Жақында қазақтың талантты қыздарының бірі Мақпал Жұмабай "Мақпал шер" атты жыр жинағы мен CD дискісін шығарып, оның алғашқы легі оқырман қауымға жол тартып үлгерген болатын.
23-мамыр күні сағат 16:00-де Алматы қаласында "Мақпал шердің" тұсаукесер кеші өтеді (Coworking HUB "Алатау Гранд", 6-қабат). Кездесуді ақын Есей Жеңісұлы жүргізеді.
Кездесу Мақпалдың мақамды жырларын орындауымен, пікірлесу және ой бөлісумен жалғаспақ.
- Мақпал Жұмабай – ақын. Оның "Ана" атты өлеңін жақсы көрмейтін қазақ жоқ. "Мақпал шерге" дейін "Қырандар мен қазақтар" деген кітабы жарық көрген.
- Мақпал – әнші. Ол өзінің өлеңдерін оқымайды, орындайды. Оның мақамды жырларын естіген жұрт "құлағымызға алыстан талып қобыздың үні келгендей болады" деп баға береді.
- Мақпал – суретші. Ол өзінің "Мақпал шеріне" сурет салдыру үшін үш иллюстратормен жұмыс істейді. Алайда, олардың салған суреттері көңілінен шықпай, ақыры өзі сурет курсына қатысып, кітабының барлық суреттерін салып шығады.
- Мақпал – гитарашы. Ол мақамды жырларын гитарамен өзі сүйемелдейді.
- Мақпал – журналист. Ол алғашқы еңбек жолын 2003 жылдары "Ана тілі" газетінде, "Қазақстан", "Балапан" телеарналарында журналистік қызмет атқарған.
- Мақпал – әдеби менеджер. Ол – бүгінде Қазақстанның ашық кітапханасы Kitap.kz сайтының бас редакторы әрі ұйымдастырушысы.
Дереккөз