Айгерім ЕСПЕНОВА
өнертанушы
Қаңтар айының 18 күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының ұйымдастыруымен жас суретшілердің «100х100. Мен - заманымның куәгерімін» атты көрмесі ашылды. Көрмеде 50-ге жуық кескіндеме, графика және кәсіби қолөнер туындылары қойылды. Көрменің ерекшелігі барлық туындылардың көлемі 100х100, ал тақырыптық композиция заманауи көзқараста. Көрмедегі туындылардың барлығы бояуы кеппеген жаңа туындылар десек болады. Жастардың көрмеге арнайы дайындалғаны, тақырыппен жұмыс жасағаны айқын көрінеді. 100х100 көлемде арнайы осы көрмеге арналып орындалған жастардың шығармаларының ішінен қазіргі таңдағы қоғамға, адамға, өмірге деген көзқарастарын әр автор толығымен жеткізуге тырысқан.
Көрмеге қатысушы жас суретшілер қатарында Крылова К., Сұлтан Аманжол, Али Закир, Бекназаров Д., Нұрғожаев А., Жексенбиева М., Мамыт А., Сейсенханұлы Б., Мұратова Г., Хайдарова А., Мұстафаев А., Тұрғын А., Сейдақұл А., Омарова А., Танаев Е., Үсенбаев Д., Жүргенов Ә. тағы басқалары болды.
Жас суретшілер "өз заманымның куәгерімін" деп ерекше композициялық идеяларын еркін берген. Көрермен қауым да осы заман куәгері ретінде әрбір туындымен жеке-жеке үндестік тауып, өз заманының куәгері ретінде сұрағына жауап табады. Демек, шығарманы орындаған автор мен көрермен арасындағы байланыс туындайды. Бұл көрменің жетістігі деп айтуға болатын жағдай.