Алматы қаласының Орталық Мұрағатының ұйымдастыруымен қазақ театры сынының хас шебері, ҚР Мемлекеттік және Тәуелсіз Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры Әшірбек Сығайдың 70-ке толуына орай келелі еске алу жиыны өтті. Кездесуге Д.Исабеков, Т.Медетбек, Ә.Бөпежанова, Н.Оразалин, Ғ.Жайлыбай, Т.Тасыбекова, Т.Жылкелдиев, И.Сапарбай, З.Асабаев, А.Құлбаев сынды т.б. замандастары мен құрдастары, өнердегі әріптестері келіп, әдемі естеліктерімен бөлісті.
Мұрағат қызметкерлері Ә. Сығайдың жеке мұрағатынан алынған фото құжаттар мен спектакльдердің әртүрлі афишаларын, ағаның афоризм сөздері ілінген арнайы көрмені ұсынды. Көрмедегі әр афиша өзінше бір тарихтан сыр шертеді. «Ғалымның өзі өлсе де, хаты өлмейді» деген осы болар.
Көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығайдың 70-ке толған мерейтойын республикалық деңгейде атап өту биылғы жылдың күзіне жоспарланып отыр екен.
Ақмоншақ АХМЕТ