Данелия Тулешова America’s Got Talent-тің келесі айналымына жолдама алды

Данелия Тулешова America’s Got Talent-тің келесі айналымына жолдама алды

2006 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан America’s Got Talent шоуына қазақстандық жас әнші Данелия Тулешова қатысып канадалық әнші Faouziaның «Tears of Gold» әнін шырқады.

Өзін таныстыру барысында «Мен ән салғанда өзімді шынайы еркін сезінемін. Америкалық поп жұлдыз Бейонсе секілді болғым келеді, алайда ол үшін көп жұмыс істеуім керегін жақсы түсінемін. America’s Got Talent-ке қатысу менің үлкен арманым еді. Өмірімді әнсіз елестете алмаймын» деді жас талант.

Данелияның талантына тәнті болған қазылар мен көрермендер қазақстандық жұлдызға орындарынан тұрып қол соқты. America’s Got Talent әділ қазылар алқасының құрамын жобаның негізін салушы әрі продюсері Саймон Коуэлл, актриса София Вергара, Хайди Клум және әзілкеш Хоуи Мэндел құрайды. Жобаның 15-маусымы 2020 жылдың 26 мамырында басталды.

Данелия Тулешова бұған дейін ауқымды украиндық «Голос. Діти» және америкалық «World’s best» шоуына қатысып, топ жарған болатын.