«АСЫҚТЫ АСЫҚ ДЕМЕ, САЛМАҒЫ БОЛСА, САҚА БОЛАР». «Алтын сақа – 2023» фестивалі хақында

«АСЫҚТЫ АСЫҚ ДЕМЕ, САЛМАҒЫ БОЛСА, САҚА БОЛАР». «Алтын сақа – 2023» фестивалі хақында

Бүгінде жаңару, өсу, даму, шыңдалу, ізденіс, қызу процесс тұрғысынан ешбір өнер ұжымына дес бермей келе жатқан жүйрік театрдың соңғы екі жылдағы шабысы бәсеңдемепті. Әрине, әңгіме төркіні – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры туралы.

Фестиваль – театр ұжымдарының кәсібилігін арттырып, шабытын еселеуде, кешегі мен бүгінін саралап, ертеңге нық қадам жасауда үлкен роль атқаратын маңызды құбылыс. Оның аймақтық, республикалық, халықаралық түрлерінен бөлек, театрішілік ауқымы да орасан мәнге ие.

Тұңғыш рет театрдың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілген «Алтын сақа» фестивалі күні бүгінге дейін аталған өнер ұжымының шығармашылығын електен өткізіп келеді. пандемия салдарынан екі жыл тоқтатылып, биыл дәстүрлі V рет ұйымластырылған «Алтын сақа – 2023» театрішілік фестивалінде «Король Лир», «Қаһар», «Дилфизо мен Донада», «Оян, қалыңдық», «Ақ кеме», «Болмаған балалық шақ» спектакльдері бақ сынап, театр өз-өзіне, көрермендері мен кәсіби мамандарға есеп берді. Сәйкесінше, үздік шығармашылық жұмыстар анықталып, жүлделер лайықты иесін тапты.

Алғашқы күні көрермен назарына ұсынылған режиссер Ф.Молдағали сахналаған У.Шекспирдің «Король Лирі» – тұтастай актерлік ойынға құрылған салмақты, көлемді спектакль. Сағызбай Қарабалин бастаған актерлік құрам нағыз сахна шеберлері, дүлдүлдері екенін нақ дәлелдеді. Әсіресе, көпшілік сахнада театрдың әр буынындағы артистер жұмылғаны спектакльдің салмағын арттыра түскен.

Сахналардың бір-бірімен қабысуы көркемдік және мазмұндық мәнерден кей тұста ауытқып жатқанымен, оны сәтті жасалған бейнелер ұмыттыруға тырысып жатты. Үздік жасалған актерлік жұмыстар деп үздік сахналық серіктестік түзе білген, кейіпкерлерінің өн бойынан нағыз «жыртқыштық» қасиетін, құмарлығын айқын көрсете алған қос актриса Ақбота Рахат пен Толқын Нұрбекованың Гонерилья мен Реганасын, ирониялық мәтініне жан бітіріп (көп актердің бойында кездесе бермейтін қасиет), спектакльдің басты идеяларын мойнына арқалаған Сафуан Рысбайұлының Сайқымазағын, қай кейіпкерін болмасын ерекше органикасымен сомдайтын Мақсат Сәбитовтің Эдгарын атап айту керек. Актер Шағуан Үмбетқалиевтің Эдмундына әлі де әккілік жетіспейді, кей  тұста артылып жатады. Сонымен қатар, бойынан бекзаттық пен ақсүйектікті көрсете білген Ерден Жақсыбековтің Франция королі сахнадағы бес минуттық ғұмырында шебер сомдалған бейне ретінде жоғары бағаға лайық деп есептейміз.

Король Лир

Фестивальдің екінші күні көрсетілген «Қаһар» моноспектаклі Гүлбахрам Байбосынованы жаңа қырынан ашқан бейнесімен жаңалық болды. Ж.Ануйдың «Медеясын» интерпретациялаған режиссер Дина Жұмабай актрисамен шебер жұмыс істегенімен қатар, спектакль мазмұнына заманауи өзектендірілген өткір тақырыптарды сәтті қабыстырған. Сахнадағы әр әрекет, сценография, реквизит кейіпкер психологиясы мен сюжеттік линиясын ашып, орынды оқылып отырды. Осы аталғандардың бәрі де шебер сомдалған Медея бейнесіне үздіксіз қызмет етті. Бұл спектакль аталған фестивальде актриса Гүлбахрам Байбосыноваға «Үздік әйел бейнесін» бұйыртты.

Келесі «Дилфизо мен Донада» туындысын ресейлік қоюшы режиссер Карина Бесоловамен «R.D.S» («Режиссер.Драматург.Старт»)  жобасы табыстырған еді. Сол кезде-ақ, театрдың бір бұрышында қазір Байділдә Қалтаев атындағы кіші зал боп ашылған жерде актриса Ақбота Рахат пен Толқын Нұрбековамен бірлесе драматург Ольга Малышеваның пьесасы негізінде эскиздік жұмысын ұсынған болатын. Сол жұмысын тереңдете түскен шығармашылық топтың (О.Малышева, К.Бесолова, Д.Соболев, Ф.Бесолова) еңбегі айдан анық көрініп тұр. Бұл екі ғасырда өмірді сүрген екі әйелдің трагедиясы. Бұл – әйел проблемасы. Бұл – адамзат проблемасы. Оның бүгін, ертең деген заманы да, қазақ, ағылшын деген ұлты да жоқ екенін экрандағы семиотикалық белгілер дәлелдей түсті.

