«Тұран романтизімі» тақырыбы қазақ суретшілерінің тақырыпты көру сипатымен ерекшеленіп, қилы таихымыздың ең жарқын көріністерімен, сюжеттері көркем образдармен көрсетілген. Көрме ұлт-азаттық көтерілісінің қолбасшысы Оспан батыр Сіләмұлының (1899-1951) туғанына 120 жыл толуына арналған. Оспан батыр бейнесі тарихта зерттеліп, әдебиетте сомдалғанымен, бейнелеу өнерінде қозғалмаған тың тақырып. Көрме сонысымен ерекше.
«Тұран романтизмі» көрмесі 45 қатысушыны біріктіреді. Ж. Берістен, С. Тайнов, E. Садырбаев, Д. Макин, О. Қабдрахман, K. Осланов, К.Бапанова, P. Базарбаева, Б. Құсайынов, Т. Жұмағұлов, Е. Даубаев, К. Шукірбеков, А.Ғұбашев және тағы басқа да суретшілер кескіндеме, графика, мүсін және сәндік-қолданбалы өнердің 60 тан астам туындысын көрерменге ұсынады.
Біз шараға қатысушылар мен қонақтардан өткізіліп жатқан көрме жайлы қысқаша пікірін алған едік. Қатысушылар сұхбатында көркем бейне жасауда қолданған техникасы мен туындысының берер мағынасы жайында айтса, көрме қонақтары алған әсерлерімен бөлісті.
- Бұл көрменің өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Оспан батырды біздің елге қарағанда шет елдер, американдықтар көп зерттеген екен, ақпараттың бәрі сол жақтан келіп жатыр. Оспан батырдың батырлығы өз елін, жерін сүйгендігінде. Кеңес өкіметі кезінде Оспан батыр мекендеген жерден заводтар ашып уран тасмалдамақшы болған, сол кезде батыр соған кедергі болған екен. Соны мен өз шығармамда сипаттағым келді, көптеген фото материалдар қарадым. Өз жұмысымның атын соңында «Ақырғы дем» деп қойдым, еңбегімде Оспан батырдың соңғы сәті бейнеленген. Кеудесінде Оспан батыр деген жазуы бар, ары жағында ядролық қарудың жарылып жатқаны жері суреттелген. Картина салу барысында Оспан батырдың руластарымен пікірлесіп біраз ақпараттар жинадым, ақырында барлығын жинастырып осы суретті салып шықтым.
- Мен Оспан батыр атамыздың халықаралық көрмесіне “Оспан батыр” деген картинамды әкеліп отырмын. Жаркентте тұрам, сол жақта шығармашылықпен айналысам. Шығармаларымның көбі осы тарихи тақырыптар. Оспан батыр туралы көп ақпарат болған жоқ, кейінгі 4-5 жылдың ішінде ғана ол адам жайлы ести бастадық. Соңғы жылдары осы мәліметтер ашыла бастаған соң соны пайдалана отырып Оспан батырдың Алтай тауының етегіндегі үлкен бір асуда қолында дүрбісі, басында үкілі тымағы бар алысқа көз тігіп қарап тұрған бір мезетін көрсеттім.
- Бұл көрме қазақ бейнелеу өнерінің жаңа белесін айқындайтын, соған талаптанған «Turan qazaq суретшілер консолидациясы» атты қоғамдық ұйымның еңбегінің көрінісі. Оспан батыр көрмесі қазақ халқының тәуелсіздігінің арқасында болып жатқан шара, бұны мемлекеттігіміздің бір белесі деп есептеу керек. Қатысушылар саны көп, түрлі жақтан келіп қатысып жатыр. Бұл көрме болашақта да жалғасын табары сөзсіз.
- Көрме қазақ елінің өткен ғасырдағы жұлдызы Оспан батыр Сіләмұлына арналуда. Жастарға тәрбие болсын, елді, жерді қорғаған кім екенін білсін деген ниетпен ұйымдастырылып отыр бұл шара. Картиналардан бабамыздың бет-бейнесін, қару-жарақ, атын көріп қуанып жатырмыз. Мектеп тәрбиесінде де бұл тұлғалардың болғаны жайлы енгізсін, қазақ қайдан ел болғанын білсін. Ел болуымыз үшін рухани жаңғыруымыз керек, қан қозғалып, жүрек ояну керек. Сол турада бұл көрме өте жақсы ұйымдастырылды деп ойлаймын.