Өзбекстанда «Жібек жолының інжу-маржаны» кинофестивалі аяқталды. Әлемдік деңгейдегі жұлдыздар Сами Насери, Эмир Кустурица, Кевин Спейси кештің құрметті қонақтары болды.
Жабылу салтанаты Самарқандтың тарихи-этнографиялық «Мәңгілік қаласында» өтті.
Кинофестивальдің бес күнінде көрермендер 40 түрлі картинаны тамашалады. Сонымен қатар 60-тан астам шеберлік сыныптар мен тренингтерге қатысты. Эмир Кустурица, Александр Сокуров, Фредерик Дифенталь, Сами Насери, Кевин Спейси, Алексей Учитель, Владимир Хотиненко сынды шеберлер тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара барысында Орталық Азия елдерінің кинематографы арасында өткен байқаудың нәтижелері жарияланды. Қазақстандық «Ағайынды» фильмі «Үздік режиссураны» иемденсе, Максим Акбаровтың «Дала» фильмі «Үздік дебют» номинациясында жеңіске жетті. Әділхан Ержановтың «Адемоканың оқуы» Қазылар алқасының арнайы жүлдесімен марапатталды. «Үздік ер адам рөлін» Дастан Айбек (Қырғызстан), «Үздік әйел адам рөлін» Талайқан Абазова иемденді. Фестивальдің «Үздік фильм» атағы Шокир Холиқовтың «Жексенбі» фильміне бұйырды.
Салтанатты іс-шарада фестиваль президенті Фирдавс Абдыхалиқов Кинематографқа қосқан үлесі үшін Ресейдің белгілі режиссері Александр Сокуров, Гүржістандық режиссер Ираклий Квирикадзе және италиялық Пьетро Марчеллоны марапаттады. Өзбекстандық кинорежиссер Сахисалис Байрамов Түрксойдың арнайы марапаттын алса, Ақтан Арым Құбат Кинематографистер одағының Алтын Тұлпар сыйлығына ие болды. Өзбек киносының дамуына үлесін қосқан үшін Ақбар Бектұрлиев марапатталды.
Фестиваль үш жыл бұрын президент Шавкат Мирзиеевтің бастамасымен қайта жанданды. Аталмыш фестиваль бүкіл Орталық Азиядағы киноиндустрияның дамуына жақсы серпін болды.