далалықтар ежелгі дәуірде киімдер мен басқа да түрлі заттарды  жасау үшін теріден, киізден, жүн мен зығырдан әзірленген материалдарды пайдаланды. Дала өркениетінің қоршаған әлеммен және табиғатпен үйлесімі заманауи қолданбалы өнер элементтерінде де көрініс тапты, егемен Қазақстанның символдарының бірі – Барыс – осының айғағы. «Рухани жаңғыру»  бағдарламасын жүзеге асыру аясында атаулы шара Ұлы даланың дүниетанымы мен халықтық құндылықтардың, біздің бабаларымыздың тарихи шежіресінің бір бөлшегі» деді АҚШ-тағы Қазақстан Елшісі Е. Қазыханов.