"Алақай" қуыршақ театры кезекті рет үздіктер қатарында

Қуыршақ театры аталмыш фестивальге қазақтың халық ертегісі «Сырттандар» бойынша қойылған С.Балыковтың «Тізгініңді босат та, құстай самға» қойылымын апарған еді.
"Алақай" қуыршақ театры кезекті рет үздіктер қатарында

Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры қазан айының 19-26 аралығында Коми Республикасы, Сыктывкар қаласында өткен IV Халықаралық «В гостях у Мойдыся» қуыршақ театрлар фестивалінде бой көрсетті. Қуыршақ театры аталмыш фестивальге қазақтың халық ертегісі «Сырттандар» бойынша қойылған С.Балыковтың «Тізгініңді босат та, құстай самға» қойылымын апарған еді.

Бұл спектакль – мифтік ертегідегі бастапқы архетипті, адам жанының өз қорқыныш жеңудегі текетіресін көрсеткен режиссерлік жұмыс. Өткен заманнан бізге жеткен аңыз бойынша жас бала беймәлім дүлей күштерге қарсы келіп, бойындағы үрейді, кез болған қарсылықты қалай жеңгені баяндалады.

Ертегіге негізделген бұл спектакль әділ қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, «Үздік режиссерлік жұмыс» номинациясымен марапатталды. Және осы спектакльдегі баланың рөлі үшін театр актрисасы Салитова Әлия «Қазылар алқасының арнайы жүлдесіне» ие болды.

10-нан астам өнер ұжымы қатысқан Халықаралық фестивальде жалғыз қазақстандық ұжым «Алақай» театры болды. Ұлы даланың аңыз-ертегілеріне әлемнің ынтызары ерекше екеніне тағы көзіміз жетті.

Негізі 1985 жылы қаланған «Алақай» қуыршақ театрында осы күнге дейін 75-тен астам қойылым сахналанған болатын. Әр жыл сайын театр репертуары жаңа екі спектакльмен толығып отырады. Театр Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Болгария, Греция, Түркия, Хакасия, Тәжікстан, Сербия, Қырғызстан, Хорватия секілді мемлекеттерде өткен халықаралық фестивальдердің лауреаты, дипломанты. 2007 жылы «Кәсіби мүмкіндігі жоғары театр» атағын иеленсе, 2008 жылы ТМД елдерінің ең таңдаулы «XXI ғасыр театры» деп бағаландығын ерекше атап өту керек.