І Халықаралық "ABISH ALEMI" театр фестивалі өтті

Қазан айының 11-14 күндері аралығында өткен заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл толуына арналған І Халықаралық «ABISH ALEMI» театр фестивалі өз мәресіне жетті.
І Халықаралық "ABISH ALEMI" театр фестивалі өтті

Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын насихаттауға арналған сахна бәйгесі араға үш жыл салып халықарлық фестиваль дәрежесінде өтті.

Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры сахнасындағы Ә.Кекілбаев атындағы алғашқы театр фестивалі 2016 жылы желтоқсан айында, республикалық деңгейде  өткен болатын. Оған республикамыздың аймақтарынан алты және Ресейден Ноғай театры қатысқан еді. Биыл, 2019 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің құрылтайшылығымен, республика Мәдениет және спорт министрлігі мен ТҮКСОЙ-дың қолдауымен бұл фестивальге алыс-жақын елдердің театр ұжымдары бақ сынасты. Атап айтар болсақ:

  1. Ованес Абелян атындағы Ванадзор Мемлекеттік драма театры (Армения);
  2. Гейдар Алиев атындағы Тбилиси Мемлекеттік Әзірбайжан кәсіби драма театры (Грузия);
  3. Белех Савар Барбод театры (Иран);
  4. Хорезм облыстық музыкалық драма театры (Өзбекстан);
  5. Камол Худжанди атындағы музыкалық комедия театры (Тәжікстан);
  6. Стамбұл Мемлекеттік театры (Түркия);
  7. Лебап велаятының Сейитназар Сейди атындағы Мемлекеттік музыкалық драма театры (Түркменстан);
  8. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры (Қазақстан);
  9. Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры (Қазақстан);
  10. Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрлары (Қазақстан) өнер көрсетті.

Қазақстан республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен халық жазушысының 80 жылдық мерейтойы республика көлемінде лайықты атап өтілмек. Өзінің туған жерінде өтетін мерекелік шаралардың ішіндегі ең бір айтулыларының бірі де осы фестиваль болды.

Ә.Кекілбаевтың прозалық шығармаларының сахналанғаны, оның ішінде өзге тілдерге  аударылғаны тым аз болғандықтан  өзге ел театрларына биылғы фестивальге өз репертуарындағы ұлттық және классикалық қойылымдармен қатысуға рұқсат етілді.

Фестивальге  қазақ сахнасының абызы Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Оның құрамында: Әзірбайжаннан Исрафил Исрафилов, Қазақстаннан Сердеш Қажымұратов, Еркін Жуасбек, Нұркен Өтеуіл, Әділ Ахметов, Медғат Өмірәлиев сынды белгілі сахнагерлер, театр сыншылары мен қайраткерлері бар. Әділ қазылар алқасының ортақ шешімдері бойынша:

Фестиваль лауреаты – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры Әбіш Кекілбаевтың аудармасындағы Антон Чеховтың «Сүйікті менің ағатайым» драмасын үздік сахналағаны үшін марапатталды.

Фестиваль лауреаты – Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры Әбіш Кекілбаевтың «Күй» қойылымын үздік сахналағаны үшін марапатталды

Фестиваль лауреаты – Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры Уильям Шекспирдің Әбіш Кекілбаев аудармасындағы «Король Лир» трагедиясын үздік сахналағаны үшін марапатталды.

Фестиваль лауреаты – Хорезм облыстық музыкалық драма театры Юнус Юсуповтың «Ғашық Ғариб пен Шохсанам» музыкалық драмасын үздік сахналағаны үшін марапатталды.

Фестиваль лауреаты – Лебап велаятының Сейитназар Сейди атындағы Мемлекеттік музыкалық драма театры Шөкрат Машариповтың «Даяхатын» драмасын үздіксахналағаны үшін марапатталды.

Фестиваль лауреаты – Камол Худжанди атындағы музыкалық  комедия театры Ш.Бошбековтың Мольер пьесасының желісімен «Летающий лекарь» комедиясын үздіксахналағаны үшін марапатталды.

Фестиваль лауреаты – Ованес Абелян атындағы Ванадзор Мемлекеттік драма театры Габриэль Гарсиа Маркестің «Я пришла только позвонить» психологиялық драмасын үздік сахналағаны үшін марапатталды.

Фестиваль лауреаты – Стамбул Мемлекеттік театры халық аңызы желісімен «Қорқыт баба» драмасын  үздік сахналағаны үшін марапатталды.

Фестиваль лауреаты Гейдар Алиев атындағы Тбилиси Мемлекеттік Әзірбайжан кәсіби драма театры Антон Чеховтың «Аю» комедиясын үздік сахналағаны үшін марапатталды.

Фестиваль лауреаты – Белех Савар Барбод театры Уильям Шекспирдің «Король Лир» трагедиясын үздік сахналағаны үшін марапатталды.