Тағы бір ерекше атап өтерлігі, бұл спектакльдің шығарушылары психологиялық театрдың жарқын үлгісін көрсетуге тырыспаған. Онысы сәтті һәм оң шешілген. Актерлік ойында «эффект отчуждения», механикалық әдістер қисынды ойластырылған. Сахнада жанын жалаңаштап кейіпкержандылық мектебін көрсетпесе де, біз сол екі тағдырды көз алдымыздан өткіздік. Бұл спектакль пафосты психологиялық ойынды жаны сүйетін қазақ актрисалары мен оларды қызғыштай қоритын көрермендер үшін емес, әрине. Десе де, терең ізденістен туған жақсы жұмыс деп бағалауға әбден лайық.

«Оян, қалыңдық!» спектаклі – театрдың кіші сахнасының тұсауын кескен сәтті туындыларының бірі. Дина Жұмабай режиссурасында дүниеге келген испандық қызуқанды, динамикалық спектакль. Драматургиялық шығармасынан бастап, режиссура, актерлік өнер, музыка, сценографиясы – бәрі көркемдік тұтастығын сақтаған тың туынды. Фестивальге қатысушы спектакльдер арасында оқ бойы оза шапқан көркемдік дәрежесі жоғары қойылым. Өзіндік атмосферасы бар, барлық қатысушы бағынған шартты («условно») заңы бар.

Мұндағы Күйеу жігіт ролін сомдаған Елдар Отарбаевты жаңа қырынан таныдық. Расында, «Үздік ер адам бейнесін» иеленген актер психологиялық шебер ойын үлгісін көрсетіп, шығармашылық әлеуетінің жоғарылығын дәлелдей алды. Спектакльдің тағы бір табысты тұсы деп актерлік ансамбльді айта кету керек. Барлық кейіпкер жанын салып, жұмыла өнер көрсетіп, ең бастысы, әркім сахнадағы өз миссиясын түсініп жүр. Жалпы, «Оян, қалыңдықты» шығармашылық ұжымның табысты, сәтті, көркемдік дәрежесі жоғары жұмысы деп айтсақ, қателеспейміз.

«Ақ кеме» спектаклі – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының бағытына нақ келетін туынды. Суреткер Дина Жұмабай Ш.Айтматовтың бірнеше шығармасын режиссурада игеріп, сахнаға лайықтауда шеберлігін танытып жүргені айқын. Терең философияға толы шығарма сахнада өзіндік стилистикасын нақ тапқан. Мұнда актер Қадырғазы Қуандықов пен жас актер Рахат Жұмахановтың сахналық серіктестігі жарасымды үйлесім тапқан. Биылғы маусымда ғана театр труппасына қосылған жас, дарынды актер Рахат өзінің әлеуетін көрсетіп үлгергені қуантады.

Расында да, о баста балалар спектаклінің фестивалі боп бастау алған «Алтын сақа» бағдарламасын түрлі жанр, тақырып, мазмұн мен формадағы мәнді қойылымдар толықтырып, балалармен қоса жасөспірімдерге, жастарға арналған қойылымдар театрдың көркін қыздыра түсті. Иә, дәл осы миссияны арқалаған театр репертуарында жасөспірімдерге арналған жақсы спектакльдер тапшылығы орын алып жатқандығы жанымызға батады. Дегенмен, Фархад Молдағали көркемдік жетекшілік еткен жылдардан бастап Талғат Есеналиев басқарып отырған театр ұжымы бұл мәселеге білек сыбана кіріскенге ұқсайды. Оның айқын дәлелі – «Болмаған балалық шақ».

Күні кеше премьерасы аталып өткен ақын, жазушы Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» повесінің негізінде режиссер Фархад Молдағали сахналаған спектакль фестивальдің шымылдығын жапты. Сахнадан бала Ақбереннің кішкентай жүрегіндегі үлкен әлемді көреміз. Жанына тағдыр салған жарасы, мұңлы күлкісі бар сүйкімді балақайдың қайсар мінезі, аппақ көңілі, нәзік сезімі, кеудедегі шері мен алаңсыз болмысын Жақсылық Тұрлығазы шебер сомдаған. Ол тұңғыш үлкен роліне қадамын сәтті жасап, көптің жоғары бағасын алғаны үшін «Үздік дебютті» иемденді. Сонымен қатар, театр сахнасында жиі кездестіре бермейтін актриса Мөлдір Қонысқызына спектакльдегі анадан қалған екеудің бауырмалдығын анық сездіре алған Маржан бейнесі үшін «Үздік эпизодтық роль» бұйырды.

Осылайша, үздік шығармашылық жұмыстарды анықтауда, ең бастысы, спектакльдері арқылы театрдың даму бағытын нақтылай білген фестиваль бізбен қош айтысты. Фестивальдің жабылу салтанаты да ностальгия кешіне айналып, театрдың корифейлері – Мұхтар Бақтыгереев, Кененбай Қожа­беков, Райымбек Сейтіметов, Атагелді Смайылов, Аққағаз Мәмбетова, Бибиза Құланбаева, Жамал Бектасова, Роза Әшірбековалардың шығармашылығы мен өмірін қарапайым әңгіме барысында еске алды. Дайындалған пафосты мәтінсіз. Театрдың ақсақалдары сахнаны айнала отырып, өткеннің қылын рахаттана шертті. Біз де рахатта тыңдадық. Фестиваль – қашанда мереке. Және ол дәл осындай берекелі мереке болуы тиіс.

Халқымыздың «Асықты асық деме, салмағы болса, сақа болар» дегенінде үлкен мән жатыр. Балалар мен жасөспірімдер театры бүгінде өзге де академиялық ұлттық драма театрлармен тең түсіп, алшысынан түскен сақаға айналды. Олардың бүгінгі қарқыны, даму үдерісі – сахнагерлердің үздігі жиылған ұжымның алтын ғасырын кешуде. Оның әр табысты туындысына бір кісідей біз де қуанамыз. Рахмет, «Алтын сақа!»


Тұрмағанбет Жансая

Театртанушы