Алатауға қазақ дәстүрлі музыкасы жиналуда

30-қаңтардан бастап, XXVIII бүкіл әлемдік Универсиада қарсаңында "Алатау" дәстүрлі өнер театрында қазақ дәстүрлі музыкасының концерттері өтеді.
Алатауға қазақ дәстүрлі музыкасы жиналуда

Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен "Алатау" дәстүрлі өнер театрында қаңтардың 30-жұлдызы мен ақпан айының 7-сі аралығында қазақ дәстүрлі музыкасының концерттік кештері өтеді. Тоғыз күн ішінде Алтай-Тарбағатай өңірінің дәстүрлі музыкасынан бастап, Арқаның, Сыр өңірінің, Батыс Қазақстан өңірінің дәстүрлі әніне сала кеп, дәстүрлі ән майталмандары - Нұржан Жанпейісов пен Еркін Шүкіманның және күйші Батыржан Мықтыбаевтың шығармашылық кештері әр күні тыңдарман құлағының құрышын қандырмақ.

Концертік кештердің ұйымдастырылуының басты себептерінің бірі - үлкен мереке барысында халқымыздың қоңыр әуені мен сырлы күйін ел арасында дәріптеу және қазақ халқының ежелден келе жатқан қонақ күту салтының сипаты іспетті, әртүрлі елдерден жиналған спортшылар мен олардың жанкүйерлеріне ерекше жылылықпен жайылған құшағын көрсетіп, қазақ мәдениетімен барынша кең таныстыру.