Биыл Қазақ елінің мақтанышы, күй өнеріне өлшеусіз үлес қосқан дархан дарын иесі, күйші, композитор, ұстаз, Қазақстанның Халық әртісі Мағауия Хамзиннің туғанына 90 жыл. Осыған орай Алматыда білім және мәдениет мекемелерінің бірлесе ұйымдастыруымен кең ауқымды мерейтойлық іс-шаралар өткізілмек. Атап айтар болсақ:
- 30-наурыз, 10:00-де Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Мағауия Хамзиннің шәкірті Сауле Қаниеваның шеберлік дәрісі;
- 14:00-де "Дәулескерлік дәстүрдің дарабозы" тақырыбында дөңгелек үстел, "Шертпе күйдің шебері – Мағауия" атты күй кеші өтеді.
- 31-наурыз, 14:00-де Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінде ҚР мәдениет қайраткері, күйші, ұстаз Мұрат Әбуғазының "Қоңыр күйдің Қоңырқазы" атты ашық сабағы өтеді.
- Мерейтойлық шара түстен кейін Ықылас атындағы Республикалық халық музыкалық аспаптар мұражайында "Күй майталманы – Мағауия" атты салтанатты концерттік бағдарламамен түйінделеді.
Сонымен қатар, дөңгелек үстел аясында Мағауия Хамзиннің орындауындағы күйлер мен шығармалардан тұратын "Қоңырқаз" атты CD жинағының және ҚР еңбек сіңірген артисі, "Дәстүрлі музыкалық өнер" кафедрасының меңгерушісі, доцент Рамазан Стамғазиевтің "Домбырамен ән айту мектебі" атты кітабының тұсаукесері болады.
Мағауия Хамзин – домбырашы, композитор-күйші, Қазақстанның халық артисі. 1927 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында туған. Алматы музыкалық училищесін бітірген. Мағауияға домбырашылық өнер үлкен атасы Әшімтайдан, өз әкесі Хамзадан мұра болып дарыған екен. Әшімтайдың "Қоңырқаз" күйін кезінде Хамза шерткен. Әкеден үйренген бұл күйді өнерлі күйші Мағауия да тартып кеткен. Баласының тума дарынының кем еместігін білген әке оны қамқорлыққа алып, сол төңіректегі Аққыз, Сатан күйшілердің ізімен өнерге баулиды. Өз бетімен ізденіп, ел ішіндегі атақты күйші Аққыз әжеге жиі барып, болашағына бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие алады.
1954-59 жылдары Мағауия Балқаш қаласының Мәдениет сарайының жанында ұлт аспаптарынан музыкалық оркестр ұйымдастырып, Москеуде өткен Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестиваліне қатысады. Осының алдында, бұл оркестр Республикалық конкурстың лауреаты атағын алады.
Мағауия Хамзин 1961 жылы жаңадан құрылған Қазақтың Мемлекеттік "Қазақконцерт" бірлестігіне жұмысқа орналасады. Шертпе күйдің шебері М.Хамзин өнер саңлақтары Жүсіпбек Елебеков, Шара Жиенқұлова, Роза Бағлановалармен бірге республикамыздың түкпір-түкпірінде өнер көрсетеді.
1966 жылы Мағауия Хамзин өнердегі ерен еңбегі үшін, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі атанып, 1979 жылы Қазақ КСР-інің халық артисі деген атаққа ие болды.
Шертпе күйдің ғажайып үлгілерін, сондай-ақ батыстың классикалық музыкасымен халықтық өнерді ерекше байланыстырған виртуоз домбырашы. Моцарттың, Брамстың, Рахманиновтың классикалық шығармаларын тұңғыш рет домбырада орындаушы. Сонымен бірге, Индия, Полъша, Латвия, Қытай, Сирия, Монғолия, Германия, Венгрия, Канада сияқты шетелдік көрермендерінің алдында өнер көрсеткен.
Сонымен қатар, М.Хамзин өз жанынан "Белгісіз солдат", "Қос басар 1-2 түрі, Косманавтар", "Жайлау", "Жарыс", "Жас қазақ" тағы басқа көптеген күйлер шығарды. Абайдың төрт әніне және үнді халық әндеріне попурилер жазған.
1988 жылы "Қазақконцерт" бірлестігінен құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін, Мағауия Хамзин туған жері Балқашқа келіп, өзінің өнер мектебін ашып, көптеген шәкірттер тәрбиеледі.
Хамзин репертуарында Тәттімбеттің "Саржайлау" күйі, Тоқаның, Дайрабайдың, Аққыз бен Қазақстанның басқа халық композиторлардың күйлері бар.
Мағауияның бүгінгі күнгі тақырыптарды арқау еткен, мазмұнды күйлері шертпе күйдің үздік үлгілері қатарында тұрады. Мағауия Хамзин өзінің көпқырлы сан-салалы күйшілік таланты арқылы отандық музыкалық мәдениетіміздің тарихына өлшеусіз үлес қосты. Ол халқымыздың күй өнерінің сөнбейтін жарық жұлдызына айналып, оның атақ-даңқын биікке көтерген өнер тарланы.
Ұйымдастырушылар: Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, "Дәстүрлі музыкалық өнер" кафедрасы. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайы. Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі.