8-маусым, сағат 18:30-да Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Қазақстанның халық әртісі Бәйтен Омаровтың 90 жылдығына арналған еске алу кеші өтеді.
Қазақ кәсіби театрының негізін қалаған Ж.Шанин, А.Тоқпанов, Ә.Мәмбетовтер сынды алыптардың қатарын толықтырған қайраткер, қазақ-орыс театрларында жүзден аса спектакльдер қойып, кино саласына да тыңнан түрен салған біртуар тұлға, ұлағатты ұстаз, Қазақстанның xалық әртісі – Бәйтен Омаровтың туғанына биыл 90 жыл.
Бәйтен Омаров - 1948 жылы Алматы қаласындағы киноактерлер мектебін, 1954 жылы Ташкент мемлекеттік театр-көркемсурет институтын (жетекшісі И.В. Радун) бітірді. Режиссерлік өнер жолын 1953 жылы тұңғыш рет Н.В. Гогольдің “Үйлену” комедиясын (қазіргі Атырау облысы драма театрында) қоюдан бастады. 1954 – 1989 жылы Семей облысы драма театрында, Ұйғыр мемлекеттік музыкалы комедия театрында, Қазақконцертте, Талдықорған облысы драма театрында бас режиссер болды. Ол А.Қаһардың “Ауру тістер”, М.Әуезовтің “Еңлік – Кебек”, “Қарагөз”, Ғ.Мүсіреповтің “Ақан сері – Ақтоқты”, Назым Хикметтің “Махаббат туралы аңыз”, Гогольдің “Ревизор”, Ә.Тәжібаевтың “Майра”, Қ.Мұхамеджановтың “Бөлтірік бөрік астында”, Ш.Айтматовтың “Жәмилә” (“Махаббат жолы”), т.б. спектакльдерді сахнаға сәтті шығарды. 1972 жылдан киноға түсіп, Бадмаев (“Жанталас”, 1972), Ақан (“Даладағы қуғын”), Бекбосынов (“Қосымша сауалдар”, екеуі де 1979), Генерал-губернатор (“Жылан жылында”, 1981) Махмұтов (“Алаң шетінде”, 1982), т.б. рөлдерді сомдады.