Данияр Алшинов "Үздік актер" номинациясына ұсынылды

Данияр Алшинов Испаниядағы кинофестивальде "Қап-қара адам" фильмі үшін "Үздік актер" номинациясына ұсынылды.
Данияр Алшинов "Үздік актер" номинациясына ұсынылды

Әділхан Ержановтың "Қап-қара адам" фильмі Мадрид қаласында өтетін "Imagine India" кинофестивалінің негізгі конкурсында көрсетілетін болды. Бұл фестиваль 19 жыл бұрын құрылған және оның атауы Жон Леннонның аңызға айналған "Imagine" әнімен байланысты. Биылғы жылы бұл фестиваль онлайн форматта қыркүйек айының соңынан қазан айының басына дейін созылады.

— Мен Даниярдың номинацияға ілінгеніне өте қуаныштымын — себебі ол фильмнің оқиғасын, кейіпкердің психологиялық сызбасын жетектеген басты тұлға. Онсыз фильм мүмкін болмас еді, - деді Әділхан Ержанов.

Сондай-ақ, бұл Данияр Алшиновтың осы рөлді сомдағандағы алғашқы жетістігі емес. Жыл басында Алшинов Қазақстанның киносыншылар қауымдастығының жыл сайын өткізетін "Сыншылар таңдауы-2020" байқауында осы фильм үшін "Үздік ер адамның рөлі" сыйлығына ие болған.

— Бұл менің актерлік мансабымдағы алғашқы халықаралық номинация, сондықтан ол мен үшін өте маңызды. Бұл сонымен бірге Әділхан екеуміздің бірге бір бағытта қозғалып келе жатқанымыздың айқын көрінісі. Алда бізді әлі де көптеген жобалар күтіп тұр деп үміттенемін және де экранда шынымен қызықты нәрсе жасай аламыз деп сенемін, - деп Алшинов өз әсерімен бөлісті.

Ержанов картинасын Short Brothers (Қазақстан) және Arizona Productions (Франция) компанияларының қатысуымен Astana Film Fund (Қазақстан) компаниясы түсірді. Бас продюсерлері Ақан Сатаев пен Эрнар Құрмашев. Бұл драмалық триллер тергеуші Бекзаттың (Данияр Алшинов) оқиғасын баяндайды. Ол істі тезірек жабу үшін жергілікті полицейлер тауып қойған – зиянсыз Пукуар есімді азаматты (Теоман Хос) кінәлі ретінде тергеуге алады. Алайда қаладан келген журналист Ариана (Динара Бақтыбаева) іске араласып, тексеру жүргізеді. Сол себепті, Бекзатқа бұл істі өзінің тәжірибесінде алғаш рет барлық ережелерді сақтай отырып жүргізуге тура келеді…

"Қап-қара адам" фильмінің әлемдік тұсаукесері 2019 жылы 23 қыркүйекте Испанияда өтті. Картина Сан-Себастьяндағы 67-Халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасы аясында көрсетілді. 2019 жылдың қараша айында Әділхан Ержанов "Қап-қара адам" фильміндегі жұмысы үшін "Үздік режиссер" номинациясында "Asia Pacific Screen Awards - 2019" (Азиялық "Оскар") сыйлығына ие болды. 2020 жылы картина қазақстандық тәуелсіз "Сыншылардың таңдауы" кинопремиясында бірден 5 жүлдеге ие болды: "үздік драма", "үздік режиссер", "үздік ер адамның рөлі", "үздік әйел рөлі", сондай-ақ "үздік операторлық жұмыс".

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы "Қап-қара адам" Almaty Film Festival аясындағы питчиң жобаларының жеңімпазы атанған болатын. Биылғы жылдың басында картина кең қазақстандық прокатта болды.