Астанада XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді

22-28 шілде аралығында Астанада Орта Азиядағы орасан зор кинофорум болып саналатын XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді
Астанада XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді

Осымен 13-ші рет өтетін Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің бағдарламасына әлем бойынша 2016-2017 жылдары жарық көрген үздік авторлық және жанрлық кинотуындылар енген.

Қазылар алқасының назарына 296 толық және қысқаметрлі фильм ұсынылады. Олардың ішінен 101 фильм фестивальдің негізгі бағдарламасында таныстырылса, 19-ы әлем бойынша алғаш рет көрсетіледі. Қазақстандық туындылардың ішінен фестивальге белгілі кинорежиссер Сәбит Құрманбековтің «Оралман» картинасы қатысады.

«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық  көрмесінің тұжырымдамасымен үндес «Мәдениеттер көпірі» тақырыбында өтетін байқауда кинематография саласындағы Ұлттық «Тұлпар» жүлдесін табыстау үшін Қазақстан, Орталық Азия және түркітілдес халықтар фильмдерінің көрсетілімдері болады.

Сондай-ақ, XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің  аясында алғаш рет ТМД, Шығыс (Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея) және Батыс (Европа, Америка) елдерінің фильм сатушылары мен сатып алушыларының қатысуымен өтетін «Eurasia Film Market» дәстүрлі бизнес-алаңы киножобалар питчингтерін, дөңгелек үстелдерін, баспасөз-конференцияларын, шеберлік-сағаттарын және арнайы іс-шараларын ұсынады.

Николас Кейдж, Джон Малкович, Эдриен Броуди қатарлы есімдері әлемге әйгілі кино жұлдыздары бір аптаға созылатын фестивальдің сыйлы қонақтары болмақ.

2012 жылы Ұлыбританиялық «International Film Guide»  басылымы «Еуразия» кинофестивалін әлемдегі ең беделді 35 байқаудың тізіміне кіргізген болатын.